Басты бет » Денсаулық » Қатерлі ісік туралы нені білу керек?

Қатерлі ісік туралы нені білу керек?

«Қатерлі ісік»  дегенде қорқынышты естілетіні  рас. Бірақ ауру белгілері біліне салысымен, дер кезінде ем қабылдаса, бұл — жазылатын дерт. Қазір ісіктерді анықтау мен емдеуде  инновациялық технологиялар қолданылады. Онкологтар мен ғалымдардың  алдындағы ауқымды мәселе —   қатерлі ісікті  ерте сатыларда, яғни микроскопиялық көріну деңгейінде анықтау.

Соңғы онжылдықта диагностика  мен емдеудің тиімді әдістері табылды. Ісіктің жасушаішілік құрылымына әсер ететін дәрі-дәрмектер пайда болды. Егер қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса,  оны емдеу де соғұрлым жеңіл болмақ.  Ол үшін өзіңіздің емдеуші дәрігеріңізге  жиі қаралып,  арагідік медициналық зерттеулерден  өтіп тұру керек. Мұның өзі қандай да болмасын дерттердің, соның ішінде қатерлі ісіктердің, алдын алуға мүмкіндік береді.

Қатерлі ісік —  емге көнетін дерт. Сондықтан науқас оны жазылмайтын сырқат деп бірден жеңіле салмай, онымен белсенді түрде күресе білу керек.

Қатерлі ісіктің нақты белгісі жоқ.  Дегенмен, аурудың адам бойында бар екені әртүрлі белгілер бойынша байқалады.  Егер пигментті және туабіткен дақтардың түсі, пішіні немесе өлшемі өзгерсе, меңдер жарылып, қышып, дискомфорт сезімі пайда болса, тамақты жұтқанда немесе оның өңештен өткенде бір қарсылықтың болуы, созылмалы гастрит кезінде ауырсыну сипатының немесе оның ұзақтығы өзгерсе, себепсіз жалпы әлсіздік пайда болып, тәбет жоғалса, дәрігерге қаралу керек. Сондай-ақ іш қуысында батып тұру немесе ауырсыну сезімінің болуы, іш қату немесе өтуі, нәжісте немесе несепте қан болуы, қара май тәрізді нәжіс болуы, жазылмайтын жөтел, қан түкіру, кеуде қуысында ауырсыну, дауыс қарлығуы пайда болса, сүт бездерінде қатаю немесе түйін болуы, омырау үрпісінде жара немесе ол ішке қарай тартылып тұрса дереу дәрігерге бару керек. Бұндай белгілерді байқаған адам уақыт жоғалпауы тиіс. Бұл белгілер қатерлі ісік емес, басқа аурулар болмауы да  мүмкін.  Дегенмен сақтықта қорлық жок.

 Гүлжазира ТӘЖІКЕНОВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау

және көші-қон комитеті

Ақтөбе облысы бойынша  департаментінің

№1 медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*