Басты бет » Басты жаңалықтар » Қобдада мал басы көбеюі тиіс

Қобдада мал басы көбеюі тиіс

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев осындай міндет қойды

Аудандарға кезекті сапары барысында Қобда өңірін аралаған облыс басшысы негізінен алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстарға назар аударды, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, сондай-ақ алдағы жылдан енгізілетін міндетті медициналық сақтандырумен халықтың түгел қамтылуына көңіл бөлді. 

Әкімнің тәуекелі

Биылғы сәуірдің орта тұсында Қобда өзені де мінез танытты. Жарық ауылына кіреберістегі көлік жолындағы көпірді су басып кетіп, ауыл тұрғындары арғы бетте қатынассыз қалды. Дегенмен халық қапылыс білдірген жоқ. Өйткені ең бастысы адам аман, мал аман. Және ауыл тұрғындары өз тірліктерін алаңсыз істеп жатты. Келесі күні төтенше жағдай қызметінің адамдары моторлы қайық жеткізіп, мұндағы жағдайды толық бақылауға алды.

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келгенде су көпір бетімен теңеліп, одан арғы тұстарда сексен сантиметр биіктікті көрсетіп тұрды. Мұндағы көпір темір-бетон құрылымынан салынған. Мамандардың айтуынша, оның техникалық күйі қанағаттанарлықсыз. Соңғы жөндеу жұмыстары 2011 жылы жүргізіліпті. Одан бері көпірдің құрылымы тозып, ойықтар пайда болған. Қазіргі таңда көпірге жөндеу жұмыстары қажет делінеді. Алайда 1979 жылы салынған, жалпы ұзындығы 58 метр бұл көпір сынға шыдас берді.

Облыс басшысы ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, ахуалды толық білгеннен кейін осында жағалауда тұрған КамАЗ көлігімен арғы бетке өтуге тәуекел жасады. Бірқатар ақсақалдар «бұл қалай болар екен?» деп күдік білдіргенімен, Бердібек Машбекұлы «бәрі де дұрыс болады» деп оларды тыныштандырып, қасына төтенше жағдай қызметі өкілін мінгізіп, жарақты автомобильмен арғы жағалауға беттеді. Судан өткеннен кейін арғы бетте тұрған ауыл адамдарымен сөйлесіп, олардың ой-пікірлерін білді.

Әкімнің бұл батыл іс-қимылы тұрғындардың оған деген сенімін туғызды. Сондықтан да болар, барлығы жақын келіп, өздерінің ішкі ойларын ашық айта бастады. Басты мәселе алдағы атқарылатын шаруаға қатысты еді.

Ескі көздердің айтуынша, судың осындай күйде тасуы осыдан жиырма жыл бұрын болған екен. Содан бері жайбарақат күй кешкен ауыл адамдары табиғаттың биылғы тосын мінезіне де оншалықты алаңдай қоймағаны білінеді. Өйткені олар енді екі-үш күн шамасында, әрі кетсе бір аптада судың бұрынғы қалпына түсетініне сенімді.

Көп болып кеңескен шаруа оңды шешілетіні айқын. Алдағы уақытта көпірден кейінгі ойық тұстарды көтеріп, сондай-ақ өзен арнасын тазарту жұмыстарын қолға алу қажет деп ұйғарылды. Кешегі бір тұстарда осы ауылда басшылық қызметте болған Сағынай қажы Құсайынов Ақтөбе қаласында тұрса да, хабарды естіген соң тыныш жата алмай, жедел жеткен екен. Ол өз кезегінде биылғы мол суды ел игілігіне пайдалану қажеттігін айтып,  көкөніс отырғызу, тағы басқа бірқатар шаруаларға көмек беретіндігін жеткізді.

«Мен Ресейдің, Маңғыстау облысының, оңтүстік өңірдің бірқатар азаматтарымен сөйлесіп отырмын, олар отбасыларымен осында көшіп келуге, еңбек етуге ынталылығын білдіруде. Соларға жағдай жасасақ жақсы болар еді»,— деді ол. Ел ағасын алаңдататын нәрсе — суы мол, шұрайлы қоныстар игерусіз қалмаса дейді. Ауылдың іргесі сөгілмегенін жақсы көреді. Өмірлік тәжірибесі мол бұл кісінің ұсынысын облыс басшысы да қолдады. «Елге келемін деушілер болса, оларға жағдай жасалады, тек жұмыс істейтін адамдар болсын»,— деді ол.

Жарық ауылының байырғы тұрғыны Ізбасар Құрманбаев жергілікті халық атынан облыс басшысына келіп, жағдайды білгені үшін алғыс сезімін білдірді.

Өтек ауылы өзгерістер күтеді

Өтек ауылы үлкен жол бойынан шамалы бұрыстау жатқан елді мекен. Сырт қарағанда үйлердің тозғаны, кейбір жерлерде құлап жатқаны да байқалады. Солай десек те, елде тіршілік бар, көктеммен бірге алғы күндердің шаруасына ұмтылыс байқалады.

Облыс басшысы мұнда ең алдымен әлеуметтік салалар қызметімен танысты. Ауылдағы медициналық  пункт 1977 жылы салынған, жалпы көлемі жетпіс шаршы метрге жетпейтін ғимаратта орналасқан. Осында қызмет атқаратын медбике Зүлфия Тәжібаеваның айтуынша, былтыр күзде жасалған техникалық зерттеу нәтижесі бойынша бұл ғимарат одан әрі пайдалануға жарамсыз апатты жағдайда деп танылыпты. Биылғы қаңтар айында аудандық аурухана тарапынан Өтек ауылындағы медициналық пункт құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға қажет қаражатқа облыстық денсаулық сақтау басқармасына бюджеттік ұсыным беріліпті.

Облыс басшысы Өтек ауылындағы тұрғындармен кездесу қорытындысында былай деді: «Қалай дегенде де барлық мәселе бірден шешілмейді. Біз бұл ауылдың жағдайымен жете таныспыз, проблемаларыңызды білеміз. Ең алдымен адамдардың денсаулығын сақтау маңызды. Сондықтан да бірінші болып медициналық пункт салуды шешеміз. Ол үшін құжаттары дайындалуы тиіс.

Одан кейінгі кезек мектепке келеді. Салынғанына жиырма жеті жыл болған мектептеріңіз содан бері бір де жөндеу көрмеген. Мектептің мұндай күйге жеткізілуі қынжылтады. Оқушылар мүмкіндігінше жағдайы жасалған, кең де жарық бөлмелерде, заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып білім алуы тиіс. Екінші кезекте мектепті жөндеуге қаржы бөлеміз».

Сонан кейінгі кезекте жол, көпір, ауызсу, газ мәселелеріне қатысты түсінік берілді. Биыл Қобда ауданы бойынша тағы да төрт елді мекен газ желісіне қосылады.

Бердібек Машбекұлы қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына мал өсіру үшін мол мүмкіндіктер туып отырғанын, бұл ретте мемлекеттік бағдарламалар қолдауын пайдалану қажеттігін айтты. Әр үй сайын кемінде он-он бес мал өргізіп отырған ауылда кооператив құру, сол арқылы ортақ шаруаны өрістету ұсынылды.

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагері Барақ Қалиев өздеріне ұзақ жылдардан бері облыс басшысының бірінші рет келіп тұрғанын айтып, Бердібек Машбекұлына алғыс білдірді.

Жиын соңында Өтек ауылында мол өзгерістер болуды қалайтынын білдірген әкім биылғы жыл басынан бері бұл мекенде бір ғана сәби үні шыққанын тілге тиек етіп, алдағы уақытта нәрестелердің молаюына тілектестігін білдірді.

Егіндібұлақта иппотерапия орталығы ашылады    

Сал ауруымен сырқаттанатын балаларды сауықтырудың бір амалы — иппотерапияны қолдану. Бұл бағытта жылқыға мініп жаттығу ғылымда прогрессивті әдіс ретінде танылған. Иппотерапия сал ауруымен ауыратын балалардың денсаулығын жақсартуға жанды ықпал етеді, өйткені атқа мініп, баяу жүру денені басқаруға үйренуге, қимыл-қозғалыс жасауға, сондай-ақ сөйлеу белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретіндігі айтылып жүр.

Алайда көп жерде осындай әңгімелер айтылғанымен, мәселенің шешімін табуында кідірістер көп. Ал Егіндібұлақ ауылындағы бүгінгі қозғалыс амандық болса, игілікті іс бастауы екенін білдіргендей.

Ең алдымен, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Нұрбақыт» шаруа қожалығының мүшесі Аманқұл Сағындықов бұған дейін шаруашылық мақсатта пайдаланып отырған көлемі 0,0625 га құрайтын жабық ғимаратты мемлекеттік коммуналдық меншікке тапсырыпты. Енді осы ғимараттан иппотерапия жолымен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр.

Осы ауылда жылқы шаруашылығымен шұғылданатын белгілі атбегі Жәнібек Әнешов қазірдің өзінде он бес шақты мініс атының дайын екендігін айтты.

Облыс басшысы иппотерапия орталығының ашылуына қолдау танытып, оның сырқат балаларды емдеу бағытындағы игілікті іс болатындығына сенім білдірді.

Балалар демалысы осында ұйымдастырылады

Егіндібұлақтағы екінші бір жаңалық балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауығуын ұйымдастыратын және олардың шығармашылықтарының дамуына барлық жағдайлар жасайтын 75 орындық оқу-сауықтыру орталығының жобасының таныстырылуы болды.

Орталық жыл бойына үзіліссіз қызмет етеді, сонда барлығы 1000 оқушыны қабылдай алады. Балалар үшін қазіргі заман талабына сай жабдықталған бөлмелер және техникалық құралдармен қамтылған кластар, гидромассаждық кабиналары болады. Мұнда тынығушылар бес реттік тамақпен қамтамасыз етіледі, диета сақтау столы болады, сауықтыру және профилактикалық іс-шаралары жоспарланған, монша жұмыс істейді.

Екі қабатты орталықтың жалпы аумағы 3,2665 шаршы метр болады деп жоспарлануда.

Мұнда бірінші қабатта — тамбур, шешіну орындары, жуынатын бөлмелер, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелері, медициналық кабинет, инвентарлық кабинет, демалатын, ойын бөлмелері орналасады. Екінші қабатта жаттығу, күрес және ойын залдары бар.

Сонымен қатар, орталық жобасында ағаштан 5 тұрғын үй бой көтермекші. Орталық алаңның көгалдандыруы жергілікті ауа райына сай ұйымдастырылады: аққайың, терек, газондық шөп өсіріледі.

Оқу процесі жақын орналасқан Жастар үйі ғимаратында ұйымдастырылады, электронды тақталарымен және ең соңғы оқу техникаларымен жабдықталған физика, химия, лингофон, компьютер кабинеттері, оқу және әдеби кітаптары бар кітапхана, топ бөлмелері болады.

Орталыққа қобдалықтармен бірге көрші аудандардың да балғындары келе алады. Облыс басшысы жалпы өңірде балалар демалысын ұйымдастыратын орындардың әлі де кемшіндігін нақты мысалмен келтіріп, алдағы уақытта бұл саланы дамыту қажеттігін айтты.

Алғашқы тоқсан қорытындысы

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет актив жиынында алғашқы тоқсан қорытындысымен таныстырды. Осы мерзім ішінде өңірде 321,6 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсу қарқыны байқалды. Аудан экономикасына 395,6 миллион теңге инвестиция тартылды, мұнда да ілгерілеу бар. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 98 миллион теңгені құрап отыр. Есепті мерзімде барлығы 146,5 миллион теңге салық жиналды.

Осындай деректерді келтірген аудан басшысы әр сала бойынша нақты талдаулар жасап, көпшіліктің алдында өз жоспарларымен бөлісті.

Биыл 28640 гектар алқапқа дәнді дақылдар себілмекші. Егістікті әртараптандыру мақсатында 50 гектар жерге бұршақ тұқымдас дақылдар отырғызылады. 20 гектар жерге алма бағы қоныс теппекші. Суармалы жерлер толық игеріліп, бау-бақша алқаптары ұлғаяды. Дәстүрлі емес шаруашылықтар дамытылуда.

Терісаққан, Бестау және Талдысай ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медпункттер бой көтереді деп күтілуде. Аудан орталығында 320 орындық мектеп құрылысы басталды. Мейрамхана мен қонақүй де салынбақшы.

Қорытынды сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биылғы жылы Қобда өңіріне жалпы мөлшері 3 миллиард теңге бөлініп отырғанын айтып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында нақты істерді жүзеге асыруды тапсырды.

— Біздің ұғымымызда әлі де болса мұнай, газ, хром асырайды деген түсінік бар. Оны түбірінен жою керек. Халықты асырайтын — жер, ауыл шаруашылығы. Сондықтан барлығыңыздың ауыл шаруашылығына бет бұрып, еңбек етулеріңіз керек. Оған әсіресе Қобда ауданында мүмкіндік мол. Табиғаты, суы, жерінің құнарлылығы мал өсіруге, суарманы пайдалануға ыңғайлы. Қобдада ең алдымен мал басы көбеюі тиіс. Бұл ретте жеке қожалықтар күш біріктіріп, кооперативке бірігуі тиімді. Осыны есте ұстаңыздар, — деп сөзін қорытындылады облыс басшысы.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қобда ауданы.

     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>