Негізгі / Жаңалықтар / Blog article: ДЕПУТАТТАР ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ

ДЕПУТАТТАР ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ

9 Ақпан 2010 | Пікір жоқ | Жаңалықтар

Өткен жұма күні облыстық филармонияда Ақтөбе қалалық мәслихатының кезекті сессиясының кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжіліске қалалық мәслихат депутаттары, қаладан сайланған облыстық мәслихат депутаттары, қала жұртшылығының  өкілдері қатысты. Сонымен бірге, сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Марат Анарқұлов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов қатысып отырды.

Сессияда қала әкімі Архимед Мұхамбетов өзіне жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы туралы есеп берді.

Қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова сессия мәжілісін ашқаннан кейін, қала әкімінің есепті баяндамасы тыңдалды. Бұған дейін де Архимед Бегежанұлы қаланың әр аймағында қала жұртшылығымен кездесулер өткізгені белгілі. Алайда бұл жолғы кездесудің өзіне тән сипаты болды. Біріншіден,  бұл есеп қалалық мәслихаттың депутаттарының алдында берілсе, екіншіден, Елбасының биылғы халыққа Жолдауынан кейін өтті. Сол себептен де, қала әкімі сөзінің басында еліміздің өміріндегі бұл саяси оқиғаға айрықша тоқталды.

— Кеше ғана біз еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық—жаңа экономикалық өрлеу —Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» деп аталған биылғы халыққа Жолдауын тыңдадық. Оның маңызы мен сипаты ересен. Еліміздің бүгіні мен ертеңін саралаған бұл маңызды құжат біздің қала жұртшылығына да үлкен міндет жүктейді. Сондықтан қала әкімдігі тарапынан да арнаулы комиссия құрылып, Жолдауға байланысты міндеттер мен мақсаттарды анықтауда. Бұл жерде біз тек жоспар-жобалар жасаумен шектелмей, оларды нақты істерге ұластыруды көздеп отырмыз. Және ондай индустриалды- инновациялық даму стратегиялары қалада бар. Ол алдағы жылдарда да жалғасады, — деді қала әкімі.

Бұған қала әкімі бірнеше нақты мысалдар келтірді. Мәселен, «АқтөбеСтройИндустрия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — қуысты бетон блоктарын шығаратын зауыт. Аталған бұл өндіріс қаладағы бірегей нысандардың бірі болып табылады. Оның инвестиция көлемі 4 млрд. 422 млн. теңгені құрады. Осындай ірі өндіріс ошақтарының салынуы мен олардың өнімдерінің арқасында қала құрылысы өрістеп, көшелерді жөндеу, газ, су тарту, басқа да жұмыстар жергілікті жердің күшімен атқарылатын болды. Өткен жылдың өзінде қала ішінде көлік қозғалысының тиімділігін жақсартатын екі көпір салынды. Осы жылы да шағын аудандарды қосатын көпір құрылыстары жүргізіледі. Мұнымен бірге, қаланың екі аумағында екі үлкен мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның бірі республикалық бюджет қаржысына, екіншісі облыстық және қалалық бюджет қаржысына салынды. «Таңшолпан» әмбебап балалар мекемесі жас бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Қалалықтардың тұрғын үйге деген мұқтажын өтуге айқын бағыт ұсталуда. Тек өткен жылы осы мақсатта көпқабатты 18 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол ипотекалық, коммуналдық және арендалық жолмен тұрғындарға берілді. Облыс орталығынан 300 орындық кең профильді аурухананың және қалалық жаңа перзентхананың құрылыстары салынуда.

Қалалықтардың әлеуметтік жағдайына мейлінше назар аударылып келді. Әсіресе, қалада азық-түлік қауіпсіздігін жасауға бағытталған көп жұмыстар жүрді. Тауар өндірушілермен, негізгі тауар жеткізушілермен қала әкімдігі өзара әріптестікті нығайтып, бағаны өсірмеуге уағдаласты. Негізгі азық-түлік түрлерін молайтуға байланысты шаралар алынды. Соның арқасында қаланың сауда желісі қажетті тауарлармен толық қамтамасыз етілген. Әрі ол тауарлардың бағасы республиканың орта көрсеткішінен төмен. Жағдайдың бұлай қалыптасуына жәрмеңкелер өткізу де көп ықпал етті. Айталық, тек өткен жылы осындай 50 ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Сол арқылы қала тұрғындарына 4 мың тонна көкөніс, картоп, ет-сүт өнімдері жетті немесе 185,5 млн. теңгенің саудасы жасалды. Негізінен мұнда шаруа қожалықтарының өнімдері түсті.Қалада азық- түлік қауіпсіздігі міндеті толық шешілген деуге болады.Мұндай жұмыстар биыл да жалғасады. Қала әкімі баяндамасында атап көрсеткеніндей, биыл да осы бағыттағы көп істерді атқаруға Елбасының Жолдауында баяндалған «Жол картасы-2020» бағдарламасы жәрдемдесетін болады.

Қала әкімі өзінің есебінде былтырғы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқтала келіп, Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындауға қаланың мүмкіндігі толық жетеді деп мәлімдеді.

Әйтсе де, баяндамада арнайы сөз болғандай, қалада проблемалар да жеткілікті. Соның ең бір осал тұсы мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жайы болып отыр. Бір-екі жылдықта 11 нысан салынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 2 мыңның үстінде бүлдіршіннің балабақшаға орналасуына мүмкіндік туды. Дегенмен, қалада әлі де балабақшаларға мұқтаждық үлкен. Қала бойынша 8 мыңның үстінде бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Болмаса, балабақшаға деген мұқтаждық 54 пайызға ғана өтеліп отыр.

Қала әкімінің әңгімесіне қарағанда, қазіргі жүргізіліп жатырған шаралардың нәтижесінде алдағы төрт жылда шаһарда балабақшаға деген мұқтаждық толық жойылады.

Баяндамадан кейін сөз алған белгілі кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Асхат Айтжанов қала әкімдігінің өткен жылғы тындырған жұмыстарына тоқталды. Басқа қай жылдарға қарағанда да оның көрнекті әрі жемісті болғанын ерекшелеп айтты. Қалада кәсіпкерлікке, шағын және орта бизнеске кең жол ашылып отырғанын баяндады. Депутаттардың атынан қала әкімінің есебіне жоғары баға берді. Жоғары оқу орнының студенті Дина Есімова өткен жылы қала әкімдігінің тазалық мәселесіне ерекше назар аударғанына нақты мысалдар келтірді. Соның нәтижесінде нешебір жылдардан бері ластанып жатқан Сазды өзенінің арнасы, табаны қоқыстан тазартылды. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша көп жұмыстар жүрді. Студент құрбыларымен бірге осы жұмыстарға қатысқанын мақтан ететін оның ойынша, биылғы жылы да осындай қалаға тікелей пайдасы тиетін жұмыстар ұйымдастырылғаны жөн. Және оған студент жастарды көптеп тарту керек.

Депутат Асхат Шахаров орталық саябақтың ертеңіне алаңдаулы. Осы жасыл орманды алқап қала халқының демалыс орнына айналса, оған енді тұрғын үй, май құю бекеттері салынбаса дейді. Белгілі спортшы, халық қалаулысының бұл пікірін қала әкімі қолдады. Орталық саябақтың алда қандай бағытта дамитынын айтып берді. Саябақ 40 гектар жерді алып жатыр. Әкімнің осында мәлімдегеніндей,осы орманды алқап түгелдей қоршалады. Іші тазартылып, суландыру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішіне ешқандай құрылыс салынбайды. Балалардың, қала халқының  демалысын ұйымдастыруға байланысты ойын-сауық жабдықтары, түрлі демалыс алаңдары орнатылады.

Әкімге залдан қойылған сауалдардың да бірқатары қала тазалығына қатысты өрбіді. Жұртшылықты қаланың өндірісті аудандарының тазалығы мазалайды. Негізінен бұған оны бүлдіруге «себепші» болып отырған кәсіпорындар жауапты болғаны жөн деген пікір айтылды. Мысалы, қаланың батыс бөлігінде Ақтөбе ферроқорытпа,  хром қосындылар зауыттары бұл істі өз қолдарына алуы керек. Бұған аталған кәсіпорындардың адам ресурсы да, қаржы жағдайы да көтереді.

Қала әкімінің есебін тыңдаған қалалық мәслихаттың сессиясы мәжіліс соңында қаралған күн тәртібіне байланысты тиісті шешім қабылдады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу 136 рет оқылған бұл мақала, ал бүгін болса, 1 рет оқылды |

Пікір жазу