Басты бет » Тарих » Жүрегі жылы жан еді…

Жүрегі жылы жан еді…

Журналистикаға сонау жетпісінші жылдардың басында келген біздің буынның өзіндік ерекшеліктері бар еді. Біздер соғыстан соңғы бейбіт күндерде, бірақ майданның қасіретті бұлты әлі тарқап үлгермеген кезде дүниеге келген ұрпақ едік. Біздің көргеніміз жаппай еңбекке ұмтылған адамдар, әлі жанарының жасы кеппеген аналар мен әжелер болатын. Сондай қиындықтарға қармастан біздің жақсы білім алуымыз керек болды. Әрбір ата-ана, ауылдағы үлкендер осы жағына қатты мән беріп қадағалайтын. Олар кездесе қалғанда бізден «оқуың жақсы ма?» деп сұрайтын.

Балғын балалық шағымыз бірге өтті. Жетпістің жетегіне ергенше қатар өмір сүрген екенбіз. Бір ауылда туып-өсіп, Ойылдың суын ішкенбіз. Интернатта бір жаттық, студенттік шағымыз да бірге өтті. Екеуміз де бір мамандықты таңдаппыз.

Менің бүгінгі әңгімемнің басты кейіпкері — қаламы қарымды журналист Қуаныш Тектіғұлов қазіргі Мұғалжар ауданына қарайтын Талдысай деген ауылда қолхозда еңбек еткен Орынбасар деген қарапайым колхозшының  шаңырағында дүниеге келген-ді. Бұл 1947 жылдың қыркүйегі болатын.

Талдысай ауылында Қуаныш жеті жылдықты бітірді. Содан кейін Темір қаласындағы қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырды.

Мен де осы мектепте, интернатта жатып оқығанмын. Қуаныш бәрімізден жасырып, түн баласы өлең жазатын. Менің де сондай өнерім болды. Содан бір күндері жазғандарымызды Темір аудандық «Жаршы» газетінің редакциясына апардық. Бір журналист ағай жазған өлеңдерімізді қабылдап алды, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Төлеген сынды ақындардың өлең-жырларын оқуға кеңес берді. Сөйтсек, сол ағамыз Есенбай Дүйсенбаев болып шықты.

Бір күні аудандық газетке біздің жазғандарымыз жарияланды. Содан кейін мақала, әңгіме жазуға құлшындық. Оның арты арман жетегіне еріп, Алматыдан бір шықтық.

Бұл 1965 жылдың жаз айы болатын. Қуаныш қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы — Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабековтармен бір бөлмеде жатып, бірге оқыды.

Ал мен болсам конкурстан өте алмай, ауылға қайтып кетіп, журналистика факультетіне келесі жылы ғана қабылдандым. Төрт жыл бойы Қуанышпен бірге оқыдым, бірге жатақханада жатып, студенттік қызықты өмірді бір кештік.

Ол тумысынан өзіне тән өнері бар жігіт болатын. Домбырамен Құрманғазының күйлерін орындап, қоңыр даусымен Шәмшінің әндерін қосыла айтатын.

Қуаныш университетте атақты Кенен Әзірбаевтың баласы Бақытжанмен бірге оқыды, жақсы жолдас болды. Сондықтан да болар, ол домбырамен өзі сүйемелдеп отырып, Кененнің әндерін жиі шырқайтын. Алматы жақтан Ақтөбеге Кенен шығармашылығының насихатшысы болып келгендей еді ол.

1971 жылы университетті бітіріп, еңбек етуге елге оралды. Оның еңбек жолы Ақтөбе облыстық телерадио комитетінде редакторлықтан басталды. Қуаныштың дайындаған талай материалдарын теледидардан көріп, радиодан тыңдадық қой. Мұнан кейін ол облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне қызметке ауысты. Әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызметтер жасады. Облыстық газетте оның проблемалық мақалалары, сондай-ақ өлеңдері де басылып тұрды.

Айтпақшы, Қуан қызмет істеп жүргенде мерзімдік әскери қызметке шақырылды. Жоғары білімді журналистің армия қатарында болуы ол үшін тиімсіз бола қойған жоқ қой деп ойлаймын. Өйткені қалам ұстаған адамның өмір көруі, шынығуы, ширығуы қай кезде зиянын тигізіп еді.

Газетте біраз жыл қызмет істеп, тәжірибе жинақтап, қаламы қатайған тұста Қуекең Алматы жоғары партия мектебінде оқып келді. Жас кезінде өзі студенттік жылдарын өткізген әсем қаладағы бұл кезең оның рухани толысып-толығуына әсер еткені байқалып жүрді.

Қуаныш бірсыпыра уақыт редактордың орынбасары болып жұмыс жасады. Кейіннен «Ақтөбе» газетінің редакторы болып тағайындалды. Бұл газет тарихындағы ең бір қиын кездер еді. Еліміз тәуелсіздік туын көтеріп, соған байланысты жүректі кернеген қуанышпен бірге, материалдық қиындықтар да аз болған жоқ. Газет сандары апталап, айлап шықпай қалған кездері болды. Журналистер айлықтары кешігіп жатса да, басқа тірліктің соңында кетпей, өздері қалаған мамандықтарына адалдықтарын танытып, тістеніп жұмыс істегенін көрдік. Сол кезде Қуан бауырымыз қаржы мәселесін оңды шешу жолында тыным таппай жүгіріп жүргеніне де куә болғанбыз.

Сондай-ақ сол уақыттарда газет жұмысын компьютерлендіру, жаңа технологияға көшу жұмыстары бастау алды. Бұл ретте де «Ақтөбе» газеті көптеген басылымдардың алдында жүрді. Қуан да бұрыннан үйреніп қалған ескі әдістердің жетегінде жүре бермей, дұрысын айтқанда, аңысын аңдып отырмай, жаңалыққа батыл бет бұрды, редакциядағы жас жігіттердің ізденісіне қолдау жасады.

Аудандық газеттерде қызмет істейтін журналистер қай кезде де облыстық басылымға қарап бет түзейді, соның жақсылықтарын үлгі ретінде ұстанып отырады. Ал «Ақтөбе» газетінде сол тұстарда біраз өзгерістер орын алды, тың айдарлар ашылды, жаңа тақырыптар көтерілді. Қуаныштың өзі де жиі қалам тарататын. Оның «Туған ауылдың түтіні» тақырыбымен берілген мақалалар тізбегі көпшіліктің ықыласына ие болды. Өйткені ол бір ауылдың мәселесін қозғай отырып, туындысына ортақ тақырыпты өзек еткен-ді.

Қысқасы, Қуаныш Орынбасарұлы облыстық «Ақтөбе» газетінің тізгінін ұстаған тұсында ұжым мүшелерімен тіл табысып, ел-жұртпен де етене араласып хал-қадірінше өнімді еңбек етті. Ол тірлігінде айналасында қарымды қаламгер ретінде танылды.

Бұл туралы облыс журналистикасының тарланы, ұзақ жылдар бойы облыстық газеттің басшысы болып қызмет еткен, қазіргі уақытта тоқсанның тауына бет алған абыз ағаларымыздың бірі Нұрқайыр Телеуов былай дейді:

— Қарағым, мен Қуанның азамат ретінде, журналист ретінде қалыптасуына куә болған, ағалық тілектестікте жүрген адамның бірімін. Ол редакцияда журналистиканың барлық баспалдағынан өткен жақсы маман болды. Кісілігі зор, жұмыс істеу қабілеті де жоғары еді. Содан өзім газеттен кетерде Қуанышты, ал біз оны Қуан деп атайтынбыз, өз орныма ұсындым. Жалпы Қуан менің сенімімді ақтарды. Қиын кезеңде газетті сақтап қалып, басылымның ғұмырын ұзартты.

Нұрқайыр аға әріптес інісі Қуан туралы бірталай жақсы әңгімелер айтты. Сонан кейін менен:

— Айналайын, Қуанды жақсы білетін сияқтысың ғой, — дегені. Мен оның жерлесі екендігімді, бірге балалық ғұмыр кешкендігімді, бір жердің суын ішіп, мектепте бірге оқығандығымды айттым.

— Ә, інім, дұрыс болған екен, Қуандай азаматты ұмытуға болмайды, — деп ол жүзі жадырап қалды.

Қуан кейіннен облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында заңдылықтың сақталуын бақылау жөніндегі облыстық инспекцияның бас инспекторы, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, облыстық ішкі саясат департаментінде бөлім бастығы болып жұмыс жасады.

Өткен жылдың осы мерзімінде, алпыс тоғыз жасында өз отбасының ортасында, ұл-қызы мен немерелерінің жанында өмірден өтті.

Мәрзиядай жақсы жары Қуанның жанына жалау болып жүретін. Әдетте шығармашылық адамының сырт көзге біліне бермес бөлекше мінездері көбірек болады. Біздің Қуан досымыз өзгелердің қуанышына қуана да білетін, шамасы жеткен жерде азаматтарды қолдай да білетін. Сондай-ақ әлдебір жайттарға жүрегі де ауыра қоятын. Мұндайда сүйенішті де, демеуді де отбасынан табатын. Балалары тәрбиелі болып өсті. Бәрі де әкелерінің қас-қабағына қарап, оның көңілінен шығуға тырысатын. Мұның барлығы отбасында орын алған қазақы тәрбиенің, өзара сыйластық пен жарасымның жемісі еді.

Жақсы дос, үлкен азамат, талантты журналистің есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. Ол өз өмірінің ерекше бір ғибратты кезеңдерін облыстық «Ақтөбе» газетіне арнады. Ауданнан анда-санда Ақтөбеге келгенімізде газетке бас сұқпай кетпейміз ғой, сонда шылымын шиыра тартып, көзәйнегін көтеріп қойып, қағаздан бас ала алмай отырғанын жиі көретінбіз.

…Жылдар жылжып өте берер. Заман да өзгерер. Бірақ Қуаныш Орынбасарұлы секілді жүрегі жылы, адам баласына алалығы жоқ азаматтың асыл тұлғасы оның көзін көрген, қызметтес болған жолдастарының естеліктері арқылы ертеңгі күнге жетері анық.

 Қуаныш КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

ардагер журналист.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*