Басты бет » Тарих » «Біз болашаққа сендік»

«Біз болашаққа сендік»

Өліараның өтінде  тұрып, тәй-тәйлап келген тәуелсіздігіміздің тұғырын

бекем етуге үлес қосқан ауыл азаматтарының бірі туралы үзік сыр…

Осы  жолмен қанша рет жүргенін кім білсін, бірақ сапарға шыққан сайын шексіз де шетсіз маң далаға қарап, қалың ойға батады.  Өзі шыр етіп жарық дүние есігін ашқалы, осы   даламен бірге туып, біте қайнасып, оның  бір ажырамас  бөлшегіне айналып кеткенін мойындағандай күй кешеді. Марқұм әкесі Оңғардан  бірде: «Осы менің атымды Боран деп неге қойдыңыз?» деп сұраған.  Ол миығынан күліп: «Немене, атың ұнамай ма? Боран — даланың дауысы. Ол — дархан даланың ашуланған кезіндегі тылсым тынысы. Мен өзім даланың буырқанып, бұрсанып ашу шақырған боранын қатты ұнатамын. Егер, сен сол даланың бір ғана мінезін бойыңа сіңіріп өссең, қор болмайсың — зор боласың!» — деп арқасынан қаққан-ды.

Бұл күндері талай өмір өткелдерін артқа тастап, ыстығына күйіп, суығына тоңса да, жетімдікті, ашаршылықты, соғысты, басынан өткерген әкесінің иығына түскен ауыр жүкпен өзінікін салыстарғанда, тауда ойнап жүргендей сезінеді. Әкесі  ата-анадан ерте айырылып, ақ тарының атасы атанған нағашысы Шығанақ Берсиевтің қолында өседі. Нағашысы оны қасынан бір елі қалдырмай, балалық шағы бозала таңнан боз далада жүретін егіншілердің қасында өтеді. Сол  көрген өнегесі оны өмір бойы ерінбей еңбек етуге итермелейді.  Соғыс басталғанда бозбала екен, он сегіз жасқа толар-толмастан, Ойылдың әскери комиссариатынан шақыру қағаз алып, қан майданға аттанады. 926-атқыштар полкі, 250- Бобруйск дивизиясы құрамында Белорусь бағытындағы ұрысқа қосылған Оңғар Ізбасов жаумен алғашқы бетпе-бет кескілескен ұрыста батылдығымен көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Польшаны, Шығыс Пруссияны жаудан азат етуге қатысып, Берлинге дейін жетеді. Жеңіс туы желбірегенмен де, соғыстан қираған елді мекендерді тазартуға қалдырылған жауынгерлер қатарында болған ол елге 1950 жылы ғана оралады. Атақты нағашысының баласы еңбек ететін Шұбарқұдық станциясына келіп, теміржол бойында жиырма жылға жуық табан аудармай жұмыс жасап, Құралай атты жақсы жар тауып, он бала тәрбиелеп өсірген екен.

Оқ пен оттың арасынан өткен әке баласы Боранның көпшіл болып өсіп келе жатқанын байқаған болса керек, бірде: «Балам, «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас неменің кісіменен несі бар» — деген екен бұрынғылар, бойыңдағы қайырымдылық қасиетті өзіңнің де, өзгенің де  игілігіне жарата білу үшін, маңайыңдағылардың мұң-мұқтажын тыңдай біл, «Жақсы сөз —жарым ырыс» дегендей, оларға  жылы сөйлеп, жол сілтейтін болсаң, сол ізгі ниетің құмға сіңген судай болып кетпейді. Оның қайырымы қасыңда жүреді. Байқаймын, мінез-құлқыңда дархандық бар. Ол  — әрбір дала перзентінің бойына туабіткен қасиет» — деді.

Сол қасиетті ата-ана тәрбиесімен бойына сіңірген Боран Оңғарұлы өзіне сеніп тапсырылған қызметтердің қандайын болса да абыроймен атқарып, егемендік алған еліміздің ірге тасы болып есептелетін ауыл, кент, аудан тіршілігін гүлдендіруге үлес қосып келе жатқан азаматтардың қатарында келеді. Кейде ол өзін туған жеріне, еліне қызмет жасап келе жатқан қол баладай сезінеді. Ауыл  баласы көзін тырнап ашқаннан малын өріске айдап, ауласын сыпырып, ағашын егіп, табиғатпен тілдесіп өседі. Содан ба, ол ерте есейіп, қоғамдағы құбылыстарды ересектердей екшелеп, ел ағаларының есті сөзіне құлағын түрік ұстады. Сол сергектігі мен еңбексүйгіштігі арқасында ел сеніміне ие болып, бірталай лауазымды қызметті абыроймен атқарып келе жатыр… Ел ағасы өмір белестері жайлы сұрағандарға, көп сыр ашқысы келмейді, ондағысы сонау қуғын-сүргінді, сұрапыл соғысты басынан өткерген аға буын өкілдерінің көрген тепірештеріне  қарағанда, өздерінің пешенесіне жазылған тағдыр сыйының айырмашылығы мен артықшылығын таразылап, іштей шүкіршілік ететіндігінен болар. Кешегі өтпелі кезеңнің балапан басына, тұрымтай тұсына деген қарбаласының бел ортасында жүріп, «көппен көрген ұлы той» деп талайға басу айтқандардың бірі болды.  Сол тұста қиналған жерлестерінен қолдан келген қамқорлығын да аяған емес. Біреу көл, біреу шөл дегендей, біреуге жақса, біреуге жақпаған да кездері болған шығар. Әйтуір ниеті түзу болатын. Сол жылдарды  еске түсіргенде :

— Ол жылдар, тоқсаныншы жылдарды айтамын,  талай ғасыр аңсатып, талдырып жеткен  тәуелсіздікке жетуіміздің сын сағаттары болып есте қалды. Біз қанша қиналсақ та, бабаларымыз аңсаған бостандықтың таңы атқанын көзімізбен көргенімізге тәубешілік еттік. Алда бақытты болашағымыздың бар екеніне сендік. Өзгелерді де сендіре білдік, — дейді.

 

*     *    *

Сексенінші жылдардың басында Алматы энергетикалық-байланыс жоғары оқу орнынан техникалық-жылу инженері  мамандығын меңгеріп келген жас маман Боран Оңғарұлы еңбек жолын ауданаралық газдандыру мекемесінен бастап,  осы кәсіптің қыры-сырын жетік меңгеруге бар ынтасын салады. Еткен еңбек, төккен тер далаға кетпей, мекеменің білгір де белді мамандарының  қатарына қосылады.

Өз ісіне мығым маман 1995 жылы Темір аудандық газбен қамту мекемесі қайта құрылған кезде, оның басшысы болу сеніміне ие болды. Оның бойында көп басшыларда кездесетін менмендік, өркөкіректік, адамдармен талғап-таңдап араласатын құбылмалы қитұрқылықтың білінбеуі жан-жағындағылармен сыйластық қарым-қатынас орнатып, қарамағындағылармен ортақ тіл табысуына бірден-бір себеп болды.

Сол тұс қиындау болғанына қарамастан, аудан орталығына тұрғындар ұзақ жыл армандаған Жаңажолдың көгілдір отыны келіп жетті. Елде жаппай жұмыссыздық белең алып, бұрынғы мекемелер тарап, жаңасы енді ғана құрылып жатқан-ды. Көптен күткен отынның алғашқы алауы бу қазанда жағылды. Енді оның игілігін көпшіліктің көруі алда тұрған үлкен міндет болып алды. Алдымен 21 үйге көгілдір отын кіргізілді. Қаражаты тапшыларға түрлі бағытта көмектер көрсетілді. Бұл іс айтуға ғана оңай болды.

Әрине, көпке жақпайсың да, көпке  топырақ шашпайсың да. Түрлі қиындықтарды бастан өткере  отырып, аз уақытта 2267  тұрғын үйді газбен қамтуға қол жеткізді.

Халықты көгілдір отынмен қамтуда тынбай еткен тіршілігі де елеусіз қалмай, мекеме басшысы бірнеше рет аудандық мәслихаттың депуттатығына ұсынылды. 1999 жылы ауданның «Жыл адамы» деген құрметті атақ иеленді. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалімен марапатталды.

Ең қызығы, арада  жылдар өткен сайын сол бір өлара шақта уақытпен санаспай, аз-мұз еңбекақыға қарамай, еңбек еткен үзеңгілестері мен  қарапайым адамдардың  биік рухы мен ізгі ниетіне деген сүйініші ұлғая түсуде, егер барша жан солардай болса, ауыл-аймағымыз бұдан да бетер гүлденіп, тұрмысымыз  бай-қуатты болар еді-ау деп толғанады.

 

*  * * *

Ауданды газбен қамту мекемесіне жиырма бес жыл  басшылық жасаған Боран  Ізбасов 2005 жылы аудан әкімі Ахат Ахметұлының қолқа салуымен Шұбарқұдық кентінің әкімдігі қызметіне ауысты. Бұл ең үлкен елді мекен әрі аудан орталығы. Оның бірінші қолға алған жұмысы сырттан келгендердің көзіне бірден түсетін көшелер мен мәдени ошақтардың кескін-кейпін бір жүйеге түсіріп, қазіргі заманауи талапқа сай жабдықтау болды. Өкінішке қарай, қаражат тапшылығы қолбайлау болғандықтан, қолға алған ісін ойдағыдай орындаудың да сәті түспеген жерлері бар. Дегенмен, жаңалыққа ұмтылу, заман талабына сай жаңғыру талаптарын басшылыққа алған әкімнің тындырған істері де аз болмады. Аудан әкімімен ақылдаса келіп, орталық көшелерді жарықтандыру, тасжолдарға күрделі жөндеу жүргізу, мектеп, балабақша, аурухана, мемлекеттік мекемелердің әбден

тозығы жеткен қоршауларын жаңарту мәселелері бірден қолға алынды. Мерекелік шаралар өтетін алаң жасақталды.  Құрылысы жаңадан басталған «Қызылжар» мөлтек ауданын безендіруге көңіл бөлініп, ағаш отырғызылып, тұрғындардың демалыс орындарын оңтайластыруға мән берілді.

Шұбарқұдықтың құрылу тарихы әріден келе жатқанмен, қайта құрылыс кезінде  кейбір ғимараттар жекешелініп, шаруашылықтар жеке қолға өтіп кеткендіктен,  ұйымдастыру, үйлестіру әдістерінің мүлде басқаша түрлерімен жұмыс жасауға тура келді. Мысалға, кеңестік кезеңде теміржолшылар моншасы болып, кейін иесіз қалған ғимарат мемлекеттік меншікке қаратылып, қайта жөндеуден өткізілді. Жаңа мешіт құрылысын салу да, жергілікті тұрғындардың талап-тілегін ескерумен басталды. Осылай бір жыл ішінде бірталай істер атқарып,  көпшіліктің сенімін ақтады. Кенттегі ауызсу тапшылығын болдырмау тұрғысында да бірталай тер төкті. Бір ғұлама  «бір қоғамдық құрылыстан бір қоғамдық құрылысқа өткен шақта өмір сүру адам баласы үшін — үлкен сын» деген екен. Байқап қараса, сол сыннан сүрінбей өткен тәрізді. Ол да болса, көңілге бір медеу.

Шынында да, Боран сияқты ұлтжанды  атқамінерлердің арқасында аумалы-төкпелі кезеңде  көшіміз түзеліп, оң бағытқа бет алды емес пе? Ал бүгінгі  жастарымыз осындай ағалары атқарған істерді ұлағат тұтып, олар бастаған игілікті істі алға апаруға парыздар екендерін түсінсе  екен.

 

* * *

Боран Оңғарұлы соңғы жылдары Темір ауданы мәслихатының төрағасы қызметтін атқарып, өзіне сеніп тапсырылған бұл міндетті де барынша абыроймен  орындауға ат салысып келеді. Сонымен қатар халық қалаулысы есебінде депутаттық жұмысын де шет қалдырмайды.

Ол — үлкен отбасының ұйытқысы. Жан жары Жаңылсын Нұрмахановамен 1982 жылы шаңырақ көтеріп, үш бала сүйді. Үлкен қызы Әсел — әл-Фараби атындағы  университетте оқытушы. Заң ғылымдарының кандидаты. Екінші қызы Нұргүл Түрікстан қаласындағы  қазақ-түрік университетінің оқытушысы. Экономика ғылымдарының кандидаты. Ұлы Жанболат «Интергаз» акционерлік қоғамында бөлім басшылығы қызметін жасайды.

 З.ТЕЛЕУОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

КСРО Баспасөз қызметінің үздігі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*