Басты бет » Жаңалықтар » Депутаттар зардап шеккендер үшін қорға 100 мың теңгеден аударып жатыр

Депутаттар зардап шеккендер үшін қорға 100 мың теңгеден аударып жатыр

Қазір Ақтөбеде тасқын судан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жұмыстар күшейтілуде. Бүгінгі күні қалада зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын қадағалайтын тұрақты комиссия құрылып, іске кірісті. Баспанасы су астында қалған тұрғындар үшін «Қолғанат Ақтөбе» қоры құрылып, қазір осы қор мен қор жанындағы «Qiwi кошелекке»

5 014 764 теңге, 1 490 рубль түскен. Азаматтар қолма-қол 17 мың теңге тапсырған.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Ләззат Оразбаева қалыптасқан жағдайға байланысты зардап шеккендерге ақтөбеліктердің жұмылып, бір кісідей қолдау танытып жатқанын айтты.

— Ақтөбе қаласында 16 сәуір күні төтенше жағдай жарияланды. 15 сәуірден бастап үйлерін су басқан адамдарды уақытша паналау бекеттеріне қабылдау жұмыстары басталып кетті. Мұндай бекеттер мектеп базасында ұйымдастырылған болатын. Су тасқынының алғашқы күнінде қаладағы №40, №15 және №26 орта мектептердегі бекеттерде адамдарды қабылдау басталды. 16 сәуір күні қаладағы №45 орта мектептегі уақытша паналау бекеттеріне адамдар орналастырылды. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы 7 мектепте уақытша паналау бекеті ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетіліп жатыр. Олар — қаланың №15, №26, №40, М.Арынов атындағы Қарғалы орта мектебі, Ақжар ауылындағы №45, Заречный поселкесіндегі №61 және Оңтүстік-батыс ауданындағы №10 орта мектептер. Сол сияқты, қаланың Жамбыл көшесінде орналасқан №31 орта мектепке де тасқыннан зардап шеккендер орналастырылды. Соған қоса, қаланың 8-март көшесінде орналасқан  «Шаңырақ» хостеліне екі отбасы, яғни барлығы 17 адам жайғастырылды. Себебі, бұл отбасы мүшелерінің арасында мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Осылайша оларға тыныш жер қарастырылды. Қазір хостелдегілер екі үлкен отбасы мүшелерін ақысыз төсек жабдықтарымен, кереуетпен қамтамасыз етіп отыр. Хостелге орналастырылған екі отбасы мемлекет тарапынан азық-түлікпен қамтамасыз етілуде.

Су тасқыны орын алған алғашқы күндері, яғни 16 сәуірде Ақтөбе қаласы әкімдігі «Дина» гипермаркетімен келісімге отырып, тасқын судан зардап шеккендерді бірінші кезектегі қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Яғни, тұрғындарға төсек жабдықтары мен күнделікті тұрмысқа қажетті тіс щеткасы мен пастасы, сабын, су сабын, сүлгі және ішкі киімдер, сүйретпе аяқкиімдерді бірден  жеткізіп үлгерді.   Мектеп базасындағы уақытша паналау бекеттеріне азық-түлік өнімдері еш кідіріссіз жеткізіліп, түсірілді. Бұл мәселеде тұрғындарға ешқандай проблема болған жоқ.

Өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты 16 сәуір күні кешкілік жергілікті тұрғындар тарапынан да алғашқы көмектер көрсетіле бастады. Тұрғындар қолынан келгенше заттай көмектерін осы бекеттерге жеткізді, әлі де болса көмек қолдарын созып жатыр.

Ал 17 сәуір күні зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне қатысты Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары ретінде жиын өткізуіме тура келді. Себебі, көпшілік сайттарда, әлеуметтік желілерде «Qiwi кошелек» ашып, тасқыннан зардап шегушілерді қолдау үшін халықтан қаражат жинауға қатысты ақпараттар таратыла бастады. Ол — өте күмәнді. Әрине, халық тарапынан қайырымдылықтар, көмектер болып жатыр. Дегенмен халық көп, адамдардың пиғылы да әртүрлі. Сондықтан бұл мәселені арнайы есепшот арқылы шешкенді дұрыс санадық. Қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері түгел шақырылған жиында зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстарын қадағалайтын тұрақты комиссия құрылып, оның төрағасы ретінде мені сайлады. 15 адамнан тұратын комиссия құрамында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім, денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, жоғары оқу орындарының өкілдері, ішкі істер басқармасы ардагерлер кеңесі мен Ауған соғысының интернационал жауынгерлері қоғамдық бірлестігінің төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Бүгінгі күні бұл комиссия жұмыс жасап жатыр, іске барлық партия мүшелері қатысып отыр. Бұл орайда «Жас Отан» жастар қанаты мен еріктілер тобының да белсенді жұмыс жасап жатқанын айтпай кетуге болмайды.

— «Қолғанат Ақтөбе» қорының құрылғанын білеміз. Қорға қанша қаражат жиналды?

— «Қолғанат Ақтөбе» қоры — Ақтөбедегі іскер әйелдер қауымдастығының енді ғана ашып жатқан қоры болатын. Қордың негізгі мақсаты — қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға көмектесу. Қор биыл наурыз айында ашылған болатын. Бұл орайда қордың өз жұмысын нөлден бастағанын айтуымыз керек.

20 сәуір күнгі сағат 17.00-гі мәлімет бойынша, «Қолғанат Ақтөбе» қоры мен қор жанындағы «Qiwi кошелекке» 5 014 764 теңге және 1490 рубль түсті. Сондай-ақ, азаматтар қолма-қол 17 мың теңге тапсырған. Сол сияқты, қор жанынан 2 үлкен қойма ашылды. Себебі, қазір уақытша паналау бекетін қоныстанған адамдар жағдай қалыптасқасын, үйлеріне көшіріледі. Ал үйлері қирап, ортасына түскендерді біз әрмен қарай мектепте емес, белгілі бір орындарға орналастырамыз. Қазіргі күні сол жағы да ойластырылып, осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қор комиссиясының құрамында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Рузия Айдашева бар. Қазір тасқынға байланысты іс-шаралардың бәрі ашық, халық назарында жүргізіліп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл бағытта күн сайынғы атқарылып жатқан жұмыстар жариялануда. Біз «Қолғанат Ақтөбе» қорының инстаграм желісінде арнайы парақшасын ашқалы жатырмыз. Себебі, халық қорға қанша қаражат түскенін, оны кімдер аударып жатқанынан хабардар болуы тиіс. Өйткені ол халықтың ақшасы.

Бүгінгі күні қорға жиналған қаражат қандай мақсатқа жұмсалуда?

— Әзірге қор қаражаты жинақталады. Қордағы қаражат жұмсалған жоқ. Қазір тасқыннан зардап шеккендерге жеткілікті мөлшерде көмек көрсетіліп жатыр. Көмек Үкімет тарапынан да, халықтан да көрсетілуде.

Бүгінгі күні Ақтөбеде тасқынға байланысты 7 мобильді топ құрылып, жұмысқа кірісті. Олар зардап шеккен отбасыларға келтірілген шығынды анықтап, талдау жасаумен айналысып жатыр. Яғни, топ мүшелері кімнің үйі қирағанын, кімнің үйіне күрделі жөндеу керек, ол үшін қанша құрылыс материалдары қажет деген бағытта жұмысқа кірісті. Зерттеу, талдау жұмыстары аяқталып, қорытынды шығарылмайынша, қордағы қаражат жұмсалмайды. Тасқыннан зардап шеккен әрбір отбасыға осы қордың қаражаты шығын көлеміне байланысты адресті түрде беріледі. Әрбір отбасына көрсетілетін көмек инстаграм парақшасында жарияланып отырады. Қазір қор жанынан ашылған екі қоймаға азық-түлікпен қатар, киім-кешек, құрылыс материалдары жинақталуда.

— Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерге еліміздің өзге өңірлерінен көмек көрсетіліп жатыр ма?

— «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорына Шымкент және Алматы қалаларынан қаржы аударғандар бар. Ақтөбе қаласы мәслихатының депутаттары да тасқын судан зардап шеккендерге көмек қолдарын созуда. Бүгінгі күні қорға қалалық мәслихаттың 5-6 депутаты 100 мың теңгеден қаржы аударған. Қалыптасқан жағдайға байланысты «Халық» банкі ұжымы да бір кісідей көмектесті. Банк қызметкерлері 300 мың теңге жинап, қосымша заттай, азық-түлік жеткізіп, көмек берді. Қазіргі күні олар қорға сол қаражатты аударамыз деп отыр. Сол сияқты, қаладағы ірі-ірі компаниялар мен кәсіпорындар тарапынан да көмек көрсетілуде. Атап айтсақ, «ҚазақОйл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тасқын судан зардап шеккендерге 100 матрац, төсек жабдықтарын жеткізді. Компания өкілдері әлі де болса ақшалай көмек көрсетеміз деген тілектерін айтты. Қызыл Ай қоғамы Ақтөбе филиалы тұрғындарға 100 комплект тіс пастасы мен щеткасын, матрац жеткізді.

— Ақтөбе қаласында ашылған дағдарыс орталығына тұрғындар орналастырылды ма?

— Бүгінгі күні ол орталыққа да тұрғындарды орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*