Басты бет » Жаңалықтар » Садақа мәзірі шектеулі болуы керек

Садақа мәзірі шектеулі болуы керек

Бақталастық пен мақтанқұмарлық бүгінде тойды да, садақаны да ысырапшылдыққа айналдырып жіберді. Әсіресе, қаза үстінде көп ысырапқа жол берілетіні өкінішті-ақ…

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы, жақынынан айырылған отбасына салмақ түсірмеу және ысырапқа жол бермеу мақсатында, садақа мәзірін бекіту жөнінде бастама көтерген еді. Сонымен қатар, қаза кезіндегі діни рәсімдерді бір ізге түсіру үшін ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесі «Жаназа және жерлеу мәселелері» атты жаңа пәтуа шығарып отыр.

Кеше Ақтөбеде өткен «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты ғылыми-танымдық конференцияда осы мәселелер төңірегінде кеңінен сөз қозғалды. Жиынға ҚМДБ өкілдері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, мешіт қызметкерлері, ардагерлер, мейрамханалар басшылары мен журналистер қатысты. Жиынды облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан жүргізіп отырды.

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов жерлеу рәсімдеріне қатысты пәтуа шығаруда халқымыздың әдет-ғұрыптары да негізге алынғанын атап өтті.

— Ханафи мәзһабында шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрыптарға сүйенуге рұқсат бар, — деді ол.

Ал ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл-имамы Батыржан Мансұров:

— «Ұят болмасын» деген жалған ұяттың соңы кейде бақталастық пен бәсекелестікке ұласып кетіп жатады. Марқұмды ақтық сапарға аттандырарда

садақа беру — сауап. Бірақ сауап істеймін деп, ысырапқа батуға әсте болмайды. Дінімізде ысырапқор адам шайтанның жақыны саналады, — деді.

Құранның «Исра» сүресінің 27-аятында: «Шынында, ысырапқорлар — шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббыңа өте қарсы» — делінген.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті ақсақалдар алқасының мүшесі Бекежан Ахан:

— Садақада ысырапшылдыққа жол бермеу, ортақ мәзір бекіту төңірегінде облыс бойынша сауалнама жүргізілді. Оған 1230 адам қатысты.  «Не істесем де, өзім білемін» — деген сыңайдағы қырсық пікірлер де болды. Дегенмен, сауалнамаға қатысқандардың 85 пайызы садақа мәзірінің қарапайым болғанын, ысырапқа жол берілмеуін құптайтындарын жеткізді. Сондай-ақ, «садақа» ұғымының аясы кең. Кісі өліміне байланысты берілетін асты «садақа» демей, құдайы ас атағанымыз жөн болар еді, — деді.

Конференцияға қатысушылар садақа мәзіріне мына тағам түрлерін ұсынды: нан, бауырсақ пен жеті нан, тары-талқан, қант, кәмпит, печенье, құрма, өрік, мейіз, қаймақ, сары май, су мен шай және қамыр немесе күріш қосылған ет (ыстық тағам).

— Көп жағдайда қаза күтпеген кезде келеді. Марқұмның үй-ішіне жақынынан айырылумен қатар, қазаны өткеру шығындары үшін де қиналуға тура келеді. Осындай жағдайда бәсекелестік пен ысырапшылдаққа жол бермеу өте маңызды. Сондықтан садақа мәзірі шектеулі болғаны дұрыс. Садақа дастарқанын осы ұсынылған тағамдар арасынан әркім мүмкіндігіне қарай әзірлесе дейміз. Және бұл ұсыныс бір жылға дейінгі берілетін садақаларға ғана қатысты болмақ. Ал марқұмның қайтыс болғанына бір жыл, бес жыл, он жыл өткеннен кейін, ұрпақтары бас қосып, алдын ала әзірлікпен берілетін садақаларда дастарқанды әркім қалауынша жасауына болады, — дейді Төлеби Оспан.

Бірқатар қатысушылар жоғарыда аталған тағамдар қатарына қымыз бен шұбат сынды ұлттық сусындарды қосу жөнінде ұсыныс айтқан еді, дегенмен, аталған сусындар бағасының қымбат екенін ескеріп, көпшілік оны қабылдамады.

Жиында жерлеу рәсімін сөз жарысына айналдырмау, қонақасыны тек алыстан келген туыстарға арнап беру, жаназа намазын дұрыс өткеру сынды мәселелер төңірегінде де пікірлер айтылды. Дін қызметкерлерінің айтуынша, қаза үстінде тойдағыдай дастарқан жасаудан гөрі, марқұмға сауабы тисін деген ниетпен, мұқтаж жандарға садақа таратса, дәрет алып, жаназа намазына қатысса, қайтыс болған жан үшін нағыз туыстық жанашырлық болмақ.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Бір пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Садақа намазға тұрғындарға ғана берілген дұрыс!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>