Басты бет » Әдебиет » Батырдың тұқымы болған соң

Батырдың тұқымы болған соң

Күлкі базары

1 сәуірді Күлкі күні деп әлемнің біраз елдері тойлайды. Бұл мейрамның шығу тарихы туралы талай әңгіме бар, соның бәрі де күлкіге қатысты.  «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін қалжыңға ұста қазақ жұрты да бұл күнді  ерекше жақсы көреді. Оқырмандар назарына Бердібай Кемал, Ардақ Қонақбаева сияқты әзілкештердің бірер әңгімесін  ұсынып отырмыз.

Біздің жақта жылына бір той өткізеді. Батыр бабамыздың тойы. Үйреніп қалғаным сондай — ел жаққа елеңдеп отыратын болдым. Биылғы демалысыма ауылға баратын сылтау табылар ма екен деп жүргенімде, Қабай батырдың мерейтойына шақыру келді. «Негізгі баяндаманы өзің жасайсың, дайындала бер» депті.
«Той десе, қу бас домалаған» халықпыз ғой, домалап елге жеттім.
Ауылдың ақсақалдары алдымен: «Қарағым, орталықтан, зиялы қауымның арасынан келіп отырсың, ғалым деген атың бар. Облыстағылар бір тыңдаса, сені тыңдар, қаладағы ең жақсы көше — Ленинград, Гастелло, Пушкин — осы үшеуінің бірін батыр бабамызға алып бер!» — деп ономастика комиссиясының төрағасына кіргізді де жіберді.
— Ленинград көшесін бере алмаймыз, — деп кесіп айтты төраға. — «Ленинградтық өреңдер» ренжиді.
— Ау, Ресейдің өзі Ленинградты Санкт-Петербургке өзгерткен жоқ па? — деймін мен, — онда Гастелло көшесін беріңіз.
— Отан үшін шайқасқан Гастеллоны сұрап әуре болма!
— Ендеше, Пушкин…
— Пушкинді сұрауға аузың қалай барып тұр, өзің әдебиетшісің.

Мен тосылып қалдым.
— Біріншіден, — деді төраға, — Пушкин — ұлы ақын; екіншіден, Абай атамыз екеуі дос болған. Бір-бірінің өлеңдерін аударған.
— Сонда Пушкин дос болғанда қалай, Семейге Абай атамызға келіп бас мүжіп, қымыз ішкен бе? — деймін мен де өзеуреп.
Қош. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді ғой, дегенмен болғаны да қызық екен.
— Әй, қарағым, — деді бір ақсақал. — Сен өзіміздің Жабай батырды неге жазбайсың, қайдағы Қабайды зерттегенше!
— Қабай мен Жабайды не бөлетіні бар, бірге туған қос бабамыз емес пе? — деп, ығыса бергенім сол еді:
— Ау, ағасы, — деп тоқтатты бір інішек, — сен баяндамаңда Қабайды қалың қалмақ арасынан өз баласы алып шығады дедің. Тарихта олай емес, Қабайды біздің Жабай руының батыры алып шығады.
Шатақ осыдан басталды.
— Жоқ, Қабайды өз баласы құтқарады, — деді бір жігіт.
— Оттапсың! – деді екіншісі.
— Өзің оттапсың!
— Әкеңнің қу шекесі!
Біреуі қалтасынан газ пистолетін суырып алды.
— Әй, қатын, қайдасың? Менің қос ауызымды әкел, — деді екіншісі.
Мен қорқып кейін шегіндім.
— Қаруыңды таста! Жігіт болсаң, жекпе-жекке шық!
— Жүр, ипподром жаққа!
Екі топ ипподромға қарай қозғалды.
— Әттеген-ай, баяндамаға әлгі жерді бекер кіргізген екенмін! — деп өкіндім.
— Оқасы жоқ, әрқайсысы бір-бір батырдың тұқымы болған соң, бәрібір төбелеспей тараспайды. Төбелес тойдың сәні ғой, — деп жұбатты бір ағайын.
Ауыл кең ғой, шіркін! Тек тойды руға бөлініп, төбелеспен аяқтайтыны жаман.

ӨЗІН ӨЗІ ҚҰТТЫҚТАУ

Сауықбай 500 адам шақырып, 50 жасқа толғанын атап өтті. Тойға тай-құлындай тебісіп бірге өскен достары, туған-туыстары, өзіне «ләпбай, тақсыр» деп тұратын бүгінгі жұмыстастары немесе өзі «ләпбайлап» құрақ ұшып қарсы алатын көкелеріне дейін келді.

Бәрі келіп Сауықбайды мақтағанда, жер-көкке сиғызбады: одан адал, одан шыншыл, одан білімді, іскер адам жоқ. Сөйлемеген адам қалмады. Сауықбай елуге толып жатқанда мен неге басқаларға қосылуға тиіспін дегендер көсілді-ау әбден. Әншейінде бір столдан кейін тарақандай тарай бастайтын қонақтар бүгін тойдың соңына дейін болды. Тағы да «Ақмаржанды» сал» деп билеп жүріп алды.
Соңғы сөз әкесіне берілді. Көпті көрген әкесі көп сөйлемеді. Келген ағайын-жұртқа алғысын білдірді де сөздің тоқетеріне көшті. «Бір біріңді өтірік мақтап болсаңдар, тарасайық» деді.

Сауықбай ойланып қалды. Содан кейін қорытынды сөзді өзі алып, өзіне өзі тост айтып кетті.

— Сауықбай, сені 50 жасқа толуыңмен шын жүректен құттықтаймын! Сондықтан шын жүректен шыққан сөзімді бір ақтарғым келеді, — деді ол. — Жаңа кішкентайымыздан бірге өскен кластастарымның бірі Сауықбай жасынан алғыр еді деді. Мұнысы шіли өтірік. Менің алғыр болған ештеңем жоқ. Сабақты да келістіріп оқымадым, төбелестің ортасында жүретін ауылдың «сәні» болдым. Қуаныш апай «сен адам болсаң мұрнымды кесіп берейін» деп отыратын. Оның мұрны сау, демек, менің адам болған түгім де жоқ.

Он жыл бірге оқыған Қыдырдың сөзі тіпті шындықққа жанаспайды. Ол «Сауықбай айтса, оныкі шын, немесе шындыққа жақын» деді-ау. Менің шындық айтып жүрген ештеңем жоқ. Шындықты айтқан боп көлгірсіп келіп сөйлеймін, арғы ойым қайткенде біреуден пайда табу.

Жаңа курстастарым «Сауықбай курстің лидері болды, қыздардың бәрі ғашық еді» деп соқты-ау. Қайдағы лидер? Лидер болсам, ана жоғарыда жүрер едім ғой. Қыздар ғашық болса, қырыққа дейін «отырып» қаламын ба?

Ана нағашым дұрысын айтты. Әкесінің арқасында кішкентайынан ерке боп өсті деді. Үйге келген қонақтардың бас киімін горшок қылатын еді деді. Бұл рас. Үйге келген қонақ қолыма қыстырып жатқан ақшаны азсынып, тағы сұрап алатынмын. Бермесе, бас киімін тартып алып қашып, білгенімді істейтінмін. «Мизерлетіп» отырған қонақтарды орнынан тұрғызып, көрпенің астын тазалап шығатынмын.
Жаңа бір «мықтың» Сауықбай өзінен кейінгілерге қамқоршы, білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп отырады деп келіп соқты. Бөліскен ештеңем жоқ, менен жақсы білетіндерге «Маған білгішсымақтар керек емес, маған энтузиастар керек» деген Монтескенің сөзін алға тартып, өзімнен білімі жоғарыларға күн көрсетпедім. Ақыры олар өз еріктерімен жұмыстан кезекпе-кезек кетіп отырды.

Жаңа біреулер мені тамыры тереңге тартып, жапырағы жайқалған отағасы деді. Тамырым тереңге тартса тартқан шығар, өйткені бұған дейінгі екі әйелімнен екі-екіден төрт бала бар. Менің бүгінгі той тойлағаным, оларға жағып отыр дейсің бе?

Ал, енді бүгінгі мына тұрған әйеліме жағынбағанда не істеймін?

Жаңа менің орынбасарым мені іскер басшы деп мақтады. Менің іскерлігім сол орынбасарымның арқасы. Өйтіп ол өтірік көлгірсімесін. Жұрттың бәріне мені ешқандай жұмыс істемейді, бәрін өзім атқарып жүрмін деп жайып жүр. Маған адал орынбасар болса, сол сөзді сыртымнан айтқанша, неге жаңа көзімше айтпады?
Әншейінде сен солайсың деп бетіме басып отыратын ана жеңешем бәрін біліп отырса да, ештеңе дей алмады. Өйткені оның өзім сияқты баласын төрт жыл сүйрелеп жүріп оқыттым. Енді тек сол ініме менің жолымды бермесін деп тілеймін.
Сауықбай, сен олардың сөзіне сенбе. Маған сен: тән сенде болғанымен, жан менде!

Ал, құрметті жиналған қауым! Менің сіздерді ренжітейін деген ойым жоқ. Елуге толып жатқан мені қолдап айтқан жылы сөздеріңіз үшін көп рахмет! Тек асыра мақтамасаңыздар екен!

Бердібай КЕМАЛ.

 

 

 

 

2 пікір

  1. Бақытжан Қосанов

    Беке қаламыңыз ұштала берсін!!! қалжыңыңыз қышыған жерге тиіпті.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*