Басты бет » Денсаулық » Иппотерапия қашан басталады?

Иппотерапия қашан басталады?

Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Ақтөбеде орталық тірек-қимыл қозғалысында ақауы бар, аутизм және Даун синдромына шалдыққан балаларды жылқының көмегімен оңалту әдісі қолға алынған болатын. Облыс аумағынан жүзге жуық бала «Тарлан» медициналық орталығынан тегін ем алды. Бұл шара биыл да жалғасын табатыны айтылған. Алайда емнің әлі басталмағанына алаңдаған ата-аналар редакцияға хабарласты.

Жыл басында бір топ ата-ана облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барыпты. Биылғы жылы иппотерапияға қанша  қаржы қарастырылатынын, тендер қашан шығып, қашан басталатынын сұраған. Басқарма басшысы Қайрат Отаров қаражат бөлінетінін, оны  мәслихат депутаттары бекіткеннен кейін ем басталатынын айтқан. Бір айдың ішінде шешілетінін де ескертіпті. Алайда жұмыс әлі басталмаған.

— Былтыр үш айға жуық  тегін ем алдық. Осы ретте облыс әкіміне алғысымды айтқым келеді. Бізді қала сыртындағы ипподромға арнайы көлік алып кетеді, әкеліп тастайды. Сондықтан үзбей, уақытында барып тұрдық. Нәтижесінде ұлымның бойындағы өзгерістерді байқадым. Өздігінен отыра бастады. Осыны көргенде қатты қуандым. Бірақ жыл аяқталғандықтан ем тоқтап қалды. Бізге сол жердегі мамандар келер жылы жалғасатынын айтты. Алайда әлі күнге дейін басталған жоқ. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына да  бардық. Олар ақша бөлінетінін, мәслихат шешетінін, наурыз айында басталатынын айтты. Бірақ әлі күнге дейін иппотерапия басталған жоқ, — дейді Жанар Боранбаева.

Ал ұлы Даниярды емдетіп жүрген  Салтанат Махамбетова да бұл емнің балаға пайдасы көп екенін айтады.

Былтыр 3-4 ай иппотерапияға бардық. Нәтижесі көңілімізден шықты. Және қосымша емдік, сауықтыру жаттығуларын тегін алдық. Баланың емі үшін қанша қаржы керек екенін ауру баласы бар адамдар жақсы түсінеді. Дәрі-дәрмектің бағасы өте қымбат. Бір дәрінің құны кем дегенде  5 мың теңге тұрады. Ал иппотерапияға біз ақы төлеген жоқпыз. Бұл бізге үлкен көмек болды. Бұл үшін облыс басшылығына алғысымыз шексіз. Биыл да осы емді алғымыз келеді. Тиісті орындардың барлығына бардық. Олар біресе «ақша бөлінген жоқ», біресе «мәслихаттың жиынын күтіп отырмыз» дейді. Ауру баласы бар ата-ана үшін емнің ерте, уақытында басталғаны маңызды. Егер үзбей бір жыл бойы ем алсақ, нәтижесі жақсы болар еді, — дейді Салтанат.

Ата-аналардың шағымынан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтан мәселені анықтап сұрадық.

— Ата-аналардың алаңдауына негіз жоқ. Иппотерапияға қаржы бөлініп тұр. Жақын күндері тендер жарияланады. Осыдан кейін интернетте он күн тұрады. Қызығушылық танытқан мекемелер қарап, өз ұсыныстарын көрсетеді. Бір мекеме ұтып алғаннан кейін келісім шарт жасау, құжат дайындау жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан шамамен сәуір айының ортасында тендердің жеңімпазы анықталады. Осыдан кейін ғана иппотерапия емі басталады. Сондықтан ата-аналардың сабыр сақтап, шамалы уақыт күте тұрулары керек, — деді Қайрат Отаров.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>