Басты бет » Тарих » Жақсыны жаның іздейді…

Жақсыны жаның іздейді…

«Өзімдей-ақ ұл туар, бір адамның зайыбы» дейтіндей тұлға, маңдайынан күн сүйген, адал еңбек, маңдай терімен, қабілет-парасатымен абырой-беделдің алтын тағына көтерілген Алтынбек Әкімжанов ағамыз Қобда ауданын тапжылмай он төрт жыл басқарды.

Аға туралы ертеректе жазылған мақаламда: «Қызмет еткен жылдары ағамыз елдің ең жоғары наградасына ие болып, омырауына «Алтын жұлдыз» тағып, екі Ленин, Октябрь революциясы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және бес медальмен марапатталыпты. Бұл наградаларды әсте осы кісінің омырауы кең екен, жарқыратып тақса жақсы жарасады екен деп бермегені анық. Бұлар оның адал еңбегіне берілген лайықты бағалар» деп жазыппын.

Ағамен қызметтес болған, тәлім-тәрбиесін көрген марқұм Федор Евгеньевич Чемоданов басшы, азамат ретіндегі оның өнегесін отырған жерде таусылмайтын жыр етіп айтатын. Рақмет айтудан жазбай дүниеден өтті ол кісі.

Аудандағы билік тізгінін ұстағандарды Алтекең жүрегін бала, иманын таза етіп тәрбиелеген. Кейін облыстағы беделді, тұтқалы қызметке жоғарылаған олардың көбі елге, қоғамға адалдығын абыройлы еңбектерімен дәлелдеді. Осы шоғырдағы Ғұбайдолла Бітіков, Есімқан Есенбаев, Мәлік Жекеев, Ислам Медеубаев, Елеусін Сағындықов және басқалары Алтекеңнің алдын көріп, тәрбие мектебінен сабақ алып, өмір өрінің сынынан сүрінбей өткендер. Қатарынан оза, ақ жібектен таза туғанын халыққа танытқан азаматтар.

Кешегі кеңес заманының күні түссе құлың, күнің түссе пірің болып шыға келетін құбылмалы, түлкі тәсілді пенделерден табиғаты мүлде бөлек, шетінен құлжаның асығындай қазақтың ірілері деуге болады.

Әсіресе, қобдалықтардың Алтекеңе деген ықылас-құрметі айрықша тәлімді. Қарапайым малшы-бақташылардың өзі өмірге жаңа келіп, дүние есігін ашқан сәбилеріне ырым етіп аға есімін бере бастаған. Сол балалардың бүгінде ержетіп, үлкен азамат болған Алтынбек есімді біреуі — облыс әкімі аппаратының жетекшісі.

Қоғам тозбасы, адам азбасы үшін Алтекеңдей басшылар көп болса ғой дейсің. Амал не, адамның айтқаны болып, тілегі орындала бере ме?

Тәрбие-тәлім мәселесінде жүрек майын шам қылған Алтекеңнің алдын көріп, тәрбиесінде болғандардың бірі Қобдада ұзақ жыл жемісті қызмет еткен түбі ырғыздық Сақтаған Биахметов еді.

Кешегі Шыңғысхан тұқымдас Сталин патшалық құрған замандағы тегеурінді тәртіп босап, қожырай бастаған кезде билік қолына тигендер ойларына келгенін жасап, жақтастарын жасақтап, өз лақтарынан теке қойып, қоғамға ойран салып, тамыр-таныстық, қол ұшынан жалғасу кең етек жайды. Сыбайластық қоғамның жегі құртына айнала бастаған кезде қатардан қалмай күн көрейін десең, иығы зор біреуді паналау көп адамның басындағы ахуал.

Мүмкін, Сәкең, Сақтаған, «таудан тірегі бардың тастан жүрегі болады» деді ме, болмаса басқа себебі болды ма, әйтеуір біраз жылын Қобдада өткізді. Алтекең екеуі бір ауылдың ізінен. «Ағасы бардың жағасы бар» дегенмен, партияның сара жолынан ауытқып, қия баспайтын Алтекең інім деп бұра тартпай, негізінен жергілікті кадрларды баулып, өсірген. Бірақ Сақтағанға ақылшы аға бола білгені анық. Не болғанда да, Сәкеңнің Ырғыздан гөрі Қобдалығы басым.

Біздің танысып-білісуіміз кейінірек, олар Ақтөбеге көшіп келгеннен кейін басталды. Бір-бірімізді жақынырақ білісуімізге Алтекең себепші болды.

Ата-бабаларымыз дана ғой. Олар «мың сіз-бізден бір шыж-быж» дегені бар. Адамдарды бір-бірімен жақындастыратын дастарқан басындағы ықылас-пейіл екенін жазбай білген-ау.

Бізді, яғни жұбайымыз екеумізді патша дидарлы Алтынбек ағамыздың және өзінің құдасы, қатар ұшқан қаздай ғұмыр бойы бір-бірімізден көз жазбай сыйластықта болған менің мектепті бірге бітірген сыныптас досым Сұлтанғали Жолдыбаевтың ақ дастарқаны басынан бірнеше рет көргесін «бұлардың басын ажыратуға болмас» деген болу керек, Сәкең бізді қонаққа солармен қоса шақырды. Осылай отбасын көрсету, шақырысу басталды, жақынырақ танысу, табысуға жол ашылды.

Сақтаған мен Баян тарқамайтын базары, ортаймайтын қазаны бар берекелі отбасы екен. Осыдан кейін шақырысу бір үйден екіншісіне ауысып жалғаса берді. «Дос сыйлау дастарқанда нан барында» дейді Тұрмағанбет шайыр. Сол кезде де ел қатарлы күн көрген болармыз деймін.

Ғұлама данышпан Абай: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа» деп еді ғой. Несін айтасыз, олар сыйласудың ретін білетін жандар еді.

Олар «Ортадан ошақ ойдырып, семізін малдың сойдырып» әңгіме-дүкен құрып, қауқылдасып отыруға шебер еді. Мұқағалиша айтқанда, «ол күндер бүгін ертегі…».

Марқұм Сақтағанды бір көргеннен-ақ ұнатып, ішім жылып қоя берді. Бұрынғы діндар даналардың: «Әр мұсылманды бауырыңдай ақжарқын жүзбен күлімсіреп қарсы ал, күн көзіндей жылы, мамықтай жұмсақ бол, ал тіліңнен бал тамсын» деген өсиетін берік ұстанған азамат екен деп қабылдадым.

Сәкеңнің мінезі айналайын дейтіндей екен. Бойында ата қаны суымаған жігіт болып шықты. Сонша отырыстарда Арал теңізі тартылып, арақ теңізі шалқыған кездердің өзінде қолына стакан ұстағанын көргенім жоқ.

Он-он бес жыл сыйлас-дәмдес болғанда көрген-білгеннің бәрін жіпке тізіп айтып отыру, әрине, мүмкін емес, оның қажеті де болмас. Сәкең мақтау сөзге енді зәру де емес.

Өмір дегеніміз — өткен күндер емес, есте қалған күндер болса керек. Мен тек сондай есте қалған күндерді еске алып отырмын.

Баласы Асқардың қызметі өсіп, Көкшетауға көшті, кейін Астанаға ауысты. Сол жылдардың бірінде дәм жазып, Астанадағы үйінде болдым. Үлкен орамды сәнді де зәулім, кіретін қақпасы бірнешеу «хан сарайында» тұрады екен. Мені қай қақпадан кірерін білмей әуре болар деген болу керек, сырттан күтіп алды. Кешке дейін отырып, ұзақ әңгіме-дүкен құрып, шерімізді тарқатып, қоштастарда Сәкең сыртқа тағы бірге ере шықты. «Жатқан жеріме Асқар апара жатыр ғой. Қала беріңіз» дегеніме көнбей, машинаға бірге мінді. Міне, кісілік пен кішіпейілділіктің көкесі деп осындай сыйластықты айтатын болармыз. Ақтөбеден көшіп кеткеннен кейінгі жылдарда да Наурызда ылғи телефон шалып, құттықтауды қаза жіберген жоқ. Өзі Ақтөбеге келсе, хабарласпай кеткен емес. «Асыл адам айнымас» деген, міне, осы.

Бір сөзбен түйіндесем, осы жылдар ішінде мың қаралық көңілімді бір рет қалдырып көрмеген екен.

«Ердің көркі — әйелмен» дейді ғой. «Жігіттің бұл жалғанда арманы көп, өзімен тең болмаса алған жары» деп тектен-тек айтылмаған болар. Ал Сәкеңнің құдай қосқан қосағы Баянсұлу қас бәйбіше, адал жар, балалардың алақаны жұмсақ анасы бола білгеніне біз куәміз. Бір жылы ерлі-зайыпты екеуі Ақтөбеге келгенде бізді шайға шақырды. Барсақ, сонау Арқаның кербез сұлу Көкшетауынан бізге арнап дәм татқызамын деп қазы-қарта, жал-жая арқалап келіпті. «Ақтөбенің ет сататын базарлары қан сасып тұр. Итарқасы қияннан ет арқалағандарың қалай?» десек, «Шөбі шүйгін, суы мол, көк майсаға жайылған мал етінің дәмі бөлек. Татып көрсін деп әдейі әкелдік» дейді Баян.

«Жаман ішіп-жегенін айтады. Жақсы көргенін айтады» деген ата-бабалардан қалған сөзді мен жақсы білемін. Бұл арада әңгіме сыйластықта, естен кетпестей етіп сыйлай білуде болып отыр.

«Көш көлікті болсын!» деп теміржол вокзалына Секең мен Баянды шығарып салып тұрып, «Елге абыроймен оралыңдар. Өзімізге де керексіңдер. Мына папка Асқарға сыйлығым, бойтұмар деп қабылдасын. Сақалы сапсиып зейнеткерлікке шыққанша қолынан ресми биліктің папкасы түспесін» деген тілегімді білдірдім. Сақтағанның бар тілеуі осы Асқардың үстінде еді. Баласы бүгінде әке сенімін ақтады. Елге облыс әкімінің орынбасары болып оралды. Бір шүкіршілігі, Сәкең соңғы сапарға оны біліп аттанғаны.

Таяуда облыс әкімінің қабылдауында болғанымда, Бердібек Машбекұлы сөз арасында: «Осы елдің азаматы болғасын, білікті маман дегесін министрге әдейі кіріп, Асқарды сұрап алдым. Кейде қайраты мен намысын жаниын деп, еңсеңді көтеріп, тік ұста, Астанада жұмыс істеген өреңді басқаларға таныт» деп анда-санда жігерлендіріп қоямын» деді.

Телегей теңіз білімі мен тәжірибесі бар, адамгершілігі мен біліктілігі айтарлықтай басшымен қызметтес болу да бір бақыт.

«Пай-пай, дүние-ай, өтесің-ау, бір күні, тыясың да қуаныш пен күлкіні». Мұқағали ақынмен келіспеске амал жоқ. Жарық дүние баянсыз. Онда болмағандай, жүрмегендей, біз кетеміз. Кету үшін келгенбіз. Сәкең де өтті дүниеден. Бірақ, жақсы адамның өлген күні болмайды, туған күні ғана болады деу ләзім.

Жазушы Роллан Сейсенбаев жақында жазған бір мақаласында Қап тауындағы бейіттің құлпытасынан оқыған бір ауыз бәйітті келтіреді. Онда былай депті:

Ол әулие емес еді.

Ол батыр да емес еді.

Бірақ сен оған басыңды и,

Ол өмірден Адам болып өтті.

Сондай өмірден толық мәніндегі адам болып өткен азамат біздің Сәкең, Сақтаған Биахметов еді. Пайғамбар хадисінде: «Мұсылманның ниеті жасаған ісінен қайырлы» деген мегзеу бар. Шынында да, Алла ниетке қарай береді деген рас. Оған ғұмыр бойы куә болып келемін.

Ал не тілесе де бір тәңірден ғана дәметкен, ниеті ақ, жүрегі таза Сәкеңе Алланың өзі қарасты деуге болады. Тұла бойы тұнған үлгі-өнеге, парасаты мен біліктілігі өзгеше, ұлттық дәстүрдің уызына жарыған облыс әкімі әкесін жерлеуге Асқарды жалғыз жіберген жоқ. Делегация жасақтады. Оған Астанадағы депутаттар, сондағы әртүрлі қызметтегі жерлестеріміз жиылып, үлкен құрметпен Сәкеңді соңғы сапарға шығарып салды.

Сәкеңнің жылы берілгенде де облыс басшысы садақаға бүкіл нөкерін ертіп келді. «Жақсының жолы — жарық күн» деген. Халыққа қызмет ете отырып басқаратын басшының үлгі-өнегесі, міне, осындай болса керек. сондықтан «ел азбайды ағалы» дейміз.

Тірлікте сағынамыз сені, Сәке. Жақсыны жанымыз іздейтіндіктен болар, сірә…

Н.ҚАРТБАЙҰЛЫ.                 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*