Басты бет » Құқық » Жәбірленуші құқығы қалай қорғалады?

Жәбірленуші құқығы қалай қорғалады?

Сот

Қылмыстық құқықбұзушылық өзіне тікелей моральдық, тәндік немесе мүліктік зиян келтірді деп пайымдауға негізі бар тұлға қылмыстық процесте жәбірленуші деп танылады. Жәбірленушінің қылмыстық процестегі құқықтары қылмыстық процестік Кодексінің 71-бабында толықтай көрсетілген.

Негізінен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жәбірленуші болып танылған адамның құқықтарын толықтай түсіндіріп, ол жөнінде тиісті хаттама жасақтайды.

Алайда көптеген жағдайда жәбірленушілер өздерінің құқықтары туралы  хаттамадағы мәліметтерге жете көңіл бөле бермейді, соңынан қылмыстық іс сотқа түскен кезде ғана құқықтарын толық көлемде пайдаланбағандарына көздерін жеткізеді.

Мысалы, қылмыс салдарларынан жәбірленушіге мүліктік, моральдық зиян келтіріліп жатады. Заң талабына сәйкес бұл жағдайда жәбірленушіге азаматтық талап қою құқығы түсіндіріледі және оған қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген мүліктік зиянды, сондай-ақ оның заңда көзделген қағидалар бойынша өкілге арналған шығыстарын қоса алғанда, қылмыстық процеске қатысуына байланысты шеккен шығыстарын өтеу қамтамасыз етіледі.

Жәбірленуші азаматтық талап қойған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тиісті қаулысымен азаматтық талапкер ретінде танылуға жатады.

Жәбірленушіге сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде осы құқықтары түсіндірілсе де, кейбір жәбірленушілер бұл жағдайға онша мән бермей, құқықтарын тиісінше пайдаланбай, тек қылмыстық іс сотта қаралып жатқан кезде ғана талап арыздарын беріп жатады.

Негізінде жәбірленушіге келтірілген зиян — мүліктік және моральдық болып екі түрге бөлінеді. Мүліктік зиян келтірілген жағдайда көптеген  жәбірленушілер бұл жағдайды қуаттайтын құжаттарды, басқалай дәлелдемелерді дер кезінде жинақтамай, сотта тек ауызша ғана мәлімдеп жатады. Ал мүліктік зиян қаншалықты дәлелденсе, сол көлемде ғана өндірілуге жатады.

Мысалы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жәбірленушінің және оның өкілінің процеске қатысуына байланысты келіп-қайтқан жол шығындарын айғақтайтын құжаттары (жол жүру билеттері және басқалары) көптеген жағдайда сақтала бермейді. Қылмыспен келтірілген залалдардың орнын толтыруға жұмсалған шығындар, атап айтқанда, жөндеу жұмыстарының құны, дене жарақаттарын алу жағдайы бойынша емделу шығындары, адамның қайтыс болуымен байланысты жерлеу рәсімдеріне жұмсалған шығындарды айғақтайтын құжаттар талап арызға тіркеліп, сотқа тапсырылуға жатады.  Сондықтан жәбірленуші сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінен бастап қылмыстық процеске байланысты өзінің жұмсаған шығындарын растайтын құжаттарын жинақтап, талап арызына тіркеуі қажет.

Сонымен қатар, қылмыстық процестік Кодексінде процестік келісім жасау тәртіптері қарастырылған.

Осы процестік келісім жасау кезінде жәбірленуші құқықтарының ерекше жақтары көрсетілген. Атап айтқанда  заң талабына сай  кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жәбірленуші келіскен кезде ғана жасалады. Ал жәбірленуші процестік келісімге қарсы болған уақытта процестік келісімнің жасалуы мүмкін емес.

Яғни, күдікті, айыпталушы кінәсін мойындап, өзі келтірген зиянның сипаты және мөлшерімен, сондай-ақ қылмыспен келтірілген зиянды өтеу мәселесімен жәбірленушімен келіскен кезде ғана процестік келісім жасалады.

Бұл жағдайлар жәбірленушінің құқықтарын қорғауда, атап айтқанда, келтірілген залалдың орнын дер кезінде толтыруға, істің созбалаңға салынбауына әсерін тигізеді.

ҚР ҚПК-нің 626-бабының 4-бөлігінің ережесі бойынша процестік келісім негізінде келіп түскен қылмыстық іспен судья келіспеген жағдайда, істі прокурорға сотқа дейінгі тергеп, тексеруді жалпы тәртіпте жүргізу үшін қайтара алады.

Процестік келісім негізінде қылмыстық іс сотқа келіп түскен кезде, заң талабының тәртібіне сай жәбірленуші, азаматтық талапкер және олардың өкілдері сот отырысына шақырылмайды. Қажет болған кезде ғана сот олардың сотқа қатысуын ұйымдастыра алады. Сонымен қатар айыптау үкімі аталған заң талабы бойынша жалпы тәртіпте шағымдануға, наразылық келтіруге жатады.

Сондықтан жәбірленушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде, сондай-ақ процестік келісім жасау кезінде өздерінің құқықтарын толықтай пайдаланғандары дұрыс.

 Айдын ӘЛНИЯЗ,

Ақтөбе қаласының №2 сотының

            бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы.

 

 

 

           

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>