Басты бет » Жаңалықтар » Ұмытылмас күн. Димаш Құдайберген бүгін адамзатқа ой салады

Ұмытылмас күн. Димаш Құдайберген бүгін адамзатқа ой салады

Бүгін әнші Димаш Құдайберген I am a Singer байқауының финалында өнер көрсетеді. Финал Астана уақытымен сағат 22.00-де “Хабар” телеарнасынан тікелей эфирде таратылады. Әншінің әйгілі Майкл Джексонның орындауындағы әнді айтады, алайда нақты қай әнін айтатыны әзірше белгісіз, жоба авторлары мұны құпия қалдырып отыр екен. Байқау алдында әншінің PR-директоры әрі жақын досы Алпамыс Шаримовпен сұхбаттасу мүмкін болды.

Алпамыс Шаримов пен Димаш Құдайберген. © Tengrinews.kz

- Финалға санаулы сағаттар қалды. Димаштың көңіл-күйі қалай?
- Финалға аз уақыт қалды, санаулы сағаттардан кейін “Мен әншімін” жобасының жеңімпазы анықталады. Кеше бізде басты дайындық өтті. Дайындық жаман емес, әрине, уақыт аз, бірақ барлық қатысушыға уақыт тең берілетіндіктен, бұл жерде уақыттың аздығына байланысты ештеңе айта алмаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Димаш осы байқауда әйгілі Майкл Джексонның әнін шырқайды, бірге өнер көрсететін әншісі – Лаурэ Шанг. Ол осы финалда Димашқа барын салып, 100 пайыз қолдау көрсетуге дайын екенін айтып отыр. Дайындықтары өте жоғары. Кеше дәстүрлі қызыл кілемнен жүріп өту рәсімі болды. Димаштың көптеген жанкүйерлері келіп, байқауалды тілектерін айтып, қолдау көрсетті.
- Димаш Құдайберген әрбір ән орындауында ерекшелікті байқатады. Әрбір әнінде жанының тебіренгенін, сезімін көрсетеді. Ал бүгін әнші көрерменді несімен таңғалдырады?
- Димаш әрбір сахнаға шыққанда әннің құрылымын өзі ойлап табады. Әрбір әнде өзінің айтатын ойы болады. Бүгінгі өнерінде де солай. Бұл орындайтын нөмірін қарағанда халық Димаштың айтатын ойын түсініп қараса екен дейміз. Әнді жай ғана қарамай, қиялмен қарасын. Себебі бұл жай ғана орындалатын ән емес, Димаш осы арқылы халыққа, адамзатқа ойын айтқысы келеді. Ал нендей ой айтатынын біз құпия қалдырайық…
- Жанкүйерлер кім жеңеді деп есептейді?
- Әрине, әр жанкүйер өз әншісі жеңеді деп ойлайды. Әркімнің өз фавориті бар. Мысалы біздің Dears Димаштың жеңетініне кәміл сенімді. Тіпті олар бұл байқаудың қорытындысы шықпай жатып, жеңісті Димашқа беріп қойған.

Димаш Құдайберген мен Лаурэ Шанг

- Финал өткеннен кейін әнші бірден Қазақстанға қайта ма? Себебі қоғамда “Димаш Қытайда көп жетістікке жете алады, сол жақта қалып, шығармашылықпен айналысқаны жөн” деген сияқты пікірлер бар.
- Осы Қытай еліне келе жатқанда Димаш маған “Мен қазақ тілінде ән шырқасам, қазақтың домбырасын тартсам, қазақтың киімін, ұлттық оюын сахнаға алып шығып, көрсетсем” деген болатын. Оның мақсаты осы болды. Қазір ойласам, расында да Димаштың мақсаттары орындалып жатыр. Ол – қазақтың баласы, ұлты қазақ, бірақ ол әлемнің әншісі. Ол Майкл Джексон сияқты әлемнің әншісі деп ойлаймын. Ол қазақ ұлтының мәдениетін, болмысын бар әлемге жар салуға дайын әнші. Десек те, меніңше, мұндай әншілердің тұрақты бір мекені болмайды. Әрине, туған жері және тұратын үйі Қазақстан болады, бірақ дәл Димаш сияқты, Майкл Джексон сияқты әншілер әлем үшін жаралған адамдар. Олардың үлкен миссиясы бар. Олар жер жүзінде ән айтуға жаралған әншілер.

- Жақында Димаш Құдайберген Қытай басылымдарына берген сұхбатында “Мен жеңіске жеткен адаммын” деп мәлімдеді. Осыған қатысты көптеген жанкүйерлер Димаш Құдайберген бұл шоуда жеңіске жетеді деп болжады. Бірақ “Финалда қаншасыншы орын алса да, Димаш үшін мұндай жетістік жеңіспен пара-пар” дегендер де болды.
- Расында да, Димаштың жеңісі бұл шоудың қорытындысына байланысты емес, Димаштың жеңіске жеттім деп айтқаны – қазақ әнін шырқағаны. Димаштың жеңіске жеттім дегені – миллиондаған жанкүйерінің болуы. Оның дәлелін өздеріңіз көріп жатырсыздар, барлық қытайлық ән шерулерінде Димаштың әндері TOP-1 дәрежесінде тұр. Тіпті алғашқы үш орынды әншіміздің үш әні қатар алып тұр. Азияның танымал әндерінде өзінің шығарған “Ұмытылмас күн” әні бірінші орында тұрса, саундтрегі екінші орында тұр. Димаштың осы жеткен жетістіктері, оның халықаралық деңгейдегі әнші атануы, Азиядағы ең танымал әнші атануы – жеңіске жеткені деп ойлаймыз. Бүгінгі қорытындының қалай боларын білмейміз, бірақ түсінген адамға Димаш жеңіске жетіп қойды. Бүгінгі байқауда жеңіске жеткен әншіне “Патша әнші” деген атақ беріледі. Бұл атақты негізінен Қытайда еңбегі сіңген, үлкен әртістер алып отырған. Бұған дейінгі маусымдарда байқауға жас әншіні қатыстыру деген мүлдем болмаған. Бірақ дәл осы байқаудың сөзсіз фавориті Димаш. Осы жерде айта кететін бір жәйт, әлемнің көптеген елдерінен, Америкадан, Еуропадан, Оңтүстік Африкадан Hunan TV арнасының режиссеріне Димашты осы байқауға қатыстырғаны үшін алғыс хаттар көптеп түсіп жатыр. Мен тіпті, сіздерге, Tengrinews.kz сайтына сол хаттарды жолдай аламын. Сонда Димаш бұл жобаны әлемге танытуға, ал жобаның өз кезегінде Димашты атақты етуге өте үлкен ықпалын тигізді деп ойлаймын.

Димаш Құдайберген мен Лаурэ Шанг. Дайындық барысы

- Байқаудың бірінші күнінен бері әншінің қасында жүргендіктен, сіз көпшілікке қарағанда артық білесіз. Сіздіңше, Димаштың бұл шоуда жеңімпаз атануына мүмкіндігі қаншалықты? Қанша пайызға сенімдісіз?
- Ал өз басым досымның жеңгенін қалаймын. Байқаудың бірінші күнінен бастап, қасында жүргендіктен, мен үшін досымның жеңіске жеткені мен үшін үлкен мәртебе болады. Оның жеңісіне және жақсы өнер көрсететініне сенімдімін. Мен досыма әрқашан да 100 пайызға сенімдімін. Осы жолы да кешегі дайындығын көргеннен кейін сенімім арта түсті. Бір қызық жағдайды айта кетейін. Әр сахнаға шығар сәтінде мен Димашқа сахнаның артында қолдау білдіріп, жігерлендіремін. Сосын ол сахнаға шығады, ал мен көрермендер жаққа барамын. Сол кезде жаңа ғана қолдау көрсетіп, жігерлендірген Димашым мүлдем басқа адам, мен тіпті танымай қаламын. Димаш сахнада өзгеріп кететін адам сияқты. Естеріңізде болса, “Дайдидау” әнін шырқаған кезі – Қазақстаннан келген дос жігіттері, Өнер академиясының өнерпаздары келіп, сүйемелдеген кезінде күн ұзақ болып, шаршағандарын айтып еді. Сол шаршап отырған жігіттер Димаш сахнаға шығып келе жатқанда оның мүлдем бөлек адам болып көрінгенін айтты. Ортаға шығып келіп, екі қанат болып отырғандарында, Димаш басын изеп екі жағына қараған сәтінде жігіттер үстіміз тітіркеніп кетті дейді. Ал осыдан кейін әуен басталғанда көзімізден жас қалай шығып кеткенін білмей де қалдық деп, әңгімелеп берген еді өнерпаз жігіттер.

- Әншінің өнерін залда отырып тамашалаған бір басқа да, телеэкраннан көрген бір басқа. Теледидар мен монитордан көріп отырған халыққа байқаудан қандай сәттер жасырын қалады?
- Әрине, телеэкраннан көріп отырған адамдарға бүгін қандай орын алса да, сынай салу оңай. Оның байқаудың 14 кезеңіне шығуын 14 рет бокста жұдырықтасқанымен салыстырар едім. Жұдырықтасқанда адамның физикалық тұрғыда, сырты зақымдалатын болса, оған қайта қалпына келуіне 6-7 ай қажет болады. Ал бұл жерде Димаш апта сайын “рингке” шығады. Димаш апта сайын соққы алады. Қаншама қарсыласы ауысты. Ең бірінші сыннан тек үш адам қалды – Lion, Сэнди Лэм және Димаш. Алғашқы екеуі адаптация да көрген жоқ, оларға бұл үйреншікті орта. Сондықтан бұл жерде осыншама уақыт үйін сағына жүріп, осындай өнер көрсеткен адамға Қазақстандағы жерлестері сынаудан гөрі, қолдау көрсетуі керек деп ойлаймын.

Бір пікір

  1. Жарайсын Димашжан. Рухы биик казак, ултжанды казак.Тил-козден сактасын. Бир кудай жар болсын.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>