Басты бет » Әлеумет » Жастарды жат ағымнан қалай құтқарамыз?

Жастарды жат ағымнан қалай құтқарамыз?

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жастарды жат ағымдардан сақтандыру мақсатында жиын өтті. Шара «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету»  жобасы аясында ұйымдастырылды.

Облыстық дін істері басқармасының  басшысы Жолдас Қалмағанбетов пен «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Жандәулет Сүлейменов студенттерге жат ағымдардың зияны мен одан сақтанудың жолдарын түсіндірді.

— Жастар арасында «өзге  ағымдардың жетегінде кеткендер жоқ» деп айта алмаймын. Дегенмен соңғы екі-үш жылдықта  жат ағымдардың қатарына топтап қосылып жатыр деген дерек жоқ. Және қазір қоғам түсінді. Жылма-жыл  жүрізілген жұмыстың нәтижесінде діни көзқарасы өзге, жат ағымдардың қатарына қосылып жатқандар азайып келеді, — деді басқарма басшысы. Сондай-ақ ол ислам діні, оның ішінде мәзһаб, ата-баба дәстүрі туралы кеңірек әңгімеледі. Жиын еркін, әңгімелесу бағытында өтті. Жастар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Өзін Әсел деп таныстырған студент қыз әкесі мен ағасының намаз оқитынын, өзінің де намазға жығылу ойында бар екенін айтты.

Әкем Әбу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқиды. Ал ағам исламның сунниттік бағытын ұстанатынын, тек қана Пайғамбар жолымен жүретінін, мәзһаб жолын мойындамайтынын айтады. Мені осы мәселе ойландырады, — деді.

Бұл сұраққа Жолдас Қалмағанбетов жан-жақты жауап берді.

«Мәзһабты танымаймын» деген адам адасып жүргендердің қатарында. Исламда төрт мәзһаб бар. Соның ішінде  Орта Азия елдері мен Қазақстан халқының  ұстанатыны Әбу Ханифа мәзһабы, — деген басқарма басшысы кеңінен түсіндірді.

Басқосуда студенттер өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Жалпы «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында бұндай шара Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин, Шалқар аудандарында ұйымдастырылады. Сонымен бірге мамандар түзету мекемелеріне барады. Шетелдерде білім алып жатқан жастармен кездеседі.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

2 пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Бір Алла Тағалаға сыйынатын,
    Екі дүниенің барына сенетін,
    Үш жүздің ынтымағын ойлайтын,
    Төрт құбылаң тең болсын дейтін,
    Бес парызын ұмытпайтын,
    Алтау ала болмаса дейтін,
    Жеті қазынасын сақтайтын,
    Дінім Ислам, тегім Түркі дейтін,
    Əбу Ханифа мəсһабына жататын,
    Мұсылман қазақ екенімізді ұмытпайық!
    Нұрлан Ізденұлы ЕСЕНҒАЗЫ.

  2. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Діні барда, ұлты жоқ,
    Сақалы барда, мұрты жоқ.
    Теке сақал, қырма мұрт,
    Елдің түбіне сол жетер.
    деп
    Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтып кеткендей сақалы бар, бірақ мұрты жоқ адасқан жастардан сақ болу керек.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*