Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыс әкімі су басқан аудандарға барып, тұрғындармен тілдесті

Облыс әкімі су басқан аудандарға барып, тұрғындармен тілдесті

Сәрсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қурайлы елді мекені мен Сүт зауыты ауданындағы «Сосна» бау-бақша ұжымының жағдайымен танысып, Сазды өзенінің жағасын қарап шықты.

Алдымен Бердібек Сапарбаев Қурайлы ауылындағы су басқан үйлерді аралады. Тұрғындармен сөйлесіп, осы аумаққа бекітілген мамандарға тиянақты жұмыс жасауды тапсырды.

  • Қазіргі күні су басқан үйлерді қалыпқа келтіру, кеткен шығын көлемін анықтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Аталған комиссия су басқан үйлерді, аулаларды қарап, тексереді. Соның нәтижесінде судан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Су келгенге дейін үйдің жағдайы қандай болды? Су кеткеннен кейінгі жағдайы қалай? Қаншалықты зардап шекті? Соның барлығын арнайы комиссия анықтап, содан кейін тұрғындарға көмек көрсетіледі. Осы жерде айта кететін жайт, бізде кейбір тұрғындар судың ауласына не үйіне кіргенін пайдаланып, өмірі жөндеу көрмеген үйлеріне қосымша қаржы сұрап жатады. Бұл мәселе де комиссияның назарында болады. Ал үйлері суға кеткен азаматтардың ешқайсысы көмексіз қалмайды, — деді облыс басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ К.Нокин даңғылының артындағы ескі ет комбинаты ауданында орналасқан саяжай массивіне барып, осы аумақтан өтіп жатқан Сазды өзенінің арнасын қарады. Қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров Сазды өзенінің осы тұстағы арнасы жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде ең қауіпті аймақ саналатынын, алдын алу шаралары жасалғанның өзінде бұл ауданда он шақты үйді су алатынын жеткізді.

Бұл жерде ешқандай құрылыс болмауы керек. Бас жоспарға сәйкес бұл ауданда негізінен көп қабатты үйлер салынуы қажет. Ал Сазды өзенінен келіп жатқан суды ауданға кіргізбеу үшін бұл жерді бетонды тақталармен бекітіп, Саздының Елек өзеніне құятын жеріне дейін 2 600 метрге дейін бетонды канал жасау керек, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев Сүт зауыты ауданында орналасқан «Сосна» бау-бақша ұжымына да барды. Бұл ұжымда 25-тен астам отбасы тұрады. Су басқан үйлерді аралап қарап, тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Бау-бақша ұжымы тұрғындарының айтуынша, Елек өзенінен келген су үйлерге кіріп, дүние-мүліктерін бүлдірген, сондай-ақ кейбір үйлердің қабырғалары жарылған. Тұрғындар өтетін жол мен осы аумақтағы көпір бұзылған.

Тұрғындар облыс басшысына көше мен үйлерді су басқан кезде құтқарушылар бұл ауданға келмегенін, ал зардап шеккендерді №15 орта мектеп басшылығы қабылдамағанын, сондай-ақ медициналық көмек көрсетілмегенін айтып шағымданды.

  • Бұл жағдайды біз дереу анықтап, тексереміз. Егер сіздердің сөздеріңіз дәлелденсе, онда кінәлілер жазаланатын болады. Ең бастысы, қазіргі кезде судың деңгейі төмендеді, енді үлкен көлемдегі су келмейді. Алдағы уақытта арнайы комиссия жұмыс жасайды. Олар әр үйді, ауланы қарап, тексеріп, кеткен шығын көлемін анықтап, бізге жеткізеді. Ал сіздердің жол, көпірге байланысты айтқан өтініштеріңізді алдағы уақытта арнайы комиссия қарап, оларды қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізеді. Ол үшін ең алдымен жердің құрғағанын күтуіміз керек. Ал мектептер жайына келер болсақ, бүгінгі күні қалада 8 мектеп судан зардап шеккендерді қабылдап, оларға көмек көрсетіп жатыр. Тіпті қазір мектептердің кейбіреулерінде орын бос.Тағы қайталап айтамын, біз Заңға сәйкес шешім қабылдаймыз. Сондықтан ең алдымен бау-бақша ұжымында заңды түрде тіркелген үйлерге, сондай-ақ жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіледі. Мұндай жағдайда бірде-бір отбасы көмексіз қалмайды, — деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>