Басты бет » Тарих » Елін сүйген басшы еді…

Елін сүйген басшы еді…

Жаңғырық

«Ақтөбе» газетінен «Халық құрметтеген Қияс еді…» деген мақаланы оқып, мен де өз пікірімді білдіргім келді.

1958 жылы 10-сыныпты бітірген соң киномеханик, трактор жүргізушісі мамандықтарын меңгердім. Сол кезде Калинин атындағы ұжымшарда бас инженер болып қызмет істейтін Тасболат Тұяқбаев мені трактор жүргізушісі қылып жұмысқа алды.1959 жылы сәуірде сол кеңшарға жұмысқа орналастым. Кеңшарды Қияс Сәрсенбаев басқарады екен. Бұрын Ырғыз селосында Қияс Сәрсенбаевтың әкесі Ыбырай ақсақалмен бір көшеде тұрғандықтан, Қияс Ыбырайұлын жиі көріп тұратынмын. Ал бұл жолы жақын араласа бастадым. Ауылға келген жас маман болғандықтан, баспана жоқ. Кеңшар басшысына жағдайымды айтып, үй беруін сұрадым. Қияс Ыбырайұлы мені мұқият тыңдап, құрылыс материалдарын беретін болды. «Жолдастарыңды жинап, үй салып ал, қазір бізде құрылысшылар аз» деді. Алғаш тілдескеннен-ақ жылы шырай танытқан азаматтың, қандай шаруашылықта болмасын, іскер екенін кейін байқадым. Сөйтіп, Қияс Сәрсенбаев  басқаратын кеңшарда 10 жыл әртүрлі жұмыстарды атқардым, мол тәжірибе жинадым.

Қияс Ыбырайұлы тек шаруашылық жұмыстармен ғана айналысып қоймай, халықтың рухани өсуіне де зор мән берген азамат еді. Оған мысал — орталыққа клуб салдырды. Мені кино қоюшы етіп жұмысқа алды. Өзі «ГАЗ-69» машинасымен аудан орталығынан киноленталар әкелетін. Бөлімше тұрғындары үшін арнайы автокөлік бөлді. Айына бір рет төрт бөлімше орталықтарына кино көрсетті.  Кеңшар қаражатынан концерт қою үшін арнайы киім тіктірді. Ауыл орталығын көріктендіру мақсатында Мәдениет үйінің алдынан саябақ та ашты. Тал екті. Оны баптау үшін арнайы адамдар бөлді. Аудан бойынша бірінші болып Калинин кеңшары жоғары желілік электр желісіне қосылып, тұрақты түрде электр жарығын орнатты. Ауылда бой көтерген барлық мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандарды кеңшар қаражатына салдыртқан еді.

Ұлы Отан соғысынан бірнеше орден-медальмен аман оралған офицер Қияс Сәрсенбаевтың бейбіт елдің әлеуметтік жағдайын жақсартудағы еңбегі туралы  көп нәрсе айтуға болады. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға да зор үлес қосты. Барлық істің басы-қасында өзі жүретін. Елге еңбегі сіңген осындай біртуар азамат Қияс Ыбырайұлын мәңгі есте қалдыру  үшін Құрылыс елді мекенінің атын «Қияс ауылы» деп өзгертсе, орынды болар еді…

 М.ШЫНТАСОВ,

еңбек ардагері.

Ш.Қалдаяқов ауылы,

Қарғалы ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*