Басты бет » Әлеумет » «Адырна» №4

«Адырна» №4

«Адырна» журналының сәуірдегі  нөмірін тараздық Табиғат Абайділдаевтың өлеңдері ашып тұр. «Поэзия» айдарымен сондай-ақ Бауыржан Бабажанұлының «Ниетқабыл» атты поэмасы беріліп отыр.

«Адырна»  антологиясына» бұл жолы Жұмекеннің өлмес  өлеңдері жарияланды. Әбіш Кекілбайұлының «Қайсарлық» және Ертай Ашықбаевтың «Жұмекен ішкен шайдың шипасы» атты эсселері ұлы ақынның болмысын ашып тұр.

«Соңғы қазақ»  Герольд Бельгердің «Он тоғыз сағат» атты хикаяты  оқырманды бейжай қалдырмасы анық. Думан Рамазанның  Абайдың ұлы Мағауияның дертті шағындағы хакімнің құсасын бейнелейтін «Құса» атты әңгімесі де адамды тұңғиыққа бір батырып алатын дүние. Ал проза саласындағы «Үздік үлгіге» бұл жолы Тобық Жармағамбетовтің атақты «Отамалысы» берілді.

Мейірхан Ақдәулетұлының «Қағынан жарыған мәдениет» атты мақаласы ащы, бірақ керек дүние.

«Тәржіме» айдарымен француз ақыны Пьер-Жан де Беранженің өлеңдері жарияланып отыр. Тәржіма иесі — Шәмшия Жұбатова.

Берік Жүсіптің «Тұлпар ізі жоғалмас…» атты тарихи эссесінің нүктесі қойылды. Ал Серікбол Қондыбайдың «Герман тәңірлері мен қазақ даласы» атты мақаласы оқыған адамның тынысын ашары хақ.  Ал Асан Омар «Абай. Даналық баспалдақтары» атты мақаласында: «М.Әуезов бақиға озғаннан кейін  абайтану саласы терең тоқырауға ұшырады…» депті…

Мырзан Кенжебай «Орыс князі табанға неге табынды?» атты  мақаласында қылқаламшы В.Орлов-Петровтың 1912 жылы салған «Княздің ант беруі»  деп аталатын суретін сөз етеді. Иә, бір кезде орыс княздері Алтын орда ханының табаны бейнеленген тасқа табынып, бас иіп, ант берген…

Биыл 80-ге толып отырған ақтөбелік сатирик жазушы Төрежан Мәндібайдың «Ойылдағы өлген жылан» атты әңгімесін оқыған адамның жүйке тамырлары бір босап, рахат табары хақ.

P.S. «Адырнаға» жазылыңыздар. Осы айда жазылсаңыз, келесі айдан бастап ала бастайсыз…

Өз тілшіміз.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*