Басты бет » Тарих » Ор бойының түлегі

Ор бойының түлегі

Мақсат Рсалин Хромтау ауданының Аққұдық ауылында дүниеге келді. Ауылдағы абыз ақсақалдардың аталы тәлімін тыңдап, қара сөздің қайнарынан сусындаған ол алдымен малдәрігерлік мамандықты таңдаса да, айналып келіп қаламын тапты. Оның өзгелерден озықтығы сол — екі тілде еркін жазады…

Оны бүгінде күллі ел таниды. Жерлестері республикалық газеттерге күн құрғатпай шығатын туындыларын іздеп жүріп оқиды.

Сәл шегініс жасасақ, мектепті бітіріп, сол уақыттың өндірісі — шаруашылықтың қазанына күмп етті. Кеңшарда екі жылдай уақыт әртүрлі қызмет атқарды. Трактор жүргізді. Слесарь болды. Одан кейінгі екі жылын Отан алдындағы борышын өтеуге жұмсады. Бірақ, арманы анық, мақсаты айқын Мақсат Ахметқалиұлы әскерден келе сала білім жолын қуып, Мәскеуден бір шықты. Сондағы Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясының дайындық бөлімін бітірді. Одан кейін Алматы малдәрігерлік институтына оқуға түсті.

Дегенмен, қара сөздің ауылына қарай бүйрегі бұра берді. Сол жылдары КазТАГ-тың жанындағы қосымша қоғамдық мамандықтар факультетінде оқып, журналист-саясаттанушы мамандығын игеруге талпынды. Оқи жүріп әртүрлі тақырыптарға жазған мақалалары «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Казахстанская правда», «Ленинская смена», «Өркен», «Арай» басылымдарында жарияланып жүрді. Студенттік кездер шығармашылығын шарықтатқан жылдар болды. Қаламның құдіретінен туған тың туындылары арқылы әдеби ортаға таныла бастады. Институттың қоғамдық жұмыстарының бел ортасында жүрген ол туған ауылына мал маманы болып оралды. Шаруашылық құшақ жая қарсы алғанымен, ол кезеңде Мақсат Рсалиннің қаламгерлік қыры да қалыптасып қалған еді…

Алғашқыда туған ауылы Аққұдықта мал бордақылау кешенін басқарды. Ауыл шаруашылығы саласында жүріп те көкейкесті мәселелерді аудандық, облыстық баспасөзде көтерді. Одан кейінгі екі жылда Әйтеке би аудандық ауылшаруашылық басқармасында инспектор қызметін атқарды. Кейін Алматы облыстық кәсіпкерлер және шаруа қожалықтарының ассоциациясында төрағаның орынбасары боп еңбек жолын жалғастырды.

Мақсат Ахметқалиұлының қаламгерлік еңбегі лайықты бағалануда. Ол — танымал публицист, ҚР мәдениет қайраткері, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы және Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты. Қаламгер аға «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Ол кейінгі он шақты жыл көлемінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет, мәдениет және өнер тарландары туралы қызықты естеліктер мен эсселер жазып, кешегі өткен ағалардың өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа үлгі етіп келеді. Оның қай тақырыптағы шығармалары да оқырмандарды өзіне баурап алады. Әсіресе, шағын оқиғалы, қызықты әңгіме, мақалаларының тәрбиелік мәні зор, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.

Атап айтқанда, ол адами қадір-қасиет, ұлтаралық келісім, қоршаған ортаны қорғау, тылсым дүние, жануарлар әлемі, ғажайып құбылыстар, ел арасындағы аңыз болған оқиғалар туралы жиі қалам тербейді. Сөйте жүріп, еліміздің тарихын, мәдениетін, тілін дамытуға да өзіндік үлесін қосуда. Қызықты да шытырман оқиғаларға толы  әңгімелері, мақалалары республикалық басылымдарда жиі жарық көреді.

Атап айтқанда, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан-Заман», «Айқын», «Казахстанская правда», «Страна и мир», «Экономика», «Жұлдыз», «Ақиқат», «Парасат», «Мәдениет», «Жалын», «Таңшолпан», «Үркер», «Мектеп мерейі», «Мысль», «Простор» басылымдарында жарияланып, оқырмандар тарапынан жоғары баға алуда.

Жерлестері оның сөзбен сурет салатын шеберлігімен тәнті еткен шығармаларын асыға күтеді. Оның қаламы арқылы көрініс тапқан табиғат суреті мен кейіпкерлері бізге етене таныс. Ол ауылдың бейнесін айнытпай көз алдыңа әкелетін сөз зергері. Үнемі өзінің шығармашылығын шыңдап, бойындағы талантын ұштап отыратын Мақсат ағамыз қашанда ізденіс үстінде жүреді. Әңгімесінің желісі мен кейіпкерлері туған ауылына деген махаббатының айғағы «Сағыныш» болып өрілсе, «Тағдыр сыйы» деген кітабында өмірдің өткелдері суреттеледі.

Мақсат Ахметқалиұлы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінен де тыс қалған емес. Қажетті жерінде халықтың сөзін билікке жеткізіп, бұқараның мүддесін алға тартады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Сергей Дьяченко, Ақан Бижанов сынды саясаткерлермен бірге 90-шы жылдардың ортасында «Қазақстан Халық Бірлігі» партиясының негізін қалады. «Отан» партиясының да Орталық аппаратында қызмет жасап, аталмыш партияның саяси платформасының жүзеге асуына атсалысып, өз үлесін қосты.

1995-2000 жылдары «Қазақстан Халық Бірлігі» партиясының Алматы облыстық партия ұйымының босатылған хатшысы, партияның Орталық комитетінің мүшесі болуы — біздің сөзіміздің куәсі.

2010 жылдан бері республиканың ең ірі медиакомпаниясы «Қазақ газеттері» ЖШС-да Алматы қаласы және облысы бойынша уәкілі және меншікті тілшісі қызметтерін атқарып келеді.

Ор өңірінен ұшқан қаламгер өнегелі отбасы иесі. Прокуратура саласында қызмет жасап жүрген ұлы Шыңғысқа өнегелі тәрбие бергені үшін Мақсат ағамыз бен Светлана жеңгейді Алматы қаласы прокуроры Алғыс хатпен марапаттады.

Ол жырақта жүрсе де туған ауылын бір сәт есінен шығармайды. Аптасына бір хабарласып, елдің амандығын біліп тұрады. Өзі қабырғасынан ұшқан Аққұдық орта мектебінде қалам иесінің бұрышы ашылды. Ол қаламгердің жаңа шығармаларымен, марапаттарымен толығып отырады.

 Ләззат ӘБДІРОВА,

журналист.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*