Басты бет » Жаңалықтар » Шаруалардың көктемгі егін науқанына әзірлігі қалай?

Шаруалардың көктемгі егін науқанына әзірлігі қалай?

Облыстағы орман қорының 12 073 гектары — қураған ағаштар

Депутат Гүлжанат Ерғазинаның төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев, облыстық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе — атқарушы органдардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құсайын Сәрсембайдың баяндамасы тыңдалды.

Биыл 641,7 мың гектар алқапқа егін егу жоспарланып отыр. Бұл былтырмен салыстырғанда 74,2 мың гектарға артық. Суармалы жер көлемі де 18,3 мың гектардан 21,5 мың гектарға дейін өскен.

Жалпы ағымдағы жылы 19,5 мың гектар аумаққа инфрақұрылым тартылады. Сөйтіп, алдағы екі жылда қолданыстағы суармалы жерлердің көлемі 40 мың гектар болады, — деді Құсайын Сәрсембай. Оның айтуынша, аудандардың барлығы тұқымдармен толық қамтылған. Элиталы тұқым көлемі де артқан.

— Облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында 11,3 мың тонна төмен репродукциялы тұқымдардың бәрі де жоғары репродукциялы тұқымдарға ауыстырылды, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің облысқа көктемгі далалық жұмыстары үшін 8 800 тонна дизель отынын берген. Облыс шаруашылықтарына бір литр дизель 113 теңгеден сатылады. Бұл — нарықтағы бағадан 13 пайызға арзан.

Біздің облыста дизель отынының құны — еліміз бойынша ең төменгі бағалардың бірі. Павлодар мен Шымкентте бір литр дизельдің бағасы 109 теңге. Себебі бұл қалаларда мұнай өңдеу зауыттары бар, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Жиын барысында Құсайын Сәрсембай шаруаларды қолдау мақсатында мемлекеттен берілетін субсидиялар жөнінде де жан-жақты баяндады.

Тұқым шаруашылығын субсидиялау үшін берілген қаржы —  82,4 млн теңге. Өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында 1 297,8 млн теңге субсидия бөлініп отыр. Оның ішінде минералды тыңайтқыштарды, гербицидтерді субсидиялауға бөлінген қаржы көп.

— Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде көктемгі далалық жұмыстарын уақытында жүргізуге мүмкіндік бар, — деп түйіндеді сөзін Құсайын Сәрсембай.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе — облыстағы орман шаруашылықтарының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұлдың баяндамасы тыңдалды. Аталған басқармаға қарайтын 7 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі бар. Облыстағы орман қорының жалпы аумағы — 21 5414 гектар. Орман шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелер туралы Н.Аққұл былай деді:

Ақтөбе және Қарабұтақ орман шаруашылықтарының бес жыл бойғы жұмыстарында нәтиже жоқ. Соның салдарынан, екпе ормандары стандартқа сай емес. Орманды алқапты көбейту мақсатындағы жұмыстар орындалмай жатыр. Сондай-ақ, Ақтөбе орман шаруашылығының да жағдайы мәз емес. Бұл шаруашылықта орманды алқапты көбейту жұмыстары  2012 жылдан бері орындалған жоқ.

Басқарма басшысының айтуынша, ормандағы заңбұзушылықтарды анықтау және оған дер кезінде тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар да мардымсыз жүргізілуде.

Облыстық әкімдікке қарайтын мемлекеттік орман қоры аумағында 12 073 гектар қураған екпе ормандар анықталды. Бұл — 1960-1970 жылдары егілген, қартайған, экологиялық және қорғаныштық функцияларын жоғалтқан қарағаштар. Бұл ағаштар алдағы 3-5 жылдықта кесіледі, — деді басқарма басшысы.

Облысымыздағы мемлекеттік орман қорының басым бөлігі — қарағаш ормандары. Қазір ильмалық жапырақжегіш зиянкестері қарағаш ормандарына зиян келтіруде. Нұржан Аққұлдың айтуынша, зиянкестерді улау жұмыстарына 15 млн теңге қаражат қажет.

Жиын барысында депутаттар, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері баяндамашыларға бірқатар сұрақтар қойып, ескертулер, ұсыныстар айтты.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелерді талқылаудан кейін сын, ескертпелерді ескере отырып, тиісті қаулы қабылданды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*