Басты бет » Жаңалықтар » Тұрғангүл ЕШІМОВА, тасқыннан зардап шегуші: «Үйіміз суға кеткенмен, далада қалған жоқпыз»

Тұрғангүл ЕШІМОВА, тасқыннан зардап шегуші: «Үйіміз суға кеткенмен, далада қалған жоқпыз»

 

 

 

 

 

 

 

 

Тасқын судан зардап шеккендерге жан-жақты жағдай жасалуда. Ақтөбе қаласының №40 орта мектебінде ашылған уақытша паналау бекетіне бүгінде 300-ден астам тұрғын орналастырылған. Солардың бірі — Тұрғангүл Ешімова.

Апат айтып келмейді. Тасқынның салдарынан осындай жағдайға тап болдық. Суға кеткен жалғыз менің үйім емес. Алайда үйіміздің жағдайына алаңдаймыз.  «Көп түкірсе — көл» демекші, біздің қиналған сәтімізде жерлестеріміз алаңдаушылық білдіріп, ұйымшылдықпен қолдарынан келген көмектерін аяп жатқан жоқ. Әсіресе, облыс басшылығына, Ақтөбе қаласы әкімдігіне, мекемелерге, ұйымдарға айтар алғысым шексіз. Үйіміз суға кеткенмен, дәл қазіргі күні далада қалған жоқпыз. Мектепті уақытша паналап, көппен бірге уақытша қиындықты жеңуге тырысып жатырмыз. Мектепте барлық жағдай жасалған. Үш мезгіл ыстық тамақ ішеміз, ескілеу болса да киімдермен қамтып жатыр. Мектеп ішінде дәрігерлер қызмет етеді. Әлсін-әлсін олар да біздің денсаулығымызға алаңдап, тексеріп кетіп жатыр. Соған тәубе етеміз. Барлық азаматтардың жасап жатқан осындай ізгілікті істері үшін алғыс айтамын.

Қазір осындағы комиссия мүшелері қыздарымның да жағдайын жасап жатыр. Үлкен қызым Мөлдір ауыл шаруашылығы колледжінде оқиды. Кіші қызым Махаббат №40 мектепте уақытша оқып жатыр. Балаларым қажетті оқу құралдарымен толықтай қамтамасыз етілді. Бізді алаңдататыны  — суға кеткен баспанамыздың жағдайы. Жергілікті басшылар менің отбасым секілді  қиындыққа тап болғандарға қолдау болатыны турасында айтып жатыр. Көппен бірге бұл қиындықта да жеңетінімізге сенемін, — дейді Тұрғангүл.

Уақытша паналау бекетіне орналастырылған отбасының балалары қазір №40 мектепте білім алып жатыр. Солардың бірі — Тұрғангүлдің қызы Махаббат.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Махаббатқа сабақты осы мектепте жалғастыруға тура келіпті. Адамдармен тез тіл табыса білетін Махаббат мұнда жаңа дос тауып та үлгерген. Уақытша қиыншылықтарға мойымай, сабағына тыңғылықты дайындықпен баруға тырысатын көрінеді. Тест тапсырмасына мұқият дайындалып, жоғары балл жинаған оқушылардың қатарынан көрініпті.

Үйіміз су астында қалған кезде кітаптарымды біреулер ұрлап кететін шығар деп қатты қорықтым.  Қазір сабағымды жаңа мектепте жалғастырып жатырмын. Мұнда өзіме жаңа достар таптым. Олармен тез араласып кеттім. Мектеп мұғалімдері маған жаңа оқулықтар берді. Оқуға қажетті барлық құралдарым бар. Тек еш алаңдамай сабақ оқуым керек. Ел басқарып отырған ағаларға бізге қолдау көрсетіп жатқандары үшін алғыс айтамын. Су астында қалған үйімізді жөндеп берсе деген тілегім бар, — дейді Махаббат.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, қазір бұл мектептегі асханада 30-дан астам ерікті жұмыс жасап жатыр. Олар ас әзірлеумен қатар, ыдыс-аяқты да өздері жуады.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>