Басты бет » Басты жаңалықтар » 5 әскери қызметкерге пәтер берілді

5 әскери қызметкерге пәтер берілді

7 мамыр — Отан қорғаушылар күнінде Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімде ашық есік күні ұйымдастырылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері, офицерлер мен қатардағы сарбаздар, әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен қонақтар назарына әскери бөлімдегі техника, қару-жарақ үлгілері ұсынылды. Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды мерекемен құттықтап сөз сөйледі. Әскери бөлімнің басшы қызметкерлері, командирлері мен сарбаздарына арнаған сөзінде ол:

— Отанды сүю, Отанды қорғау — асыл бабаларымыздың аманаты, әр азаматтың қасиетті парызы. Бұл борышты, әсіресе, әскери қызметте жүрген отандастарымыз жақсы сезінеді, өз міндеттеріне барынша адал болуға ұмтылады. Сіздердің осы қасиеттеріңіздің арқасында қалың ел ертеңгі күнге сеніммен қарайды, алаңсыз еңбек етіп, алаңсыз демалады. Әскеріміздің еңбегі мен біліктілігі біз үшін — бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі, — деп атап өтті.

Ақтөбедегі әскери бөлімдердің бір топ қызметкері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен наградталған еді. Өз марапаттарын олар осы жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан алды. Марапатталғандар арасында Еркін Жаңабергенов, Әділ Бейсенбаев, Әділбек Мұстафин, Руслан Ермағамбетов, т.б. бар. Тағы бір топ әскери қызметкерге облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Ал №6655 және №30238 әскери бөлімдерінің бес қызметкеріне пәтер кілттерінің тапсырылуы — жиындағы ең қуанышты сәттердің бірі болды.

Қарт сарбаз, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет» ордендерінің иегері Өтеш Жалмағамбетов те бүгінгі сарбаздарды төл мерекелерімен құттықтап:

— Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына, міне, 72 жыл болды. Осы 72 жыл бойы Алладан бір ғана тілек тілеп келеміз: біз көрген қырғынды ұрпақтарымыз көрмесе екен, ұрпақтарымызға бейбіт заманда ғұмыр кешу бұйырса екен дейміз. Сендер қаруды тек оқу-жаттығу жұмыстары кезінде ғана қолға алыңдар, бастарыңа ешқашан басқалай қауіп төнбесін! — деп, тебірене тілек айтты.

Жиналғандар алдында оқу-жаттығулар барысында ширақтығымен, ептілігімен, күштілігімен ерекше көзге түскен үздік сарбаздар бірнеше көрініс көрсетті. Күнделікті өмірде халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін із кесу, қылмыскерді ұстау, есірткі тасымалдаушыларды анықтау мақсаттарында пайданылатын қызметтік иттердің өнері, әсіресе, балаларды қатты қуантты. Ашық есік күніне орай жиналған жұртшылыққа сарбаздар дастарқанынан дәм тату да ұсынылды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*