Басты бет » Әлеумет » Зияткер имам — заман талабы

Зияткер имам — заман талабы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуі еліміздегі ислам дінінің дамуына тың серпін беру, ел бірлігін сақтау жолындағы мәселелер кеңінен талқыланған маңызды басқосу болды.

Кездесуде дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы күрестегі өзара іс-қимыл, жастар тәрбиесіндегі имамдар ролі, имамдар біліктілігін арттыру мәселелері төңірегіндегі ой-пікірлер ортаға салынды. Елбасы имамдардың өз дінін терең танып қана қоймай, өзге діндердің ерекшеліктерін зерттеп, басқа да білімдерді игерген адам болуы керектігін атап өтті. Жастарға дұрыс білім, дұрыс тәрбие беру мақсатында бұл өте маңызды.

Кездесуде көтерілген мәселелерге орай мен де өз ой-пікірлерімді жеткіздім. Бұл мен үшін айрықша оқиға болды.

Сонымен қатар, Астанада «Ислам және өркениет» тақырыбында өткен ІІ республикалық имамдар форумында «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасының қабылданғанын жеткізгім келеді. Бұл — жан-жақты білімді, саяси сауатты, діни білімнен бөлек зайырлы ғылымдарды да қатар меңгерген зияткер имамды қалыптастыру қажеттілігінен туындаған құжат. Құжат мазмұнында бүгінгі имамдардың біліктілігімен қатар, қоғамдағы беделін, әлеуетін арттыру керектігіне де көп мән берілді.

Ата дінімізді әдет-ғұрпымыздан ажыратқысы келген келімсек ағымдардың кесірінен  қоғамда жаппай діннен үрку құбылысы пайда болды. Ағы мен қарасы не ағымы қайсы екендігін ажырата алмауы себепті кейбір мұсылман бауырларымыз балаларымыз ұстанған сара жолды мойындамай, төл тарихынан бас тартуға дейін барды. Сондықтан да елімізде ғасырлар бойы салтанат құрған исламның дәстүрлі жолын дәріптеу өте маңызды еді. «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі — Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы» атты екінші құжат — осы бос кеңістіктің орнын толтырып, дәстүрлі дін құндылықтарын халық санасына сіңіруде сүбелі үлес қосады деп сенемін.

Форумға ҚМДБ-ның 500 имамы қатысып, қос тұжырымдаманың қабылданған тарихи сәтінің куәсі болды. Соның ішінде, Ақтөбе өңірінен барған 15 делегаттың — дін мамандарының әрқайсысы осынау толқулы сәттің маңыздылығын терең түсіне отырып, қос құжатта қамтылған міндеттерді іс жүзінде атқарудағы жауапкершілік жүгін жұмыла көтереді деп білемін.

 Төлеби ОСПАН, 

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы,

облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*