Басты бет » Жаңалықтар » Енді қауіп жоқ

Енді қауіп жоқ

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, қазір Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе су қоймасы 97 пайызға толып тұр. Бүгінгі күні бұл су қоймадан су жіберіліп жатқан жоқ. Қарғалы су қоймасының да жағдайы осындай. Мұндағы судың көлемі  — 97 пайыз. Қазір Қарғалы су қоймасынан да төменге су жіберіліп жатқан жоқ. Сазды су қоймасына 7,5 миллион текше метр су жиналады. Су қоймасына  келетін артық су автоматтандырылған құрылғы арқылы төменге ағызылады. Бүгінгі күні төменгі ағысқа жіберіліп жатқан су көлемі — секундына 3 текше метр. «Бұл — өте аз көлем. Ешқандай су тасқынына әсер етпейді», — дейді Б.Сыздықов.

Бүгінгі таңда қалада су тасқынына байланысты ешқандай төніп тұрған қауіп жоқ. Облыстың барлық өзендерінде, оның ішінде қалаға келетін өзендердегі судың деңгейі төмендеді. Дәл қазіргі күні тасқыннан елді мекендерге, халыққа төніп тұрған қауіп жоқ, — деді департамент бастығы.

Б.Сыздықовтың айтуынша, облыс бойынша жағдай бір қалыпты. «Биыл көктемгі су тасқыны кезіндегі ең қиын жағдай Ақтөбе қаласында ғана болды. Облыс бойынша Алға ауданындағы Есет батыр ауылында ғана тасқын судың салдарынан екі аралықтағы жол жабылды. Себебі, Алға қаласы мен Есет батыр ауылы аралығындағы жол үстімен Елек өзенінің арнасы өткен. Қазір бұл аумақтан үлкен көліктер ғана жүріп өте алады. Бұл — осы аумақта жылда болатын жағдай. Бүгінгі күні кезекшілік қойылған. Су тасу кезеңінде бұл аралық 5 күнге немесе 1 аптаға жабылады. Су деңгейі төмендегеннен кейін бәрі қалпына келеді», — деді Бауыржан Сыздықов.

Департамент директорының айтуынша жергілікті әкімдіктегілер су жүріп кету қаупін алдын ала біліп, ауылдағы созылмалы ауруы барлар мен жүкті әйелдерді Алға қаласына алдын ала жеткізіпті. Ауыл халқы азық-түлікпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*