Басты бет » Әлеумет » Ойылда еңбек жәрмеңкесі өтті

Ойылда еңбек жәрмеңкесі өтті

Ірі өндіріс орындары жоқ біздің ауданда жұмыссыздардың болуы заңды. Тек қана ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірімізде «жеңілдің астымен» жұмыс табу қиын. Әйтсе де жергілікті басшылық жұмыссыздардың «екі қолына бір күрек» тауып беруде түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жеке адам мен жұмыс беруші тарап бір-бірін табады. Соның бірі — жыл сайын өткізілетін жұмыс жәрмеңкесі.

Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде аудандағы шаруа қожалық иелері мен кәсіпкерлер, мекеме басшылары қатынасқан жұмыс жәрмеңкесі болды. Жұмыс іздеген жандар мен жұмыс берушілердің кездескен жиынында аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев сөз сөйлеп, қазіргі уақытта жұмыс талғамай, нарық талабына сай әрекет ету керектігін айтты. Сол жерде аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары жиылғандарға жұмыстардың талабымен түсіндірді. Екі тараптың өкілдері бетпе-бет кездесіп өздерінің ыңғайына келетін жұмыстарды таңдады. Оған 79 адам қатысты. Оның алдында шаруа қожалықтарынан 13 малшыға, екі кәсіпкерден 4 жұмысшыға, құрылыс жүргізетін мердігерлерден 29 жұмысшыға және мекемелерден 17 маманға барлығы 63 бос жұмыс орнына сұраныс түскен болатын.

Осындай сұраныстар мен жұмыстардың нәтижесі бойынша құрылыс жұмыстарына 5 адам, операторлыққа 2 адам, шаруа қожалықтарына механизаторлыққа 3 адам, тұрақты жұмыс орындарына 9 адам жолдама алды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту іс-шаралар жоспары негізінде ақылы қоғамды жұмыс орындарына 28 адам, жастар тәжірибесіне 3 адам, «Гүлдене бер, туған ел!» акциясы аясында 32 адамға жолдама берілді.

 С.ҚОЙБАҒАРОВ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*