Басты бет » Мереке » Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, полиция қызметкерлері марапатталды

Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, полиция қызметкерлері марапатталды

Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекесі қарсаңында облыстық ішкі істер департаментінде мерекелік шара өтті. Шараға  соғыс және тыл ардагерлері шақырылды.

Мерекелік шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскерилердің рухына тағзым етуден басталды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Осыдан кейін жиналғандар акт залдағы арнайы кешті тамашалады. Жиында  облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов ардагерлер мен  жеке құрамды құттықтады

— Сұрапыл соғысқа өңірімізден жүз жиырма мың  жерлесіміз аттанса, оның ішінде екі  жарым мыңдайы тәртіп сақшылары екен. Ал елге олардың 440-ы ғана оралған. Қазіргі таңда олардың үшеуінің ғана көзі тірі. Олар  өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын адал атқара білген  біздің мақтанышымыз. Бiздiң парызымыз — олардың жеткізген естеліктерін көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізу, олардың ерлігін дәріптеу, — деді департамент басшысы.

Сондай-ақ департамент басшылығы тарапынан ардагерлерге гүл шоқтары сыйланды.

Департаменттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин соғыс, тыл ардагерлері мен қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан азаматтардың отбасы қай кезде де ескерусіз қалмайтынын айтты.

Бүгінгі шараға соғыс ардагерлерімен бірге 20 тыл ардагерін  шақырдық. Келе алмаған қарттардың үйіне өзіміз барып, сыйлығымызды беріп, мерекемен құттықтадық. Жалпы ардагерлер біздің назарымыздан тыс қалмайды. Әр мереке сайын және мерейтойлары кезінде міндетті түрде басшылық құттықтайды. Ақшалай және арнайы сыйлықтарын береді. Сондай-ақ қызмет барысында қаза тапқан қызметкерлердің отбасы да үнемі департаменттің назарында болады.  2011 жылы Кеңқияқта болған оқиға кезінде 9 қызметкер көз жұмды. Бүгінгі кешке олардың отбасын шақырдық. Олардың барлығына қаржылай көмек көрсетілді, сыйлық берілді, — деді кеңес төрағасы.

Жиында Махамбет Абисатов ішкі істер саласындағы адал қызметі үшін 14 полиция қызметкерін Алғыс хат және арнайы Грамотамен  марапаттады. Екі қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ шарада облыстық ішкі істер дапартаментінің Грамотасымен 62 қызметкер, Алғыс хатымен 15 қызметкер марапатталды.

Департаменттің Алғыс хатына ие болған Ойыл аудандық уақытша ұстау изоляторының қайдауылы Нұртас Демеуов қуанышын жеткізді.

— 2006 жылдан бастап ішкі істер саласында қызмет етемін. Мереке қарсаңында еңбегімнің еленгеніне ризамын. Ойыл шағын аудан болғандықтан ауыр қылмыс жоқ. Дегенмен ел болғаннан кейін ұсақ-түйек оқиғалар орын алып тұрады. Ауданда ашылмай қалған қылмыс жоқ,— деді полиция қызметкері.

Ал мерзімінен бұрын майор шенін алған жедел басқару орталығы бейнебақылау камерасының инспекторы  Асқар Шамша қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

— 2001 жылдан бастап ішкі істер саласында еңбек етемін. Соңғы екі жылдан бері қаланың қауіпсіздігін бақылау камерасы арқылы қадағалаймын. Қазіргі күні қалада 114 камера бар. Түрлі қылмыстардың алдын алуда заманауи технологияның тиімділігі көп. Ал бүгін Отан қорғаушылардың мерекесі қарсаңында еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын, — деді инспектор.

Мерекелік кеште ішкі істер қызметкерлері концерттік бағдарлама қойды. Қызметкерлер ән салып, би биледі. Шара біткен соң ардагерлерге дастарқан жайылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*