Негізгі / Жаңалықтар / Blog article: Жиырма алты жоба.

Жиырма алты жоба.

9 Ақпан 2010 | Пікір жоқ | Жаңалықтар

жұмысты экономикасы әлеуетті Ақтөбе облысынан бастағанды жөн көрдік

елбасы Жолдауынан кейін облысымызға жұмыс сапарымен келген топтың жетекшісі, вице-премьер өмірзақ шөкеев осылай деді

Инвестиция 1 миллиард доллардан асады

бұл Ақтөбе экономикасына ерекше серпін бермекші

Республика Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің біздің облысымызға бұл жолғы ат басын тіреуі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енген инвестициялық жобаларды жандандыру, олардың қазіргі ахуалымен танысу мақсатын ұстанғандықтан да жұмыс бабындағы алғашқы жүздесу іскерлік ахуалында өрбіді. Облыс әкімшілігінде кәсіпорын басшыларымен болған кездесуге онымен бірге облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Сауда және индустрия министрі Әсет Исекешов, сондай-ақ бірқатар вице-министрлер қатысты.

— Ақтөбе облысы қазіргі уақытта республикамыздағы экономикасы өрісті дамып келе жатқан аймақ болғандықтан да, жұмысты осы өңірден бастауды жөн көрдік, — деді Өмірзақ Естайұлы, — Өйткені республика бойынша қолға алынған инвестициялық жобалардың жиырма алтысы, яғни елеулі бөлігі осы облыстың үлесіне тиіп отыр. Жаңа бағдарлама мемлекеттің экономикасын дамытуға және нығайтуға бағытталғандықтан, біз бүгінгі күні бизнес-құрылымдар мен биліктің өзара ынтымақтастығы осы іске серпін береді деген ойдамыз.

Өмірзақ Шөкеевтің алдына бірінші болып  «Восход-Ориел» тау-кен өндіру компаниясының бас директоры Борис Агадулин келді. Мұндағы инвестициялық жобаның атауы «Восход» кен орнындағы жер асты рудник-шахтасы деп аталады. Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, бұл қазақстандық-австралиялық бірлескен кәсіпорында руда өндіру 2012 жылы басталуы тиіс деп жоспарланған. Алайда тиімді алынған шаралардың нәтижесінде алдағы шілде айынан бастап алғашқы партия өндірілмекші. Кәсіпорында жыл сайын 870 мың тонна өнім өндіру көзделуде. Бас директор өңдеуші кәсіпорында бес жүзден астам адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.

Вице-Премьер кәсіпорындағы кадрмен қамтылу мәселесіне, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі жағдайына ерекше көңіл аударды. Оған байланысты Б. Агадулин кадрларды оқыту жергілікті деңгейде шешілгендігін айтты, ал еңбек қауіпсіздігі тұрғысында мұнда техникалық қызметкерлермен жұмыс бойынша оқытудың австралиялық әдістері қолданылатындығын, сондықтан да қауіпсіздік ережелері қатаң сақталатындығын білдірді.

Өмірзақ Естайұлы ірі ауқымдағы шаруаның проблемаларына ерекше көңіл бөле отырып, мемлекет тарапынан қандай көмек қажеттігін сұрады. Бүгінгі күні белгілі болып отырған проблема — кен қорының шектеулі мөлшері болып отырғандығы екен. Оған қатысты Вице-Премьер кәсіпорынның индустрияландыру картасына енуімен барлық проблема шешілетіндігін айтты.

Бұл күнгі қабылдауда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамынан Жеңіс Сейітпағамбетов үш жобамен — мұнай дайындайтын №4 зауыт, Жаңажол кен орнындағы тазартылмаған газды айдайтын станция құрылысы, сондай-ақ  үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытына Солтүстік Трува кен орнынан газды сепарациялау және айдау станциясы құрылысы мәселелерімен есеп берді. Аталған үш жоба жүзеге асуы барысында сегіз жүздей адам жұмыспен қамтылмақшы.

«Біз үшін бұл жұмыстарды қазақстандықтардың иеленгені маңызды, — деді Ө. Шөкеев, —  сондықтан да сырттан келушілерге басымдық берудің қажеті жоқ. Іске объективті тұрғыдан қарау керек. Бұл мәселе бақылауда ұсталады».

Сондай-ақ Вице-Премьер алдында «ДП Ақтөбе-Темір-ВС» ЖШС, «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС, «Ақтөбемұнайқаржы Групп» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ басшылары Нұрлан Сыдықов, Андрей Решетнев, Бердібек Байсарымов, Виктор Тиль өндіріс жайларынан хабардар етті.

— Қазақстан бойынша мүмкін деп есептелген 190 жобаның әзірге 162-і индустрияландыру картасына еніп отыр, ол жиынтығында 6,5 триллион теңгелік сомамен бағалануда. Бұл туралы Елбасы Жолдауында айтылды, — деп жүздесуді қорытындылады Өмірзақ Шөкеев, — сондықтан бұл шаралардың ел экономикасына берері мол. Облыс тұрғысынан да солай деуге негіз бар.

Кірпіш шығаратын зауыт: 30 млн. бұйым, 150 жұмыс орны

Елбасының биылғы халыққа Жолдауында индустриалды-инновациялық жобаларды жеделдете дамыту міндеті қойылды. Жергілікті жерлердегі осы бағыттағы бұрынғы қолға алынған жұмыстарды пысықтау, ыждағаттау тапсырылды. Мемлекет басшысы қойған осы міндетті орындау үшін Астанада мобильді бірлік — жедел штаб құрылғаны белгілі. Сол жедел штабқа басшылық ететін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев өткен аптада алғашқы іссапарын біздің облыстан бастады.

Аталған жұмыс тобының құрамында индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға тікелей қатысты министрліктер мен еліміздің ірі қаржы мекемелерінің басшылары болды.

Астаналық жұмыс тобы индустриалды-инновациялық жобалардың аймақта қандай қарқынмен жүзеге асырылып отырғанына назар салған кезде, ең алдымен, жергілікті жерлердегі өнім шығаратын кәсіпорындардың жұмысына назар аударды. Осы бағыттағы ірі-ірі нысандарды аралап көрді. Солардың бірі — «Ситал-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің керамикалық бұйымдар шығаратын зауытында болды. Зауыт басшылары мен мамандары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлына және жұмыс тобының мүшелеріне жаңа жоба бойынша бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстардың жайын жан-жақты баяндады.

Осы заманғы аса бағалы құрылыс бұйымдарын шығаратын бұл зауыт Ақтөбе қаласының батыс бетінде, оқшау, оңаша жерге орналасқан. Зауыттың жалпы аумағы 95 мың шаршы метр, өндіріс алаңы15 мың шаршы метрді құрайды.

Өндірістік ғимарат металл тіректі берік қабырғалардан тұрғызылған. Оның ішінде әйнек кристалл материалдарын дайындайтын цех, табиғи кептіретін, күйдіретін және  үңгір пеш орналасқан.

Бұл жоба Қазақстанның батыс аймақтары мен Ресейдің шекаралас облыстарының құрылыс рыногын жергілікті экологиялық таза шикізаттан жасалған керамикалық кірпішпен қамтамасыз етеді.

Аталған жоба екінші деңгейлі банктерден 12,5 млн. АҚШ доллары көлемінде займ тарту арқылы жүзеге асырылып отыр.

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 30 миллион шартты бірлік бұйым шығаруға арналған. Қазірдің өзінде мұнда 150 жаңа жұмыс орны ашылған. Зауыттың құрылысы алдын ала көзделген  мерзімде, үстіміздегі жылдың шілде айында аяқталады.

Көліктік-логистикалық орталық: соңғы үлгі

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған топ көліктік-логистикалық орталықтың құрылысымен танысты.

Батыс Қазақстанда баламасы жоқ бұл орталықтың  жалпы аумағы — 12,4 мың шаршы метр, 17,8 мың орындық жүк сақтайтын үш терминалды және көлемі 3 мың шаршы метр болатын қойманы қамтиды. Қойма терминалдары кең көлемдегі тауарларды  соңғы үлгідегі қойма құралдарын  пайдалана отырып қабылдауға, сақтауға, өңдеуге және тиеуге мүмкіндік береді.

«Қойманы басқару жүйесі» кешенді бағдарламасы еңбек өнімділігін  арттырып, белгілі уақыт ішінде өндірісті жүйелі басқарып, нысандағы  атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде толыққанды ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді. Компьютер арқылы қоймада қанша заттың барлығын және олардың түрлерін біліп отыруға болады. Әрі мұндай ақпарат сағат сайын жаңартылып отырады.

Бұл жобаның облыс экономикасы  үшін маңызы зор. Болашақта  «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің көлік-логистикалық жүйесіне қызмет көрсететін болады.

Жаңа жүйені  іске қосу арқылы біздің облыс мемлекетаралық байланыстарды кеңейтіп, тасымал тиімділігін арттырып, жол  бойында инфрақұрылым құруға қол жеткізеді.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев орталықтың құрылыс барысымен танысып, ішін аралып көрді. Құрылысты жүргізуші «Ақтөбе центр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері орталықтың жұмысы жөнінде мәлімдеп берді.  Болашақта  мұндай орталықты Жайсаңдағы шекара бекетінен ашу жоспарларында барлығын айтты.

Жаңа нысанның жұмысымен танысқан Өмірзақ Шөкеев осы секілді көліктік-логистикалық орталықтарды  еліміздің оңтүстігі мен орталық аймақтарында да ашу керектігін айтты.

Көліктік-логистикалық орталық шілде айында толықтай іске қосылады деп жоспарлануда. Сол кезде  сегіз жүзге жуық адам жұмыспен қамтылмақ.

Мұнай өңдеу зауыты: еліміздегі алғашқы кешен

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев «Мұнай Сервис  ЛТД»  ЖШС-ның жанар-жағармай материалдарын сақтауға арналған   қоймасы мен құрылысы жүріп жатқан  шағын мұнай өңдеу зауытында болды.

Аталған серіктестік директоры Нұрлан Белхайровтың айтуынша, шағын зауыттың құрылысы өткен жылы басталған. Зауыт іске қосылса, жылына 150 мың тонна мұнай өңдеуге мүмкіндік бар. Және 270 жаңа жұмыс орны ашылады. Егер зауыт жұмысы әрі қарай жанданып кетсе, өнім көлемін 250 мың тоннаға дейін арттыруға болады. Яғни, зауыт шикі мұнайды өңдеп, одан АИ-80 бензині мен мазут, керосин, дизель отынын алады. Дайын өнім зауыттың май құю стансалары арқылы сыртқа сатуға шығарылады. Сондай-ақ зауыт жұмысының жандануы үшін  мұнай өнімдерін құятын құрылғылар мен айналма темір жолы және  май құю эстакадасы сияқты кешен жұмыс істейді. Кешен автоматтандырылған жүйемен жабдықталғандықтан сапалы өнім шығармақ. Бұл өз кезегінде өзге мұнай өңдейтін зауыттармен бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.

Зауыт құрылысын бастамас бұрын, алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Еліміздегі ахуалды бағдарлай отырып, жоба қолға алынса, өнімге сұраныстың жоғары болатынын байқадық. Қазіргі күні құрылыс аяқталуға жақын. Бірінші жартыжылдықта зауытты толықтай іске қосамыз. Жалпы, 17 мың тонна болатын  резервуарлы паркі бар бұндай  кешен елімізде, тіпті Ресейде де жоқ. Сондықтан кешен  жұмысын бастаса, еліміздің индустриалды-инновациялық жобасына да қосар үлесі зор болмақ. Өйткені шикізатты шығарып қана қоймай, оны өңдеуге күш салуымыз керек. Бүгінгі күні Ресей мен еліміздің мұнай компаниялары бірлесіп жұмыс жасауға ықылас танытып отыр. Сондай-ақ сатуға шығарылатын өнімнің бағасы, мұнай бағасына байланысты болады, — деді серіктестік директоры.

Зауыт құрылысымен танысқан Үкімет басшысының бірінші орынбасары жұмысқа оң баға берді.

Жылу тарату орталығы жаңартылады

Премьер-Министрдің бірінші  орынбасары Өмірзақ Шөкеев  пен облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған топ Ақтөбе жылу-электр орталығын қайта жаңарту жобасымен де танысты.

Қуаты  102  МВт  және  1139 Гкал/сағат Ақтөбе  жылу-электр орталығы  өткен  ғасырдың   40-шы жылдары салынған болатын. Сондықтан бұл нысан бүгінде  қайта жаңарту  және  жабдықтау   жұмыстарын қажет етіп отыр.  Облысқа жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің бірінші  орынбасары  Өмірзақ  Шөкеев      аталған   жылу-электр орталығындағы  инвестициялық  жобалардың     жүзеге асырылу барысымен  танысты.

«Жылу тарату орталығының» басқарма төрағасы  Рахим Мұхамедғалиевтің айтуынша, 2007-2009   жылдары  орталықты  қайта  жарақтауға  кәсіпорын  өз қаржысынан 1,371   миллиард теңге қаражат салған. Оның  467,7  миллион теңгесі  жаңа  өндірістік  жобаларға  бөлініпті.  Нақтырақ айтқанда, алдын ала тазалау   қондырғысын орнату, кері үдеріс  қондырғысының екінші  кезегін іске қосу,   «Нева»   бағдарламалық-техникалық кешені негізіндегі  апатты  жағдайларды  тіркеу құралын  орнату, т.б. үшін жұмсалған.

Алдағы уақытта құбырларды ауыстырып қана қоймай, жаңа қазандық салуды жоспарлап отырмыз. Қазір станцияны дамыту үшін  Қазақ Энергетика ғылыми-зерттеу институтымен білесе отырып, инвестициялық бағдарлама жасадық. Енді мұнда бірқатар құбырагрегаттарын ауыстыру жұмыстары қолға алынып, жаңа қондырғылар да орнатылады, — дейді «Жылу тарату орталығының» басқарма төрағасы.

Жобаларды халықаралық қаржы институттарының  ұзақмерзімдік займдары  есебінен қаржыландыру  жоспарланып отыр.

Томографтар осында шығарылады

Индустрияландыру картасына енген жиырма алты жобаның бірі — «Ақтөберентген» акционерлік қоғамы. Оның негізгі бағыты — медициналық және өнеркәсіптік рентген аппараттарын шығару. Мемлекет индустриалды-инновациялық даму аясында заманауи компьютерлік томографтар шығаруды көздеп отыр. Оны осы кәсіпорында жүзеге асыру туралы меморандумға жергілікті билік пен Денсаулық сақтау министрлігі өкілдігі арасында қол қойылды.

— Қазіргі уақытта республикамызда адамдардың денсаулығын қорғау бағытында реформалар қолға алынып жатқаны белгілі, — деді осында болған  Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Біртанов, — бұл жан-жақты қамтылуы тиіс шара. Осы ретте нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін аппараттардың маңыздылығы ерекше.

Негізінде «Ақтөберентген» акционерлік қоғамы республикамыздағы рентген аппараттарын шығаратын жалпы кәсіпорын. Мұнда рентген аппараттарының жиырма сегіз түрі шығарылады, олар әлемнің жиырма үш елінде пайдаланылуда. Тұтынушылар арасында ТМД елдерімен қатар, Түркия, Қытай секілді мемлекеттер де бар. Ресейлік әріптестермен бірге үш бірлескен кәсіпорын құрылды.

«Ақтөберентген» акционерлік қоғамында көлемді қаржы инновациялық салаға бөлінеді, бұл ретте шығарылатын өнімнің түрін көбейту және сапалық өлшемдерін көтеру басты орынға қойылған.

Кәсіпорында заманауи компьютерлік томографтарды шығару акционерлік қоғамның өз қаржысы және «Қазақстан Даму банкі» АҚ несиесі есебінен жүзеге асырылмақшы.

Вице-Премьер Өмірзақ Шөкеев кәсіпорында болған кезінде осындағы өндіріс ахуалымен танысып, алдағы бағыттардың жүзеге асу мүмкіндіктерін саралады.

Мұнда аталған жобаның іске асуы денсаулық сақтау саласын сандық технологияны (компьютерлік диагностика) пайдаланумен қазіргі заманғы медициналық рентген аппаратурасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өнімді өткізу Қазақстанның ішкі рыногына, сондай-ақ Ресей мен ТМД елдеріне деп көзделуде. Инвестиция көлемі 11,3 млн. АҚШ доллары деп бағалануда, ал жұмыстың аяқталу уақыты — алдағы шілде айы.

Вице-Премьер мамандармен әңгімелесіп, олардың жұмыстарына табыс тіледі.

Жолдау:

жедел индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған штабтың бір күндік сапары «Капитал Плаза» бизнес орталығында өткен отырыста қорытындыланды.

—  Елбасы өз Жолдауында Үкіметтің алдына үш нақты тапсырма қойды. Біріншісі —  жедел индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту, екіншісі — нарықтық талаптарға сай адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторы саласындағы саясатты жүргізу. Осы міндеттердің үдесінен шығу үшін Сауда және индустрия министрлігі Үкіметпен бірлесіп, алдағы бес жылға арнап жеделдетілген индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын әзірледі. Бағдарламада жедел индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыру, нақты индустрияландыру картасын дайындау, ресурстарды пайдалану, т.б. айқын көрсетілген. Сондықтан біз Ақтөбедегі ірі жобалармен танысып, облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен бірге бүге-шігесіне дейін талқылап, шешілмей жатқан түйіндерді шешуге тырыстық, — деді Ө.Шөкеев.

Ө.Шөкеевтің айтуынша, биыл елімізде 190 индустриалды-инновациялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оның 72-сі бірінші жартыжылдықта, 71-і екінші жартыжылдықта аяқталады, ал 47 жоба осы жылы басталуы тиіс. 190 жобаның 26-сы – Ақтөбенің үлесінде. Ақтөбеде биыл басталуға тиіс бірқатар жобамен танысып шыққан Премьердің бірінші орынбасары: «Ешқандай жоба біздің бақылауымыздан тыс қалмауы тиіс», — деді.

Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов аталған бағдарламамен таныстырды.

— Бағдарлама үш бағытта жасалған: біріншісі — табиғи ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру, отандық өнімді өңдеу саласын, оның айналасында жанама өндіріс белдеуін дамыту, екіншісі — Қазақстанның әр азаматының еңбек өнімділігін арттыру, үшіншісі — еліміздің геосаяси әлеуетін жүзеге асыру.

Елбасы атап өткендей, бұл бағдарламаның негізгі жүзеге асырушылары аймақтар болады. Сондықтан ендігі жерде жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бағалау еңбек өнімділігі, өңдеуші салаға инвестициялар тарту көлемі, шикізаттық емес экспортты көбейту, өнімділігі жоғары жұмыс орындары санына байланысты жүргізіледі, — деді  министр.

Ә.Исекешов Елбасы Жолдауында айтылған басымдық берілген жеті сала туралы (ауылшаруашылығы кешенін дамыту, металлургия, мұнай өңдеу, энергетика, химия және фармацевтика, құрылысиндустрия, көлік және коммуникация) айта келіп, кәсіпкерліктің жаңа толқынын дамытуға бар күшті салу керектігін тілге тиек етті. Ол үшін, Жолдауда айтылғандай, әкімшілік кедергілер азайтылады, кадр мәселесіне мән беріліп, инвесторларды тарту ұлттық экономикалық идея деңгейіне көтеріледі, сауда саясаты мен экспорт жүйесі белсенді түрде жүргізіліп, инновациялық саясатқа қатысты жайттар оңайлатылады. Мұның барлығы өндірістің өнімділігін және тиімділігін арттырады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру республикалық және аймақтық деңгейдегі үйлестіру кеңестерінде қаралатын болады.

—  Қазақстандық үлес туралы баса айтқым келіп тұр. Өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының қазақстандық үлес мәселелері туралы кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды. Бұл жергілікті атқарушы органдарға қазақстандық үлес туралы ақпараттарға қол жеткізуге, талдау жасауға, облыс аумағында шығарылып жатқан қызметтер мен жұмыстар, тауарлар тізімін қалыптастыруға қатысты қосымша мүмкіндіктер береді — дейді Әсет Исакешов.

Ә.Исекешов келтірген мәліметтер бойынша, өткен жылы осы бағытта жалпы сомасы 909 млрд. теңге тұратын 960 меморандумға қол қойылған және 776 млрд. теңге тұратын 11 мың келісім-шарт жасалыпты. Ақтөбе облысында қазақстандық үлесті көбейтуге қатысты 2009 жылы жалпы сомасы 125 млрд. теңгеден асатын 37 меморандумға қол қойылып, 184 млр. теңге тұратын 4 мыңнан астам келісім-шарт жасалған. Министр мұндай жұмыстардың биыл да жалғасатынын айтты.

Штабтың бұл отырысы – құрылғаннан бері бірінші рет өткізілді. Яғни, штаб, жұмысының шымылдығын Ақтөбеден ашты.

—  Оның себебі бар. Біріншіден, Ақтөбе — барлық көрсеткіштер бойынша қарқынды дамып келе жатқан облыстардың бірі. Индустриалды карта бойынша Ақтөбеде 26 жобаның жүзеге асырылатынының өзі бұған дәлел. Еліміздегі ең ірі, мегажоба болып саналатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі Қазақстанда Ақтөбе облысынан бастау алады. Жобаны жүзеге асыру былтыр басталып кетті. Дегенмен, оны жүзеге асырудың негізгі мерзімі – осы жыл болып есептеледі. Дәл осындай ірі масштабтағы халықтық іс әлі болған жоқ. Ол толық жүзеге асырылса, бес мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Жергілікті билік бұл іске барлық көмекті көрсету керек, бар күшті салуы керек, — деді Ө.Шөкеев.

Елбасы Жолдауында басымдық берілген тағы бір бағыт – құрылыс саласын дамыту саясатын жетілдіру мәселесі. Шөкеевтің айтуынша, жалпы құрылыс саласын реттеу жүйесі бұрынғы ескі жүйенің қалыбынан шыға алмай келеді. Бұл осы саланың дамуын тежеп отыр. Сондықтан оны өзгерту керек.

Осы саладағы жұмыстарды реттеу мақсатында құрылған құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша мемлекеттік агенттіктің төрағасы Серік Нокиннің айтуынша, былтыр «Жол картасы» аясында тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласын дамыту бағытында көп жұмыс жүргізілді. Бұл мақсаттар үшін республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы алғанда 61 миллиардтан астам қаражат бөлініп, оның 60,7  млрд. теңгесі, яғни 99 пайызы игерілген. 81 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 261 жоба іске асырылды. Өткен жылы Ақтөбе облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту үшін 5 млрд. теңге бөлінді. Оның 4 миллиарды — республикалық, 1 миллиарды жергілікті бюджеттен қаралды. 21 жоба іске асырылды, оның 17-сі сумен жабдықтау, 4-еуі жылумен қамтамасыз ету жобалары. Бұл қаланың бірқатар аудандарды сумен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жылу энергиясының шығынын едәуір төмендетуге септігін тигізді.

Мемлекет Басшысының нұсқауларына сәйкес биыл елімізде  тұрғын үй- коммуналдық саласын жаңартуға қатысты жұмыстар әрі қарай жалғастырылады. Бұл мақсатқа жалпы алғанда 48 млрд. теңге бөлініп, 63 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын  жаңарту қажет. Бұған қатысты жергілікті әкімдіктердің алдына қойылатын міндеттер бар. Шағын қалалардың тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесін дамыту, нормативтік-техникалық базаны қалыптастыру, көп қабатты үйлердің жалпы мүліктік жағдайын қадағалайтын тұрғын үй инспекцияларын құру, техникалық реттеу концепцияларын дайындау секілді бірнеше бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруымыз керек. Тұрғын үй инспекцияларын құру — жаңа жұмыс, сондықтан оны            агенттікпен бірлесе отырып жүзеге асырасыздар және бұған дереу кірісу керек, — деді С.Нокин.

Ө.Шөкеевтің айтуынша, біздің елде пайдаланылатын құрылыс материалдарының кейбірінің тоқсан сегіз пайызы сырттан әкелінеді екен. Осы мәселеге қатысты сараптама жүргізіп, алдағы бес жыл уақытта құрылыс материалдарының сексен пайызын  өз ішімізден алуға тиіс екендігін айтты. Яғни, мәселе тағы да қазақстандық үлеске келіп тіреледі. Ө.Шөкеев: «Құрылысқа қатысты тендерді қазақстандық не шетелдік компания ұтып алғанына қарамастан, жергілікті ресурстарды пайдалануды талап етуіміз керек», —   деді.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың айтуынша, өткен жылы елімізде жалпы сомасы 1,6 млрд. доллар болатын 54 индустриалды-инновациялық жоба жүзеге асырылған. «2020 жылға дейін 190 жобаны жүзеге асырмақпыз. 2020 жылға дейін  бұл тізім толықтырыла түседі деп сенеміз. Биыл жалпы 43 жобаны жеделдетілген индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Оның ішінде 1 шілдеге дейін 10 объектіні енгіземіз», — деді облыс әкімі. Облыс басшысының айтуынша, Ақтөбе өңірі алдағы онжылдыққа нық қадам басты, әлеуеті зор, алға қойған мақсаты айқын. Өткен жылы өнеркәсіптік өндірістің физикалық көлемі  индексі 105,6 пайыз болған. Облыс әкімі отырысқа қатысушыларды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен жол картасы, әлеуметтік саланы дамыту, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету, т.б. салада жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Отырыс соңында «Казхром» ТҰК мен «Актюбстрой» ассоциациясы және «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Арманқұрылыс» ЖШС қазақстандық үлесті көбейтуге қатысты өзара меморандумға қол қойды.

Тілшілер қосыны.

Пікір жазу 244 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу