Басты бет » Әлеумет » Дер кезінде сақтандық

Дер кезінде сақтандық

  • Мұғалжар

Мұғалжар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бауыржан Баяділов өңірде тасқын судан қауіп жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, бұған дейін ауданда 7 аумақты су шайып кету қаупі туындаған. Алайда төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тасқыннан келер қауіп сейілген.

— Қауіпті  аймақтар жіті бақылауға алынған болатын. Соның ішінде Сағашилі ауылындағы Темір өзенінде мұздардың тұрып қалуы аз болып, қауіптен дер кезінде сақтандық. Ал қазіргі басты мәселе — Елек өзенінің арнасынан тасуы. Ол Ақкемер мен Есет  батыр елді мекендеріне қатынайтын көпірдің үстімен ағуда. Оны тоқтату біздің қолымыздан келмейді, — деді Бауыржан Баяділов.

Диляра ЕРБОЛАТ.

  • Мәртөк

 

АДАМ ДА, МАЛ ДА КӨШІРІЛДІ

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ауыл әкімдіктерімен бірлесіп су тасқынының алдын алу шараларын белсенді жүргізіп жатыр. Төтенше жағдай қызметінің мамандары су тасқыны жүруі ықтимал қауіпті жерлерді анықтап, тұрғын үйлерді аралап, жылғалар мен өзендерге жақын маңда тұратын тұрғындармен жиын ұйымдастырып, қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Аудан аумағы үстінен Елек өзені 80 шақырым ағып өтеді. Оның бойында суға кету қаупі бар Саржансай ауылының төменгі бөлігінде 82 үй, яғни 287 адам бар. Тұрғын үйлерден өзен арнасына дейінгі арақашықтық — 800 метр. Өзен арнасы 15 сәуірден көтеріле бастаған бойда 2 метр өзен аумағына арнайы өлшеуіш белгі қойылып, бақылауға алынды. Бақылау барысында су ернеуі 1,10 сантиметрге  көтеріліп, арнасы 30-50 метрге жайылған. Сондықтан да үш күн ішінде апаттың алдын алу жұмыстарына жергілікті тұрғындардан, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарынан және мекеме қызметкерлерінен 191 адам, 8 техника, яғни 2 трактор, 1 «К-700», 2 тиегіш, 3 автокөлік жұмылдырылып, 1000 қап құм дайындалған. Ұзындығы 3 шақырым, биіктігі 1-1,5 метр өзеннің су кету қаупі бар аймақтарына құмнан бөгеттер жасалған.

Су арнасының көтерілуіне байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдік мамандары, төтенше жағдай бөлімі, учаскелік полиция инспекторлары арқылы әрбір үйге жазбаша, ауызша ескертулер берілді. Өзен маңында су басу қаупі бар жердегі  2 шаруашылықтағы 198 ірі қара, 51  жылқы және ұсақ малдар жоғарыға көшірілді. Сонымен қатар, 17 адам туыстарының үйлеріне көшірілді.

Қазір су тасқынына сақадай сай тұрмыз. Нақты айтқанда, адамдарды орналастыратын 3 жеке мекемеде 110 орын және мектеп ғимараты дайын тұр. Қазіргі таңда жағдай қалыпты. Соңғы мәліметтер бойынша, өзен суының 10 сантиметрге төмендегені байқалады. Күндіз-түні бақылауды тоқтатпаймыз, —  дейді Тәңірберген ауылының әкімі Дархан Тілеуов.

 Аманат ҚАЛПИЕВА.

  • Қарғалы

ПЕТРОПАВЛОВКАДА 20 ҮЙ ТАСҚЫННАН АМАН ҚАЛДЫ

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі өңірде суға кету қаупінің алдын алу шаралары алынғанын айтады.  

10-17 сәуір күндері Петропавловка поселкесіндегі 20 үйге су тасқыны кезінде су жақын келгенмен, аудандағы азаматтық қорғау қызметінің жұмыла жұмыс жасауының арқасында бұл үйлер тасқыннан аман қалды. Бұл жағдайға адамдар мен техника сақадай сай тұрды. Соның нәтижесінде бірде-бір үй су астында қалған жоқ, — дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қайрат Сутеев.

Қарғалы су қоймасынан су ағызу кезінде Қарғалы өзеніндегі судың деңгейі көтерілді. Соның салдарынан Шәмші Қалдаяқов және Петропавловка ауылдары маңынан өтетін өзен арналарының жиегін бекітуге тура келіпті. Қ.Сутеевтің айтуынша, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар дер кезінде қолға алынған.  Тасқынға қарсы іс-шараларға сақадай сай болу үшін 18,1 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа жанар-жағармай мен 500 тонна көлемінде инертті материалдар алыныпты.

                                                                                                       К.БАЙХАНОВА.

  • Хромтау

ҮШ ОРЫНДЫҚ ҚАЙЫҚ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Хромтау ауданын бойлай Ор және Ойсылқара өзендері өтеді. Бүгінгі күні су тасқыны қаупі бар елді мекендерде сақтық шаралары жасалды. Ор және Ойсылқара өзендерін  бойлай орналасқан Қопа ауылдық округінде 19 сәуірден бері жол қатынасы жоқ. Жолдың жоқтығы болмаса, ауылдағы халықтың ахуалы тұрақты. Қар еріп, сең жіби бастағаннан-ақ азық-түлік, дәрі-дәрмектерін қамдап алған ауыл тұрғындарын пәлендей толғандырған мәселелер жоқ. Жергілікті биліктегілер: «Қалада, аудан орталығында қауырт шаруасы барлар 3 орындық қайықтың көмегіне жүгінуде.  Ор өзеніне жақын орналасқан Бөгетсай, Көктөбе, Көктау ауылдарында сақтық шаралары жасалып, қауіп сейілді. Аудан әкімдігінің, Ақтөбе мыс компаниясының көмегімен, судың бұзып кетер өткелдері мен бекеттеріне құм төселіп, алдын алу шаралары жасалды», — дейді.

 Ләззат ӘБДІРОВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>