Басты бет » Басты жаңалықтар » Ұлы даланың сенімді қорғаны

Ұлы даланың сенімді қорғаны

7 мамырда Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

7 мамыр күні облыстық әкімдік ғимараты алдында өткен жиында ардагерлер, облыстық мәслихат депутаттары, әскери қызметкерлер, курсанттар, әскери-патриоттық клубтар мүшелері бас қосты. Олар алдымен тікелей көрсетілім арқылы Астанада өткен салтантты шеруді қарады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің құттықтау сөзінде:

— Бұдан 25 жыл бұрын құрылған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері бүгінгі күнгі ең мықты, заманауи үлгідегі әскери техникамен жабдықталған. Бұған Астанада өткен салтанатты шеруді тамашалай отырып, өздеріңіз де көз жеткіздіңіздер. Өткен 25 жылдың ішінде Қазақстанның Қарулы Күштері Елбасы, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен елімізге — қорған, тәуелсіздігімізге тірек бола алатын айбынды армияға айналды. Алдағы шілде айынан бастап әскери қызметшілердің жалақысы 25 пайызға өседі. Қазақстан армиясының қатарында көптеген ақтөбеліктер қызмет етіп жүріп. Жыл сайын өңірімізден 2 мың жас Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Өз халқының тарихын жақсы білетін, ата-бабалар дәстүріне адал, еліне шын берілген нағыз патриот ұрпақ тәрбиелеу — аға буынның басты борышы, — деп атап өтті.

Сондай-ақ, облыс басшысы:

— Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдық мерейтойы — маңызды белес. Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтап, бейбіт аспан астында ұзақ та бақытты өмір сүрулеріңізді тілеймін, — деді.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев ардагерлерге «ҚР Қарулы Күштерінің ардагері» медалін табыстады, сонымен қатар, ҚР Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне қарасты бөлімдер мен шекара әскерлері қатарында, Ақтөбедегі Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтында қызмет етіп жүрген бір топ әскери қызметкер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиында Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының 3-курс курсанты Айдос Маратұлы да құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты шарада «Арлан» арнайы полиция жасағының, әскери-патриоттық клубтар мүшелерінің қатысуымен көріністер көрсетілді. Жиналған жұртшылық алдынан Ақтөбе әскери гарнизонына қарасты бөлімдердің офицерлері мен сарбаздары, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының, Ақтөбе заң институтының курсанттары бірінен соң бірі сап түзеп өтті. Сондай-ақ, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері мен мектеп оқушылары өнер көрсетті. Балалар аспанға бейбіт күн белгісі — ашық аспан пен Күн түстес көк, сары шарлар ұшырды.

Салтанатты шара Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнімен аяқталды.

Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*