Негізгі / Жаңалықтар / Blog article: «Нұр Отан»: жұмыстың басты өзегі

«Нұр Отан»: жұмыстың басты өзегі

9 Ақпан 2010 | Пікір жоқ | Жаңалықтар

«Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллинді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауға арналған акцияға қатысушылар Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытының жұмыс алаңында ыстық ықыласпен қарсы алды. Мұны осында жиналған зауыт жұмысшылары мен қала тұрғындарының, студенттер мен жастардың, зиялы қауым өкілдерінің Жолдау жолдарындағы жаңа бағыттарға, экономикалық-әлеуметтік саладағы айқын ілгерілеулерді межелейтін нақты міндеттерге ырза көңілден туындаған ахуал деп айқындауға да болатын сияқты еді.

Астанадан келген қонақпен бірге көпшілік алдындағы мінберге облыс әкімі Елеусін Сағындықов, «Нұр Отан» ХДП облыстық ұйымының төрағасы Аманкелді Есіркепов, облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев көтерілді.

Нұрлан Нығматуллин өз сөзінде Ақтөбе өңіріндегі экономикалық ілгерілеу, атқарылып жатқан кешенді шаралар Елбасы Жолдауындағы биік мақсаттармен үндес екендігін айта келіп, бұл ретте Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы және Елді индустрияландырудың егжей-тегжейлі картасы жасалғандығын мәлімдеді.

Жолдауда «Нұр Отан» ХДП үшін 2020-Бағдарламасын орындау жұмыстың басты өзегіне айналуы тиіс. Ешкім бейжай тұрмауы керек, өйткені тек осылай ғана біз Қазақстанның жаңа экономикалық өрлеуін қамтамасыз етеміз» деп атап көрсетілді. Нұрлан Зайруллаұлы да көпшілікті осындай ортақ мақсатқа жұмылуға үндеді, еліміздің ертеңгі кемелді келешегі үшін бір болуға шақырды.

Акция кезінде ортаға шыққан облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы, соғыс ардагері Федор Чемоданов өз өмірінде талай қиындық кезеңді бастан өткерген аға ұрпақ атынан бүгінгі жас буынға тіршілік етуге, өздерін көрсетуге қолайлы шақ туып отырғандығын айта келіп, жастарды белсенді ұмтылыстарға шақырды.

Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытының механикалық жинау цехының шебері Айболат Мазенов мұнай-газ саласына қажетті, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы өнім шығаратын өз ұжымының экономиканы көтеруге қосар үлесі туралы баяндады. Қазіргі уақытта бұл зауыт жұмысшылары «Құбырлар мен ұңғыма жабдықтары — Қазақстан мұнайшыларына» деген ұранмен жұмыс жасап келеді. Республикамыздың батыс өңірінде мұнай мен газ саласын, металлургия мен машина жасау өндірісін дамыту қажеттігі күн тәртібіне қойылып отырған тұста аталған кәсіпорын бұл міндеттің жүзеге асуына лайықты үлесін қоспақ. Айболат Мазенов өзінің әріптестері атынан көпшілікті осылай деп сендірді.

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің директоры Жеңісгүл Мұхамбетпайызова Жолдауда айтылғандай, білім беру кәсіби стандартқа негізделіп, қатаң түрде экономикалық қажеттіліктермен өзара байланысуы керектігін берік ұстаным ретінде жүзеге асыратындықтарын баяндады. Ал мұнай құбыры зауытының жұмысшысы Василий Тимохин, Ақтөбе қаласындағы №9 «Бәйшешек» балалар бақшасының меңгерушісі Шолпан Жүсіпова Елбасы саясатының қоғамды дамытудағы айқын бағдарына, биік рөліне тоқталып, бұның өзі қарапайым еңбек адамдарына рухани көшбасшылық, демеушілік беретіндігін айтты.

Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының студенті Мәншүк Дүмбаева «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері Жолдау міндеттерін жүзеге асырар белсенді күш болатындығын білдірді. Ол өткен жыл қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы жастар саясатын жүргізудегі үздік аймақ деп танылғандығын айта келіп, алдағы уақытта Астана қаласындағы «Жаңа халықаралық университет», «Арнаулы қор», «Интеллектуалдық мектептер» секілді жобаларды біздің өңірде де дамытуға қатысты өз тілегін білдірді.

Акция барысында қорытынды сөз алған облыс әкімі Елеусін Сағындықов Елбасы Жолдауына қатысты шаралар біздің өңірде алғашқы күннен-ақ кең ауқымда өрістегенін, бұл орайда маңызды құжаттағы айтылған нақты міндеттер мен жергілікті аймақтағы экономикалық-әлеуметтік бағыттағы атқарылар істер үйлесім табуы көзделіп отырғандығына көпшілік назарын аударды.

…Акцияға қатысушылар осылайша Елбасы Жолдауын — шын мәнінде жаңа экономикалық өрлеудің өзекті бағдары деп қабылдайтындығын білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу 192 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу