Басты бет » Білім » Үш мектеп үш ретте де аттестациядан өтпеді

Үш мектеп үш ретте де аттестациядан өтпеді

Ақтөбе облысының оқу орындарында патриоттық, адамгершілік, мәдени және дене тәрбиесі бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Басқосуға Ақтөбе облысының қоғамдық кеңес төрағасы Қуаныш Елубаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Кеңес отырысында мемлекеттік органдар тарапынан жасөспірімдерді патриоттық, адамгершілік, мәдени-рухани бағытта тәрбиелеуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Шара барысында күн тәртібіне орай облыстық білім, жастармен жұмыс, дене шынықтыру және спорт, дін істері жөніндегі басқармалар мен ІІД ювеналды полиция бөлімшесі басшыларының жұмыстары жөніндегі есептері тыңдалды.

Жиында сөз алған облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанна Қайшығұлова:

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті өткен жылы облыстың 125 білім беру ұйымына жоспарлы және қосымша 16 мектепте заңды тұлғалардың өтініштері негізінде соттан кейінгі мемлекеттік аттестаттау жүргізді.

125 білім мекемесінің 54-і аттестациядан ойдағыдай өтті. Облыс бойынша білім сапасын арттыруда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен әлі де болса түзетуді қажет ететін кемшіліктер бар. 13 мектеп үш рет өткізілген мемлекеттік аттестаттау барысында ғана аттестатталса, 3 мектеп, яғни Қарғалы ауданындағы Косестек орта мектебі және Шалқар ауданындағы Қызылту, Темір ауданындағы Сартоғай негізгі мектептері тестілеу нәтижелерінің төмен болуы себепті үш ретте де аттестациядан өтпеді, — деді.

Жанна Қайшығұлованың айтуынша, қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірлесе сәуір айында 4 мектеп, 1 спорт мектебі және қосымша білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізілген. Сондай-ақ биылғы жылы 59 мектепте кездесу өткен. 59 мектептің ішінде 45 бала екпе алудан бас тартқан. Бүгінде барлық мектептерде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова облыс аудандарында интернат ашу, Кембридж тәсілімен оқыту курстары жөнінде жұмыстарға тоқталды.

Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысы бойынша кеңес мүшелері мемлекеттік органдардың жұмысын жақсарту бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.

 Ақбота БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*