Басты бет » Әлеумет » Заманауи дәуірдің нақтылау жолы

Заманауи дәуірдің нақтылау жолы

Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылауға бағытталған жиын өтті.

Басқосуға қастысқан Ақтөбе облысы әкімінің аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің маманы Әбілхан Алдаберген, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Нұрғалиев, тағы басқа да қоғам белсенділері Елбасы мақаласындағы латын әліпбиіне көшу, озық дәстүрлерді жаңғырту, «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру сынды тұстарын саралап берді.

— Елбасының жариялаған мақаласы еліміздің алдағы уақыттағы әлеуметтік және идеологиялық даму бағдарын айқындаған маңызды жайттарды баяндайды.

Оның ішінде бірнеше бағыттарға тоқталып өтуге болады. Мәселен, әлемнің өзге тілдеріндегі жүз таңдаулы оқулықты қазақ тіліне аудару. Ол үшін ұлттық аударма бюросын құру жөнінде нақтылап айтты. Себебі аударма мәселесінде көптеген ағаттықтардың салдарынан тіліміздің шұбарланып бара жатқаны, өзге халықтардың тілінен кейбір сөздердің еріксіз кірігіп бара жатқаны өзекті мәселе. Сондай-ақ көптеген жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің таңдаулы оқу орындарында білім алып жатыр. Өкініштісі, олардың кейбірі туған ана тілінен қашықтап бара жатқан секілді. Өздерінің туып-өскен атамекені жөнінде мағлұматты көбірек білмейді. Міне, «Туған жер» бағдарламасы бізге осы үшін керек. Себебі, жас ұрпақтың бойына Отанына деген сүйіспеншілікті арттыру керек. Осы орайда Президент қандай бағдарламаларды қолға алу керектігі жөнінде жіктеп айтып берді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы осы маңызды құжат жөнінде, сондай-ақ облыстық деңгейде қандай шаралар жүзеге асыруға болатынын кеңінен талқылады. Біз Елбасының сара саясаты ел мүддесін, Отанының келешегін ойлайтындығы деп түсінеміз,деді Жанғабыл Қабақбаев.

Сондай-ақ жиынға қатысқан Әбілхан Алдаберген:

—  Елбасы мақаласында «Туған жер» бағдарламасы айтылды. Өзіміздің елдің, жердің, аттарын кейбір жастарымыз біле бермейді. Сондықтан мақалада көтерілген осы және өзге негізгі мәселелер көпшілік тарапынан қолдау тауып, нақты бағдарламалар арқылы жалғасын табады деп сенемін. Қазақстанды өркениет көшінің алдына бастайтын жаңа бастамалар қашанда көпшіліктің қолдауына ие, — деді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*