Басты бет » Әлеумет » Көлік ұрлығы: қылмысқа 20-25 жастағы жігіттер барады…

Көлік ұрлығы: қылмысқа 20-25 жастағы жігіттер барады…

Ақтөбеде көліктің салонын тонау деректері тыйылар емес. Полицейлер қолының сұғанағы барлардың негізінен түн ауа «жорыққа» шығатынын айтады. Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, тұрғындардың бейқамдығы да мәселені ушықтырып отыр.

«Қылмыстық топты ұстадық»

Облыстық ішкі істер департаменті криминалды полиция басқармасының бөлім басшысы Қуаныш Жалғасбаев осы айда ғана бұған әбден маманданған қаскүнемдердің ұсталғанын атап өтті. Ал наурыз айында 5 адамнан құралған қылмыстық топ ақыры құрыққа ілінген.

— Ақтөбелік полицейлер автокөліктерден жасалған ұрлықтарды ашуға баса мән береді. Мәселен, өткен айда 5 адамнан тұратын, осыған әбден дәніккен қылмыстық топты ұстадық. Олар 2016 жылдың қазан айында ақтөбелік азаматтың автокөлігінің терезесін сындырып, 5 миллион теңгеден астам ақшаны үптеп кеткен. Қазіргі таңда аталған азаматтарға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  

Сондай-ақ, осы айда облыс орталығынан көлік ұрлығымен айналысатын екі адамды ұстадық. Олардың бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны анықталып отыр. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары барысында олардың дәлелденген 10 ұрлыққа қатысы бары әшкере болды. Маркасына қарамай, кез келген көлікті тонағандар негізінен бұған аккумулятор үшін барған. Кейін оны арнаулы бекеттерге арзан бағаға тапсырып отырған.

Қазіргі таңда ұсталған тұлғалардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы жіті тексерілу үстінде, — дейді Қуаныш Жалғасбаев.

Жалпы, теріс пиғылдылар қолына іліккен кез келген затты алудан кетәрі емес екен. Олардың дені автомагнитола мен құжаттардан бастап, қымбат ноутбуктер мен ақша салынған сөмкелерге дейін қолды қылады. Өз мақсатына қол жеткізу үшін әлгілер көліктің есігінің құлпын бұзады, болмаса ең оңай жолы — терезені сындырады. Тиісінше қолға түскен қылмыскерлерден көліктің есігін ашуға және терезесін сындыруға  арналған арнайы құрал-жабдықтар жиі табылып жатады.

Бір анығы, көліктің салонын тонайтындар міндетті түрде иесінің ізіне түсіп, алдын ала аңду жұмыстарын жүргізетін көрінеді. Оның — жәбірленушінің белгілі бір ғимараттан қашан шығатынын білгенде ғана әлгіндей әрекетке барады екен… Яғни бұл іске ұры-қарылар ерекше ыждаһаттылықпен дайындалады. Сондай-ақ, қимыл-қозғалысы ширақ аталмыш топ өкілдерінің қай уақытта іске кірісетіні де анықталып отыр: мамандардың талдауы бойынша мұндай қылмыстардың 80 пайызы қас қарайғанда жасалады.

3 айда — 310 қылмыс

Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы үш айында Ақтөбеде көлік ұрлығына қатысты 310 қылмыс тіркелген. Олардың біразы терезені сындыру арқылы арам ойларын іске асырған.

— Жыл басталғалы бұрын сотталған 24 адам қайтадан жауапқа тартылды. Бұл — бұрын қылмыс жасағандар әдетіне қайта басты деген сөз. Негізінен сол түзеу мекемесінен шыққандар, жұмыссыздар «ала жіпті аттап» жатады.

Осы орайда түрмеден босатылған әр үшінші азамат еңбекпен қамтылуға аса мұқтаж екенін айта кету керек. Өйткені олар өмірде сүрініп кеткеннен кейін қоғамға бейімделе алмай қалып жатады. Жұмыс берушілер талап ететін тәжірибесі де жоқ. Сондықтан да осындай бұрыс қадамға баруына біз келтірген мысалдар әсер етуі мүмкін. Десе де, оларға қай жағынан да көмектесу үшін Ақтөбеде алғаш рет Пробация үйі ашылды. Осы мекеме бұл мәселені шешуде игі ықпалын тигізеді деп ойлаймыз, — дейді бөлім басшысы.

Одан білгеніміздей, қылмысқа баратындардың дені 20-25 жастағы жігіттер екен. Осылайша, оңай олжаға кенелгісі келетіндер азаймай тұр.

Ақтөбеге автотұрақтар керек!

Автокөлік ұрлығына бірден-бір себеп — олардың арнаулы тұрақтарға қойылмауында екенін айтты мамандар. Шынында, орташа есеппен алғанда шаһардағы әр тұрғын үйдің ауласында кемінде 10-15 машинадан тұрады. Ал аулалардың біразы жарықтандырылмағандықтан, олардың «тағдыры» бұлыңғыр. Түнгі уақытта болған қылмыстардың куәгерлерінің де таптырмайтыны сондықтан. Осыдан барып Ақтөбе қаласына автотұрақтардың керек екені айтпаса да түсінікті.

— Облыста 194798 көлік бар. Соның 124 мыңнан астамы қалада тіркелген. Ал өңірде бар болғаны 74 автотұрақ бар. Бұл, әлбетте, өте аз. Әрі жыл өткен сайын көлік мінетіндердің саны көбейіп келе жатыр.

Бірақ біз бұл мәселені де оңтайлы шешудің жолын таптық. Ішкі істер департаменті атқарушы билік өкілдері мен сала мамандарымен кездесіп, аулаларға бейнекамера орнату жөнінде өзара келісімге келді. Бұл үшін «Қазақтелеком», «Цифрал-Ақтөбе» компанияларының қызметі ұсынылды. Айталық, ол мақсатта әр тұрғын айына 300 теңгеден астам қаражатты төлесе болғаны. Бүгіннің өзінде аталған бастаманы қолдап, ауласына төңіректі бақылайтын құрылғыларды қондырып жатқандар аз емес. Мысалы, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 537 бейнекамера жұмыс істеп тұр, — дейді әңгімелесушіміз.

 ЕСКЕРІҢІЗ!

Сала мамандары көп жағдайларда автокөлік иелерінің өзі бейқамдық танытып, қылмыскерлерді «қызықтыратынын» айтады. Өзіңіздің автокөлігіңіз бен мүлкіңізді сақтау үшін келесі қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау қажет:

  1. Автокөліктің ішінде ешқашан ешбір затыңызды қалдырмаңыз. Қылмыскерлердің сізге және сіздің мүлкіңізге қатысты қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыруының жолын кесіңіз. Қырағылық танытыңыз. Есіңізде болсын, кез келген нәрсенің өзі терезе сындыру мен есік бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін, ал бұл сізге қымбатқа түседі. Автомагнитоланың панелін үнемі алып кетіп жүріңіз немесе жасырып қойыңыз;

  2. Қомақты материалдық құндылықтарды тасымалдаған кезде өзіңіздің қасыңызға сенімді адам ертіп жүріңіз;

  3. Түнгі уақытта көлігіңізді тек қана күзетілетін көлік тұрақтарына, ал басқа нысандарға барғанда мүмкіндігінше бейнебақылау камералары бар аймаққа қоюға тырысыңыз;

  4. Дөңгелектеріңіздің жарылып қалғанын байқасаңыз бейтаныс адамдармен сөйлеспеңіз, бағалы заттар мен құжаттарды өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Дөңгелекті өз күшіңізбен ауыстырып жатсаңыз, барлық есіктер мен терезелерді жауып қойыңыз. Өйткені дөңгелегіңіздің желінің шығуы ұрылардың ісі болуы әбден мүмкін…

  5. Сәттілік серік болмай, қаскүнемдерден зардап шексеңіз, бұл туралы шұғыл түрде «102» телефон номеріне хабарласыңыз. Және олар келгенше көлікте ештеңені тиюші болмаңыз, қылмыс іздерін жоясыз.

Акция

«БОРЫШКЕР»: 27 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ӨНДІРІЛДІ

 

Ақтөбелік полицейлер «Борышкер» акциясы аясында әкімшілік айыппұлдарды төлемегендерді анықтап жатыр.

Осы жылдың 10 сәуірінен бастап полицейлер, сот орындаушыларының өңірлік палатасы және прокуратура қызметкерлері бірлесіп, «Борышкер» іс-шарасын ұйымдастыруда. Шараның мақсаты — төленбеген әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу.

Акцияның 8 күнінде борышкерлерден 27 миллион 255 мың теңге көлеміндегі айыппұл өндірілді. Оның көпшілігі жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға қатысты. Мамандардың сөзінше, дер кезінде төленбеген жағдайда борышкерлердің көліктері айыппұл тұрағына жеткізіледі.

— Борышкерлерді анықтауда «Автоураган» ақпараттық-бағдарламалық кешенінің мүмкіндігі кеңінен қолданылып жатыр. Соның арқасында қала көшелеріндегі көлік қозғалысы кезінде борышкерлерді бірден анықтап, айыппұлдарды жедел өндіруге қолайлы жағдай қарастырылған. 

Акция барысында деректер базасында тіркелген әкімшілік айыппұлы бар 564 көлік құралдарының иелеріне нұсқама ұйғарымдар беріліп, автоматты режимде бейне құралдар арқылы құқықбұзушылықтары тіркелген 51 азаматқа да айып салынды, — дейді тәртіп сақшылары.

Ал өз уақытында әкімшілік айыппұлдарын өтемеген 23 азаматтың машинасы айып тұрағына қойылған.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*