Басты бет » Тарих » Қобдадан шыққан хазіреттер

Қобдадан шыққан хазіреттер

Кешегі бір күндері тыңгерлердің келуімен орыстанып кетті дегенімен, Қобда өңірі қашаннан қазақылығын сақтаған, иманды ісінен айырылмаған, үлгі көрсетер хазірет, дінбасылары болған аумақ. Біз бүгін елге танылған, алайда кеңестік заманның теперішін көріп, қысымға ұшыраса да, халық құрметінен тыс қалмаған төрт хазірет туралы әңгімелемекпіз.

Олардың салдырған мешіттерінің орны әлі күнге дейін сақталған, діни тағылымдары елдің жүргінде, халықтың санасында.    

Жұмағұл хазірет БАЙШУАҚҰЛЫ 1858 жылы Тамды болыстығына қарасты №3 ауылда, Қызылшаң мекенінде дүниеге келген. Бұхарада діни білім алған, парсы тілінен бастап, басқа да бірсыпыра тілдерде еркін сөйлеген.

1906 жылы Ресейдің І Думасына депутаттар сайлауына дауыс беруге әрбір қазақ болыстығынан екі адамнан жіберуге шешім қабылданады. Қобда болыстығынан бұл мәртебеге Жұмағұл хазірет пен Бекбан хазірет ие болады. Ресейде  1906 жылғы өткен екінші сайлау бойынша жинақталған іс қағаздарында Жұмағұл Байшуақов 48 жаста деп көрсетілген.

Жұмағұл хазірет діни қайраткер ретінде қуғынға ұшыраған, 1934 жылы өмірден өткен.

Негізінде хазірет Жұмағұл Байшуақов Ұлы Қобда өңіріне танымал діни қызметкер болып, имандылық істі таратуға көп көңіл бөлген. Бұл — ел аузында, халық жадында қалыптасқан ұғым.

Ол Тамды болысы, Қызылшаң елді мекенінің №3 ауылында мешіт салдыртып, сол маңдағы елдің балаларын оқытқан. Қобда өңірінде Жұмағұл хазірет ұстаған мешіттің қабырғасы ғана сақталған.

Жұмағұл хазірет заманында белгілі дін қайраткері ретінде танылған. Тіпті атақ-даңқы алты алашқа әйгілі болған. Әкесі Байшуақ патша тұсында әйгілі адам болған. Бір деректерде Досжан хазіреттің алдын көріп, тәлім-тәрбие алғандығы айтылады. Дін Исламның нәрін жүрекке, нұрын жүзіне құйған Жұмағұл ахун діни жоғары оқуларын тамамдап, діни білімі мен тәжірибесі жоғары бағаланып, оған ахун атағы берілген.

1914-16 жылдары Ақтөбе уезі, Тамды болысындағы №3 ауылда, Қызылшаң елді мекенінде Жұмағұл ахун мешіті болғандығы туралы тізімде «сыйыну үйі» деп көрсетіледі.

Мемлекеттік қайраткер, Алаш партиясының мүшесі Ескендір Көпжасаров 1930 жылдары Жұмағұл Байшуақовпен бірге жүріп, өздеріне жақын туысқан боп келетін менің атам Нұрғали Бітіковтің үйінде де болған. Ол кезде біздің атамыз Нұрғали 28 жаста екен. Жұмағұл Байшуақовқа туысқан боп келетін Кәрімберген Сарқұлов жасынан Жұмағұл хазіреттің атқосшысы болып, қасында жүрген. Бұхарда білім алып, кейін Қобда ауданы, Өтешсай елді мекенінен мешіт ашып, бала оқытқан.

Жұмағұл Байшуақов 76 жасында қайтыс болған. Мәңгілік мекені Қобда ауданы Өлетті қорымында. Басында бұлағы бар.

Сағидолла ишан-хазірет Жұмағұлұлы БАЙШУАҚОВ 1876 жылы дүниеге келген. Әуелі Бұхарада, сосын Уфада діни білім алған, бірнеше тіл білген.

Кеңестік заманда қуғын-сүргінге ұшырап, біраз уақыт тәжік жерінде тұрған, аудан көлемінде имам болып, халықтың құрметіне бөленген.

Алға ауданындағы Көлтабан деген жерде мешіт-медресе ұстаған, осында шәкірттерге дәріс берген.

Сағидолла ірі денелі, аққұба, жүрген жүрісі, киген киімі өзгелерге үлгі болатындай, жүзінен имандылық лебі есіп тұрған кісі болған.

Сағидолланың баласы Хұсайын қазір Ақтөбе қаласында тұрады, ішкі істер қызметінің ардагері. Хұсайын ағаның естелігінен:

— Менің әкем Сағидолла өкіметтен қысымшылық көріп, Башқұрт жерін паналайды. Мен ол кезде бесікте екенмін. Сол аласапыран кезеңде апамыз Сағира мен ағамыз Шүкіралыны балалар үйіне аз уақытқа тапсырып, кейін таба алмай қалады. Анам Сапура сол балаларын ойлап, қайғырып қайтыс болады. Әкем кейін Сәбира анамызға үйленген.

Әкей мал ұстап, елдің малын бағып, бақташы болған. Ол жаққа қуғындау хабары келген кезде башқұрт ағайындар «Біз сізді қуғындауға бермейміз. Ешқайда жібермейміз!» дегенмен тыныш өмір болмайды. Содан теміржол бойындағы паровоз машинистерімен  хабарласып, Тәжікстанға ертерек кеткен ағаларының соңынан жетеді. Ленинабадқа жақын жердегі Калинин атындағы колхозға қоныстанып, мешітте имам болды. Ел-халық қалтқысыз сыйлады…

Тәжік жерінде олардың тұрмыс-тіршілігі жаман болмайды. Бау-бақшалы еңселі үйге қоныстанады. Сағидолла ишан мешітте бір жағынан шәкірт тәрбиеледі. Жас балаларды сүндетке отырғызады. Емшілікпен де айналысады. Оның үйіне науқас адамдар келіп, ішірткі дұға жазғызып, кітап аштырып, дем салдыртатын болған. Ол Құран кітаптарын қастерлеп жинайды.

Хұсайын аға өз естелігінде 1957 жылғы бір жайды тебіреніп айтады. Сол уақытта Сағидолла ишанды Қазақстаннан замандастары Бисен хазірет, Кәрімберген хазірет арнайы іздеп келеді. Олар уақытында Бұхарада бірге оқып, елді имандылыққа ұйытқан. Олардың да кейінгі өмір жолдары қиыншылықпен өтіп, бірі Сібірде айдауда болып, одан ақталып, енді ес жиған кездері екен.

Көптен көріспеген  хазіреттер сағынысып көріседі. Балалары естелік болсын деп үш атаны  суретке түсіріп алады. Қонақтар ел аралап, жер танып дегендей бір жасап қалды.

Осы жай туралы Бисен хазіреттің немересі Жібек Османғалиқызы былай деп естелік жазыпты: «1956 жылы сол алыс сапардан (айдаудан) оралған соң атамыз  Бисен хазірет ағайын-туысты жиі іздеп, халық арасына еркін сіңіп кетті. Орынбор, Ақтөбе облыстарындағы туыстар жиі іздеп келіп, өзі де туыс аралайтын. 1957 жылы замандасы Кәрімберген Сарқұлов екеуі  Өзбекстанға баруды мақсат етті. Ақбұлақ вокзалынан  Покровка ауылында тұратын інісі Ықсанқызы Гүлбарам апайға пойызға билет алғызып,  Бұхараға сапарға аттанған. Бір кездері Өзбекстандағы өздерінің білім алған жерін айға жуық аралайды. Сол кезде өздері аға деп құрметтейтін Сағидолла Жұмағұлұлына қонаққа барады. Ол кісі Тәжікстанның Душанбе (Ленинабад атанған) қаласына жақын Калинин атындағы колхозда тұрады. «Аға, сізді сағынып, аңсап келдік. Бәріміз де Бұхарада оқып, білім алдық қой» деп, хазіреттер дидарласып, демалып, апта бойы сол елде болады. Сол кезде естелік ретінде үшеуі суретке түскен».

Сағидолланың баласы Хұсайынның өзі әуелі өзбек мектебінде, сосын тәжікше оқиды. Одан әрі орыс мектебіне барады. 1962 жылы әскер қатарына  алынып, Түрікменстанның Мары қаласында әскери міндетін өтейді.

Ол кезде әкесі Сағидолла ишан Қазақстанға көшіп келген, қартайған шағы. Заман тынышталған соң елге келіп, Ақтөбе қаласының орталық көшелерінің бірінен үй алған. Атажұртқа жетуді армандап, «өзге ел, басқа ғұрып, басқа ұлт» дегендей, баласын тәжік елінің қыздарына үйлендірмейді.

Сағидолла ишан 1964 жылы қайтыс болып, өзінің өсиеті бойынша әкесі Жұмағұлдың мешітіне жерленді. Баласы Хұсайын әскерден оралған соң Ақтөбе қалалық ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасып, абыройлы қызмет атқарады.

Хұсайын бүгінде әкесінің айтқан болжамдарын еске түсіреді. «Күндердің күнінде осы үкіметке  де бір зауал  болар. Мешіттер  қайта қалпына келтірілер» деген екен ақсақал. Хұсайынның өзі 2004 жылдан бастап қатарынан үш жыл қажылық сапарда болыпты.

Кәрімберген хазірет САРҚҰЛҰЛЫ 1886 жылы дүниеге келген. Бұхарада діни білім алған. Өтешсайда мешіт ұстаған, жас буынға діни дәріс берген. Қазір мешіттің орны ғана бар.

Кәрімберген хазірет кеңестік заманда қуғын-сүргінге ұшырап, Сібірде айдауда болған.

Кәрімбергеннің баласы Сағат Ұлы Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен, қызы Қатима әкесін ақтық сапарына арулап жөнелтіп, басына ескерткіш қойған.

Кәрімберген хазірет аруақты адам болған. Көріпкелдігі болған, өзінің ұрпағын қорғап, жақсы жолда жүруіне бағыттап отырады.

Атасы Бәсібек Байғотанұлы — Жоламан Қарабатыр ұлының серіктесі. Ол  Қобда ауданы Өтешсай елді мекенінде туып, өмір кешкен. Әулие, көріпкел болған, емшілікпен айналысқан. Жасынан елге танымал Жұмағұл хазіретпен ауылдас, туысқан болып, атқосшылығын алып жүреді. Діни  имам. Өтешсай ауылында мешіт ашып, ересектерге діни білім берген. Бойына дін дарыған, аруақ қонған, тылсым киесі бар аруақты жан болған. Сталиндік репрессия кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған. Дүние мүлкін кәмпескелеп, өзі «халық жауы» деген желеумен істі болған.

Ақтөбе  түрмесінде отырған  кезде, ол кісі отырған темір тордың есігі құлыптанбаған. Есік өз-өзінен сырт етіп ашылып тұрғанынан сескеніп, күзетшілер бес уақыт намаз оқып отыруына қарсы болмаған. Үкім шыққан соң, итжеккенге айдалған. Сібір ормандарында жазасын өтеушілер ағаш кесумен айналысқан. Ол кісінің бойындағы қасиетті байқап, түрме қызметкерлері «Айнала батпақ. Қалың орманды Тайгада қайда барар дейсің?» деп еркіне жіберген. Қалың ұшы-қиыры жоқ орманда қарағай ағаштарын кесіп, құлатумен айналысқан. Әр жұмыс күніндегі берілген міндеттемені орындау мөлшерінде азық-түлік беріліп отырған. Солай өздерін аман сақтаған.

Ол айналасындағы адамдарға жанашырлықпен қарайды. Бірде айдауда өз міндетін орындай алмай, аш-арық жүрген жерлес жігіттің әлжуаз түрін байқайды. Жағдайын ұғып, қасына қамқорлыққа алады. Балтасын қайратып, қасынан қалдырмай, биік қарағайды бұтақтарынан тазартуды тапсырады. Өзі көз ілеспес жылдамдықпен сол биік бөренелерді құлатып отырған. Кейін елге оралған соң, сол адам Қобда ауданының Победа ауылында тұрып, айналасындағыларға атайдың сол бойындағы қасиетін баяндап отырған.

Кәрімберген Сарқұлов өмірінің 10 жылын айдауда өткізіп, елге оралған. Кейін ақталған.

Ел жұрт діни атағы болса да, енді өз бетінше еркін уағыз тарата алмағанмен, бойындағы тылсым киесі барын байқайды. Көріпкел, болжампаз ақсақал ғұлама даналығымен елінің ардақтысы болған.

Жалғыз ұлы Сағат Кәрімбергенұлы Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен. Қызы Қатимадан тараған балалар бар. Солардың бірі Серік Әбілғазыұлы былай дейді: «Кәрімберген — нағашы атамыз. Үлкен ағайым Бақытжанды нағашы атамыз жасынан бауырына басты. Балалық кезімізден атамыздың көз алдында өстік. Сабырлы, салмақты, діни таза, абыройлы адам еді. Ел атамыздың атын атаудан жасқанатын.

Кәрімберген атам өте таза, сәнді киінетін. Үстіне жеңіл шапан. Белін жібек белбеумен буып, басына дөңгелек бөрік киетін. Діни білімділігі сонша, Түркістан мешітіне жиі барып тұрған. Сол киелі жерге Қазақстанның бар түкпірінен имамдар, молдалар білімдерін байқатуға жиналады екен.

Бірде ескі зілмәңке үйде тұрғанда үйдің жанында қыстан қалған шөмеле шөпті балалар от қойып, өрт кетеді. Үй жаққа шалқи жанған өртті байқаған үлкендер «енді не болар?» деп тұрғанда, нағашы атамыз үйден шығып, дұға оқи бастайды. Сол кезде жел екпінімен жалынның беті басқа жаққа бұрылып, бірте-бірте сөне бастайды. Үй, қора, қыстау өрттен аман қалады.

Нағашы атамыздың емшілік қасиетін де ел білетін. Қиыл деген жерде бүтіндей бір ауылды асырап отырған колхоздың атандай өгізі ауырып, аяғын баспай, тұра алмай жатып қалады. Сол кезде атамызды апарып дем салдыртып емдетіп, өгізді тұрғызып алған.

Атамыздың ақ тазысы болғаны есімде. Аты — Сұңқар, сол иті күнде аңға өзі кетіп, түзден қоян ұстап, тірілей үйге әкеледі. Атамыз қоянды сойып, астырып, жартысын өздері ішіп-жеп, жартысын ақ тазыға береді екен.

Кәрімберген  Сарқұлов 1974 жылы  88 жасында қайтыс болды. Бейіті Қобда ауданы Жарық елді мекенінде.

Бисен хазірет АБДОЛЛАҰЛЫ 1878 жылы Жарық елді мекеніне жақын Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Оның әкесі Абдолла қажылық сапарға екі рет барған. Өзбекстаннан діни білім алған әрі сонда ұстаздық еткен. Баласы Бисенді 15 жасында Бұхараға жібереді. Бисен Бұхара медресесінде үш жыл оқып, одан әрі білім алуды Стамбул қаласында жалғастырады. Онда бес жыл оқып, елге 23 жасында оралады.

Өзі дүниеге келген Жаманкөл жайлауында белгілі ұста Бірман Көшімқұлұлына мешіт салдырған. Мешіттің биіктігі 3 метр шамасында болады. Бисен хазірет осы мешітте он алты жыл бойы елді имандылыққа үндеп, сондай-ақ араб тілі, дін сабақтарынан дәріс берген.

Кеңес өкіметі тұсында мешіт ұстаған діндар ретінде Бисен қуғынға ұшырайды. Мал-мүлкі тәркіленіп, өзі отбасымен Башқұртстандағы Сақмар өзені бойына қоныстанған.

1963 жылы Бисен хазірет балалары — Османғали, Темірғали, Жақсығалилармен бірге Орынбор жақтан  атамекенге оралды. Қобда ауданының Сабындыкөл елді мекеніне тұрақтайды.

Бисен хазірет 1969 жылдың жазында өмірден өтеді. «Руханият» музейінде Бисен хазіреттің төлқұжаты және күнделігі сақтаулы.

Исламғали ҚҰБАЙДОЛЛАҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*