Басты бет » Мәдениет » «Балауса» фестивалі басталды

«Балауса» фестивалі басталды

Театр

Т.Ахтанов атындағы драма театрда «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында  Қазақстан драма театрларының ІІ республикалық экспериментальді қойылымдар фестивалі басталды.

Оған 9 театр қатысуда.

Фестивальдің ашылу салтанаты  ғимараттың алдындағы алаңда  өтті. Алдымен Т.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасы көпшілік назарына театрландырылған қойылым ұсынды. Онда Т.Ахтановтың «Ант» тарихи драмасынан, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясынан үзінділер көрсетілді.

Шараны Ахтанов театрының қазақ труппасының актері Нұрболат Өтеғұлов пен орыс труппасының актрисасы Ангелина Недюжина  жүргізді. Жүргізушілер сахнаға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваны және фестивальдің қазылар алқасын шақырды. Қазылар алқасының төрағасы — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облысының музыкалық-драма театрының режиссері Гүлсина Мерғалиева, қазылар қатарында  М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Анар Еркебай, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Ардақ Қонақбаева, Т.Ахтанов атындағы драма театрдың суретшісі Айбек Орынбасар бар.

Басқарма басшысы М.Қорғанбаева жиылған қауымды фестивальдің ашылуымен құттықтады.

Қазылар алқасының төрағасы Гүлсина Мерғалиева: — Экспериментальді қойылымдар фестивалін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, атынан көрініп тұрғандай, мұндай шараны өткізу үшін ең алдымен батылдық керек, бұл  фестивальде ізденіс үстіндегі әріптестерімнің түрлі қойылымдарын көру арқылы  бір-бірімізден үйренетініміз, аларымыз  көп болады деп ойлаймын, — деді.

Салтанатты шарадан соң көрермендерге Тараз қаласынан келген  Абай атындағы Жамбыл облыстық драма театрының  белгілі режиссері Қуандық Қасымовтың «Қыз Жібек» (авторы — Ғабит Мүсірепов) қойылымы көрсетілді.

Одан кейінТ.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасында режиссер Мейрам Хабибуллин сахналаған қырғыз драматургі Б.Абдурузақовтың «Әйел сыры» спектаклі көптің назарына ұсынылды.

Облыстық «Алақай» қуыршақ театрында  Н.Гогольдің «Шинель» повесі бойынша қойылған Мейрам Хабибуллиннің осы аттас қойылымының көрсетілімі өтті.

Ахтанов театрында Петропавл қаласынан келген С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының «Қасірет» ( режиссері Ф.Молдағали) спектаклінен кейін   қазылар алқасы қойылымдарды талқылауға кірісті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*