Басты бет » Мәдениет » «Тарлан» шәкірттерінің «Әпкесі»

«Тарлан» шәкірттерінің «Әпкесі»

Театр

Т.Ахтанов атындағы драма театрда Ақтөбе көпсалалы «Тарлан» колледжінің актерлік өнер мамандығының 4-курс оқушылары  режиссер Гүлбақыт Қожаева қойған  Д.Исабековтің «Әпке» спектаклін көпке ұсынды.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің театр режиссурасы бөлімін бітірген жас маман әрі «Тарлан» колледжінің оқытушысы Гүлбақыт Қожаева өзі жетекшілік ететін  курстағы шәкірттерімен драматург Дулат Исабековтің көптен бері сахнадан түспей келе жатқан пьесасын  таңдапты. Оның себебін былай түсіндірді: «Бұл — біздің курстың алғашқы толыққанды қойылымды сахнаға шығаруы. Оның үстіне «Әпкенің» тақырыбы бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті деуге болады. Қазір адамдар тым қатігезденіп бара жатқан қоғамда  қазақы бауырмалдық, жанашырлық жоғалып, ана баладан, бала ата-анадан оңай жеріп, жетімдер үйі тастандыларға, қарттар үйі баладай жәутеңдеген  ата-әжелерге пана болып отыр. Әрі бұл пьесаның кейіпкерлері — жасөспірім қыздар мен жігіттер, колледж түлектерінің жас шамасымен қарайлас».

Ата-анасыз өсіп келе жатқан бес баланың үлкені Қамажайдың рөлінде көрінген Айнагүл Аралбаева төрт бауырының жолында жан беруге бар, құдды аналары сияқты күні-түні солардың жайына бас қатыратын бауырмал әпкенің образын ашуға тырысты. Жас та болса байсалдылық танытып, бауырларын жамандықтан сақтандырып отырады. Ал оның сіңлісі Назиланың бейнесін сомдаған  Жансая Тұрмағанбет  кәсіби шеберлігі жағынан тәжірибелі актрисалардан кем түспейді. Оның әрбір сөзі, қылығы, қимыл-қозғалысы көкейге қонады, тура өмірдегідей шынайы шығады. Ал Назиланың бір ағасы Тимур — албырт жас, айтқанға көнуі қиын, әйтеуір бір хикаяларға ұшырап жүреді, Еламан Досжанов жасөспірімнің алып-қашпалау қызба мінезін жақсы келтіреді. Аяқ астынан Камила деген қызға үйленем деп әлек салады. Камила рөліндегі Салтанат Ибраева да еркін, ерке өскен сұлу бойжеткеннің өмірге деген жеңіл көзқарасын, ерсілеу қылықтарын айнытпай көрсетеді. Назиланың екінші ағасы ғылым жолында ізденісте жүрген Омар да бір жүрген әпенді, бұл дүниемен ісі шамалы, бар ойлағаны — ғылыми жұмысы, әңгімесі «диалектикалық материализмнен» басталып, солай аяқталады, Еламан Әбжеттің Омары  әрі сүйсіндіреді, әрі күлкіге кенелтеді.  Сол үйдің үшінші ұлы Ермектің жеткіншекке тән мінездері бар, оны Айбек Қазыбаев өзінше даралайды. Осындай бауырларын жеткізем деп жүріп, өзінің жеке басының бақытын құрбан еткен Қамажайдың ерлігіне тәнті боласың, бір жағынан жаның ашиды. Қалай болғанда да адамдарға ой салатын спектакльде жастар шын ықыласымен барын сала ойнайды.

Спектакльден соң сахнаға «Тарлан» колледжінің директоры Жәрдемғали Шүкіров шығып сөз сөйледі: «Әпке» спектаклі өз бауырлары үшін жеке бақытынан бас тартқан аяулы әпке туралы. Президентіміздің рухани жаңғыруға байланысты айтып жатқаны да осы, қазақтың бойындағы бірін-бірі демейтін бауырмалдығы, қиындықта қалдырмайтын жанашырлығы, салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан қол үзбейтін қасиеттерін жаңғырту, сондықтан мұндай спектакльдер әсіресе, жастар үшін үлкен сабақ», — деді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Тарлан» көпсалалы колледжінде актерлік өнер мамандығы ашылғалы да 7-8 жылдың жүзі болды. Содан бері бұл мамандықты таңдайтын оқушылар үшін мемлекеттік грант бөлінбепті, тек қана ақылы оқуға мүмкіндігі барлар ғана оқып жүр.  Театр өнеріне іңкәр, бойында дарыны бар талай талапкерлер колледжге қол жеткізе алмай жүрген шығар, оны да ойлайтын кез болған сияқты.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*