Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: «Зардап шеккендердің бірде-біреуі көмексіз қалмайды»

Бердібек САПАРБАЕВ: «Зардап шеккендердің бірде-біреуі көмексіз қалмайды»

Өңірде болып жатқан жағдайға байланысты қысқа мерзімді демалысын үзген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеше Ақтөбе қаласының Махамбет, Кірпішті ауылдары мен бау-бақша ұжымдарының  ағымдағы жағдайымен танысып, Елек, Сазды өзендерінің сағасын қарап шықты.

 Көрсетілетін көмектің барлығы заң аясында жүргізіледі

Бердібек Машбекұлы әуелі Ақтөбе қаласының Махамбет ауылына барды. Ондағы тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды тыңдап, үйлерін аралап шықты.

Қазір осы жағдайға байланысты Ақтөбе қаласы әкімінің құрған арнайы комиссиясы бар. Келтірілген шығынды анықтап, су тасқыны салдарын болдырмау шараларын жүргізетін қалалық комиссия әрбір отбасымен жеке-жеке жұмыс жасап, олардың материалдық жағдайын қарастырып, шығындарын бағалайды. Бірақ, ол үшін құқық белгілеуші құжаттар қажет. Комиссия әрбір үй бойынша нақты шешім қабылдайтын болады. Көп балалы, үйінде жарымжан адамдары бар отбасыларға да бірінші кезекте көмек көрсетіледі. Үйлері құлаған отбасыларға да құрылыс материалдары жағынан көмек болады. Егер мал шығыны болса, ол мәселе де жан-жақты тексеріледі. Себебі, малдың да құжаты болу керек. Маған осы уақытқа дейін бірде-бір мал шығыны болмағаны туралы айтылды. Егер үйлер заңсыз салынған болса, осы уақытқа дейін тіркелмесе, біріншіден, ондай үйлерді тіркеуден өткізу керек. Екіншіден, қазіргі Заңға сәйкес, біз ондай үйлерге көмек көрсете алмаймыз. Егер ондай үйде тұратын кісілердің жағдайы нашар, тұрмыстары қиын болатын болса, оларға біз материалдық көмек көрсетеміз. Сондықтан, бұл мәселеде айқайлаудың, шулаудың еш қажеті жоқ. Қазақта «сабыр түбі сары алтын» деген жақсы сөз бар. Табиғатқа ешкім қарсы келе алмайды. Жағдай оңай емес. Бұл тек Ақтөбеде ғана емес, Қазақстандағы бірнеше өңірлерді де айналып өткен жоқ. Бұл уақытша қиындықтар, кішкене сабыр ету қажет. Жағдай тұрақталсын. Су әлі кеткен жоқ, келетін су бар.  Біздің міндетіміз — осы мәселенің шешілуіне барынша ат салысу. Ең бастысы — дүрлікпей, бірлесе отырып бір-бірімізді қолдауымыз тиіс. Ешкім назардан және жәрдемнен тыс қалмайды, бірақ көрсетілетін көмектің барлығы заң аясында болады, — деді әңгіме барысында Б.Сапарбаев.

Кездесуде тұрғындар Бердібек Машбекұлына Махамбет ауылындағы экологиялық проблеманы да алға тартып, алдағы уақытта ауылды көшіру турасындағы әңгіменің қаншалықты рас екенін білмек болды.

Экологиялық мәселені біз білеміз. Қазір бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Алайда бұл іс ертең немесе арғы күні орындалады деп айту қиын. Ауылды көшіру деген оңай нәрсе емес. Оның өз тәртібі, заңы бар. Егер бұл аумақтан көшіретін болсақ, бірінші кезекте сіздерге баспана тауып беруіміз керек. Әзірге баспана жоқ. Сондықтан, сіздер бұл жерден көшірілмейсіздер, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің айтуынша, қазір Ақтөбеде 430-ға жуық адам тасқын судан зардап шеккендердің мәселесімен айналысып жатыр. Тұрғындармен кездесу кезінде Б.Сапарбаев тасқыннан зардап шеккендердің барлығына көмектесуге уәде берді. Өңір басшысы тұрғындарға араларынан екі адамды сайлап, сол адамдардың комиссия жұмысына қатысатынын айтты. Жағдай реттелгенше әр учаскеге бекітілген комиссия мүшелері тұрғындар мәселесінің оңтайлы шешілуіне жауап береді. Бұл участокке жауапты Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың мәлімдеуінше, үйлердің ішіне кірген судың биіктігі 20-25 сантиметрге жеткен.

Тұрғындармен кездескеннен кейін облыс әкімі су етікпен аумақты аралап, учаскеге жақын орналасқан өзеннің, суға кеткен үйлердің жағдайымен танысты.

Саяжай учаскесінің күнделікті тұратын жер емес екенін білеміз

Махамбет ауылына облыс әкімі келгенге дейін тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған едік.

Бұл — табиғи апат. Алайда, бізді алдағы жағдайымыз алаңдатады. Тасқыннан зардап шеккен Махамбет ауылының халқы үш күннен бері су астында қалған үйін тастап, жер-жерді паналап жүр. Әрине, мұндай кезде қол ұшын беріп жатқан адамдарға алғысымыз шексіз. Әкімдік тарапынан да мамандар  жиі келіп, мәселені өз бақылауларына алып отыр. Сол үшін   Ақтөбе қаласы әкімдігіне алдағы уақытта бізге, Махамбет ауылының тұрғындарына далада қалмайтындай жағдай туғызса деген өтінішіміз бар. Су тасқыны кезінде үйім опырылып, ортасына түсті. Үйімді қайта қалпына келтіру үшін әкімдіктен көмек сұраймын.  Бұл жерде 1994 жылдан бері тұрамын. Осындай жағдай бірінші рет орын алып тұр. Қазір балаларымыз мектепке бара алмай жатыр. Мұғалімдер хабарласқанмен, баламыздың мектепке киіп баратын киімі  жоқ. сондықтан балаларымызды мектепке жібере алмай отырмыз. Осы күнге дейін маңдай терімізбен жиған дүние-мүлкіміз су астында қалды. Заттарымыз су бетінде қалқып жүр. Әрине, халқымызға рақмет, қиналған сәтімізде киімдей, азық-түліктен көмек беріп жатыр. Дегенмен біз үшін ең басты мәселе — баспана. Бізге кейін үйімізді қайта тұрғызу үшін құрылыс материалдарынан көмек болса дейміз, — дейді Махамбет ауылының тұрғыны Гүлбаршын Қамысбаева.

Махамбет ауылының Строитель-1 учаскесінің 148-үйінде тұратын Әния Неталина     бір үйде 4 отбасы болып тұратынын айтты.

Қызым жердің де, үйдің де кезегінде тұр. Өзім — мүгедекпін. Бір бүйрекпен өмір сүріп жатырмын. Келінім босанатын мезгілде жүр.  Бүгінгі күні үйімізге келетін табыс — жолдасымның жалақысы. Сол кісінің маңдай терімен тапқан еңбекақысын жинап, азын-аулақ қаражатқа үйімізді тұрғызып алған едік. Әрине, саяжай учаскесінің күнделікті тұратын жер емес екенін білеміз. Дегенмен осы жердің өзін алуға әзер қолымыз жеткен еді. Енді, міне, су астында қалдық, — дейді ол.

Жиырма жылдан бері Махамбет ауылында тұрып жатқан Нәзира Ермұханбетова жергілікті биліктен жер кезегінде тұрғанмен, кезектің жылжымайтынын айтып, алдағы уақытта осы мәселені оң шешіп беруін сұрады.

Екінші топтағы әкемнің үйінде тұрамын. Осы жақта әкемнің туыстары да тұрады. Олардың да жағдайы мәз емес. Тасқынның салдарынан бір әулетте төрт ағайынды жігіттің үйі құлап, ортасына түсті. Енді, міне, далада қалдық. Кейін су қайтқанмен, ол үйде тұру мүмкін емес. Қазір халық көмек беріп жатыр. Бүгінгі күні бала-шағамызбен қаладағы №40 орта мектепті паналап отырмыз. Күн сайын үйіміздің жағдайын біліп кетуге келемін. Затымды алмақ болып, үйге кіруге талпынғанмын. Егер мен үйге кіріп, үйінді астында қалсам, менің бала-шағамды кім қарайды?!  Әкімшіліктен көмек болып, осы жерден қайта үй салғанның өзінде де бұл жағдайдың кейін қайта қайталанбасына кім кепіл? Осы жерде 20 жылдан бері тұрамын. Бірінші рет осындай жағдайға тап болып тұрмыз. Бұрын көктемде су тасығанмен, ауыл ішіне кірмейтін. Әкімдіктен бізге үй берсін демейміз, үй салуға жер бөлсе деген өтінішіміз бар. Тұрғын үй салу үшін жер алу, жалдамалы үй  кезектерінде тұрмыз. Бірақ кезегіміз жылжыр емес. Махамбет ауылында мүгедек жандар, көп балалы отбасылардың саны көп. Әкімдік сондай жандарға жер алу мәселесін ыждағаттап шешіп берсе деген өтінішіміз бар, — дейді Махамбет ауылының тұрғыны Нәзира Ермұханбетова.

1510 адам қауіпсіз жерге көшірілді

Бұдан кейін өңір басшысы Ақтөбе қаласындағы №40 мектептегі тасқыннан зардап шеккен  уақытша орналастыру бекетіне барды. Қазір мұнда 300-ден аса адам орналасқан. Облыс әкімі мұндағы тұрғындармен кездесіп, олардың жағдайымен танысты. Қазір мектеп базасындағы медициналық пунктке денсаулығына байланысты 95 адам қаралған. Дені — дене қызуы, қан қысымы көтеріліп шағымданғандар. Оларға алғашқы медициналық көмек осы жерде көрсетілуде. Бұл жерде тұрғындарға мектеп медбикесімен қатар, қаланың №1, №3 емханасының мамандары да көмек қолын созуда.

Уақытша орналастыру бекетіне жауапты Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаеваның айтуынша, қазір мұндағы тұрғындарға көмек қолын созушылар көбейіпті. Қала тұрғындары зардап шегушілерге заттай, азық-түлік жағынан қайырымдылық көмектерін көрсетуде. Ақтөбе қаласындағы іскер әйелдер қауымдастығы тарапынан қой еті әкелініпті. Мұнда уақытша қоныстанған тұрғындар 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл жерде де облыс әкімі тұрғындарға жағдайды баяндап, ешкімнің көмексіз қалмайтынын айтты.

Еске сала кетейік, Ақтөбеде жергілікті масштабтағы табиғи сипатқа байланысты төтенше жағдайдың жарияланғаны белгілі. Бүгінгі күні өңірде  саяжайлардағы 597  үй мен ауланы су басып, 1510 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді, 69-ы құтқарылды.  Адамдарды су басқан орындардан кереует, көрпе-төсек, ыстық тағамдары бар уақытша көшіру орындарына орналастыруда. Орта мектептер жанынан 7 бекет ашылды. Қазір оның төртеуіне 832  адам орналастырылса, оның 325-і — балалар.

Облыс әкімі Кірпішті ауылындағы су басқан үйлердің жағдайын өз көзімен көріп, тұрғындармен кездесті.

Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы Сазды және Елек өзендерінің сағасын қарап шықты. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияровтың айтуынша, «Анвар» гипермаркеті маңындағы Сазды өзенінің сағасындағы жолдың іргесі былтыр бөгелген. Су тасқыны кезінде бұл аумақта су деңгейі 1,5-2 метр биіктікке дейін көтеріліпті. Облыс әкімі өзен суы ағатын арықты бетоннан жасау жұмыстарының келер жылы қолға алынатынын айтты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>