Басты бет » Әлеумет » Облыстық басылымдар республикалық каталогқа неге енгізілмейді?

Облыстық басылымдар республикалық каталогқа неге енгізілмейді?

«Қазпошта» акционерлік қоғамының биылғы жылдың ІІ жартыжылдығына арналған газеттер мен журналдар каталогы қолымызға тиді. 208 беттік каталогқа енген басылымдардың  дені — ресейлік газет-журналдар. Беларусь, Украина басылымдары да бар. Әсіресе, мұнда ресейлік журналдар өте көп: мыңнан асады. Ал өзіміздің басылымдар өте аз. Еліміздегі облыстық газеттер мүлде жоқ. Неге? Каталогқа басылымдарымыз енсе, газет-журналдарымызға жазылатын оқырман қарасы көбейе түсер еді ғой. Осы сауалдардың жауабын білмек ниетпен аталған журналдың бас редакторы Сәуле Шамароваға қоңырау шалдық.

Бұл каталогқа тек қана республикалық басылымдар және республика көлемінде тарайтын шетелдік газет-журналдар енгізіліп отыр. Біздің талап — осы: басылым еліміз бойынша тарауы тиіс. Ол үшін біз ең алдымен әр басылымның Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі берген куәлігін сұраймыз. Сондағы таралу аумағына, басылымның мәртебесіне маңыз береміз, — дейді Сәуле Шамарова. Оның айтуынша, облыстық, аудандық басылымдар облыстық каталогқа енеді.

Газет-журналдарды каталогқа енгізу үшін басылым басшылығы бізге ақша төлейді. Облыстық каталогқа қарағанда, республикалық каталогқа газет-журналдарды енгізу үшін ақша көбірек төленеді. Дегенмен, «ақша төлейді екен» деп біз облыстық басылымдарды енгізе алмаймыз, — дейді С.Шамарова.

ІІ жартыжылдыққа арналған каталогта неге өзіміздің  басылымдар аз? Бұл туралы журналдың бас редакторы былай дейді:

Себебі, біздің елімізден шығатын республикалық басылымдардың барлығы І жартыжылдықтағы каталогқа енді. ІІ жартыжылдыққа енгендері — жаңадан жарық көрген газет-журналдар немесе жазылуға байланысты қандай да бір өзгерістер енгізген басылымдар. Мысалы, облыстық емес,  республикалық басылым болып мәртебесін өзгерткен басылым жөніндегі мәліметтерді де каталогқа енгіземіз.

Ал ресейлік басылымдар неге көп? Мұның себебін Сәуле Шамарова каталогқа шетелдік басылымдардың тек жартыжылдықтағы жазылу бағасы туралы ғана мәліметтер жариялайтындығымен түсіндірді.

Сол себепті, біз олардан әр жартыжылға келісім жасап, соған байланысты оларды екі жартыжылдыққа арналған каталогқа да енгіземіз,— дейді С.Шамарова.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*