Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеліктер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарды

Ақтөбеліктер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарды

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы саяси кеңесінің отырысы өтті.

Жиында алдымен қала әкімі Ілияс Испанов су тасқынына байланысты атқарылған шаруаларға тоқталды.

Тасқын кезінде қала халқы бір ауыздан жұмыла іске кірісті. Қала әкімінің орынбасарлары мен мәслихат хатшысы бастаған азаматтар тасқын болған аймақта жүрді. Тұрғындарға көмектесу үшін қор құрылды. Осыдан екі-үш ай бұрын құрылған «Қолғанат-Ақтөбе» қоры сенімді қор ретінде жұмысын бастады. Қазір қорға екі миллион теңгенің үстінде ақша түсті. Қор мүшелерінің қатарында БАҚ өкілдері де бар. Олар қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Алғашқы кезде 850 адам құтқарылып, олар бес мектепке орналастырылса, қазір ондағы тұрғын саны азайды. Халық жан-жақтан көмек қолын созып жатыр. Мемлекеттік мекемелердің әрқайсысы 5 пәтерден жалға алып, мүмкіндігі шектеулі, жүкті әйелдерді орналастырып жатыр. Сондай-ақ үйі құлап, баратын жері жоқтар да уақытша осындай орындарға орналастырылмақ. Өйткені мектепте оқу процесі қиындау өтіп жатыр. Әрине, ата-аналар түсіністік танытқанымен зардап шеккендерді ол жерде ұзақ ұстауға болмайды. Балалар кедергісіз сабақ оқуы тиіс.  

Қазір қала тұрғындары мүмкіндіктерінше көмектерін аяп жатқан жоқ. «Шаңырақ» хостелінің иесі 17 орын берсе, 40 орынды жатақхананың иесі де зардап шеккендерді қабылдауға қарсы еместігін айтты. Дағдарыс орталығына да азаматтарды орналастыру көзделіп отыр. Қазір біздің басты мақсатымыз — көмекті тиімді ұйымдастыру, түскен қаржыны талан-таражға салмау, — деді қала әкімі.

Оның айтуынша, қазір қала аймағындағы ірі су қоймалары қалыпқа түскен. «Ақтөбе» су қоймасында су ең төменгі  мөлшерде жіберіліп жатыр. Қалада жағдай тұрақты.

Жиында қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова көмек ұйымдастыру жұмыстарын жан-жақты баяндады. Әсіресе ерікті жастар мен дәрігерлердің еңбегі зор. Дәрігерлер мен медбикелер мектептерде күні-түні кезекшілік еткен. Осы сәтті пайдаланып саяжай тұрғындарын скринингтен өткізген. Ал ерікті жастар уақытқа қарамай қажетті заттарды тасып, үздіксіз жұмыс істепті.  «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалының бірінші орынбасары Мұратбай Әжібаев бұндай игі істі атқарғандар елеусіз қалмауы керектігін айтты.

— Су тасып, халық әбігерге түскен кезде көзім көрді. Құтқарушы жігіттер өлім аузында жатқан қыз баланы алып шықты. Тіпті бір жігіт бір шақырым бойы жүкті әйелді көтеріп келді. Осындай азаматтардың ісі ескерусіз қалмаса екен. Бұл біздің патриоттығымызды оятады, — деді.

Сондай-ақ ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ел дамуы үшін маңызды құжат екенін айтып, баяндама жасады. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Әсия Тіржанова медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі жұмыстарды баяндады. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Арыстан Рахымжан атқарған жұмысы туралы есеп берді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*