Негізгі / Жаңалықтар / Blog article: Филиалдың жаңа басшысы сайланды

Филиалдың жаңа басшысы сайланды

9 Ақпан 2010 | Пікір жоқ | Жаңалықтар

Ақпанның 5-і күні «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс ХІ конференциясы өтті. Шараға «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, облыс әкімі Елеусін Сағындықов қатысты.

Жиында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы қайта сайланды.

Сондай-ақ партияның саяси кеңес құрамына бірқатар өзгеріс енгізілді.

Өз сөзінде «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Ақтөбе өңірінің Қазақстандағы экономикасы мықты дамыған облыс екендігін, Ақтөбеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы жоғары деңгейде орындалып жатқандығын атап өтті.

Нұрлан Нығматулин «Нұр Отан»  ХДП Ақтөбе облыстық филиалының жаңа төрағасын сайлау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл міндетті 2005 жылдан бері қарай Амангелді Есіркепов атқарған болатын.  Амангелді Есіркепов«Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының директоры болып тағайындалуына байланысты партияның облыстық филиалының төрағалық қызметінен босату туралы арыз  берген.

Амангелді Есіркепов филиал төрағасы болған жылдары көп игі іс атқарылды. Аймақтық партия филиалының материалдық-техникалық базасы да нығайды. Ақтөбе облыстық партия ұйымының құрамы 28 мың мүшелікке жетті.  Осы жұмыстардың жүзеге асуына Амангелді Қабашұлының қосқан үлесі өте зор.

Құрметті Амангелді Қабашұлы, «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің, «Нұр Отан» ХДП төрағасының атынан сізге табысты еңбегіңіз үшін көп рақмет айтамын. Әрқашан да «Нұр Отан» партиясымен бірге партияның алға қойған міндеттеріне жетуге өз үлесіңізді қосатыныңызға сенеміз, — деді Нұрлан Нығматулин.

Амангелді Есіркепов облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа ризашылығын білдірді.

— «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалының аяғынан тұруына Елеусін Наурызбайұлының еңбегі зор. Облыс басшысы бізге әрдайым қолдау білдіріп, материалдық көмек берді, — деді А. Есіркепов.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы болып облыстық мәслихат хатшысы Балғали Ордабаев сайланды. Нұрлан Нығматулин филиалдың жаңа басшысын құттықтап, сәттілік тіледі.

Балғали Ордабаев өзіне сенім білдіргені үшін партия басшылығына рақмет айтып,  филиал жұмысын одан әрі дамытуға үлес қосатынын жеткізді.

— Мен өз тарапымнан партияның жарқын болашағы үшін бар күш-жігерімді саламын. Бұл ретте маған көмекшілер де табылады  деп ойлаймын. Біз бірлессек қана үлкен жетістіктерге жетеміз, — деді Б.Ордабаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу 137 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу