Басты бет » Мереке » Дәстүрлі салтанат

Дәстүрлі салтанат

Облыстық прокуратура ғимаратында Отан қорғаушылар және Жеңіс күнін атап өтуге арналған жиын өтті.

Салтанатты шараның ашылуында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров мерекемен құттықтап, бейбітшілік, тыныштық тіледі. Сондай-ақ прокуратура саласы ардагерлерінің еңбегін айрықша атады.

Іс-шара барысында республика прокуратурасы тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, I-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақ  ССР Прокуроры Өтеген Сейітовке құрмет көрсетіліп, облыс прокуратурасы ғимаратындағы мемориалдық тақта алдына гүл шоқтары қойылды.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша салтанатты іс-шараға орайластырылып, прокуратураның жас маман-қызметкерлері ант қабылдап, алғашқы сыныптық шендеріне ие болды.

Сонымен қатар Отан қорғаушылар күнін атап өту құрметіне прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлеріне ведомствалық наградалар мен медальдар табысталып, прокуратура қызметкерлері Бас прокурор мен облыс прокурорының бұйрықтарымен марапатталды. Бұдан кейін «Прокуратура ардагерлері» атты деректі фильмнің тұсаукесері өткізілді.

Марапатқа ие болғандардың бірі — облыстық прокуратураның басқарма аға прокуроры Сабырғали Айдынғалиұлы:

— Осы салада он алты жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Бүгін Бас прокурордың бұйрығымен әділет кеңесшісі шеніне ие болдым. Әрқашан елімізге адал қызмет етуге дайынмын, — деді.

Салтанатты іс-шара соңы  прокуратура органдарының ардагерлері мен қызметкерлері арасында өткізілген спорттық жарыс жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*