Басты бет » Мереке » Офицерлер ардагерлердің үйлеріне барды

Офицерлер ардагерлердің үйлеріне барды

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Сейткерім Арапбаев Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, сый-сияпат жасады.

Сейткерім Арапбаев бастаған департамент өкілдері алдымен майдангер Сағидолла Разбаевтың шаңырағында болды. Сағидолла Разбаев әскерге Мұғалжар ауданынан шақырылған. Ленгинград, Балтық бойы елдерін жаудан азат етуге қатысқан. Соғыстың соңғы сәттеріне дейін ұрыс алаңында болған. Мұғалжар ауданында ұзақ жылдар бойы оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Бүгінде 5 баладан өрбіген 8 немере, 10 шөберенің қызығын көріп отыр. Балалары мен келіндері 99 жастағы қарияның әлі тың екенін айтады.

— Әкеміз кезінде аңшылықпен айналысқан. Салауатты өмір салтын тұрақты ұстанады. Үйдің бесінші қабатына өзі көтеріліп, өзі түседі. 2006 жылы мемлекеттен екі бөлмелі пәтер берілді. Мереке сайын әкімшіліктен құттықтап келіп жатқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз, — дейді ардегердің тұңғыш ұлы Мақсат Разбаев.

Бұдан кейін департамент бастығы ардагер Сәдуақас Сәрсенбаевтың үйінде болып, мерекемен құттықтады. Майдангер бұрынғы Қарабұтақ ауданының Тасөткел ауылында дүниеге келген.

— 18 жасымда бір отбасынан төрт адам соғысқа аттандық. Содан Қияс Сәрсенбаев деген ағам екеуміз елге оралдық. Жеңіс оңайлықпен келмеді. Талай боздақ жанын қиды, ажалға қарсы тұрды, — дейді Сәдуақас Сәрсенбаев.

Майдангер қария елге келгеннен кейін, партия жұмыстарына араласады. Ұзақ жылдар бойы Ырғыз аудандық газетінде қызмет еткен.

Қария елдің амандығын, ұрпақтарының бейбіт елде өмір сүргенін тілеп, ақ батасын берді.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Сейткерім Арапбаев:

— Біздің офицерлер бүгінде Ақтөбе қаласындағы 45-тен астам ардагердің үйін аралап, құрмет көрсетті. Олардың барлығы мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынып, пәтермен, зейнетақымен қамтамсыз етілген. Ардагерлер тізімі бізде есепте тұрады. Тек мереке қарсаңында ғана емес, басқа күндері де назардан тыс қалмайды. Оқу орындарда арнайы әскери патриоттық жұмыстар жүргіземіз. Бүгінде облыста 90-нан астам ардагер бар. Олардың ерліктері мен қайсарлықтарын жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек, — дейді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*