Басты бет » Әдебиет » Жақиям үшін жан пида

Жақиям үшін жан пида

Күлкі базары

1 сәуірді Күлкі күні деп әлемнің біраз елдері тойлайды. Бұл мейрамның шығу тарихы туралы талай әңгіме бар, соның бәрі де күлкіге қатысты.  «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейтін қалжыңға ұста қазақ жұрты да бұл күнді  ерекше жақсы көреді. Оқырмандар назарына Бердібай Кемал, Ардақ Қонақбаева сияқты әзілкештердің бірер әңгімесін  ұсынып отырмыз.

Құрбыларым-ау, менің сиқыма, яғни таңқиған танауыма, жіпсиген көзіме, тайқазандай басыма, жиырма кесек кірпіштің астында қалғандай тапырайған бойыма қарап:

— Ойпырмой, әйел затының ұсқынсызы екен! Адам дегенің жаратыла береді екен-ау! — деп мен-сінбей, тіпті мүсіркеушілік білдіріп қалуларыңыз ғажап емес. «Қоянның түрін көріп, қалжасынан түңіл» деген ғой» деп, көсемситіндердің де табылатынына да шүбәм жоқ. Жарайды.

Ал енді бар ғой, менің жанымнан бойы сырықтай, көзі баданадай, сымбатты жігітті, яғни менің күйеуімді көрсеңіздер… Әлгіндегі жаман ойларыңыздан табан астында айнып: «Жаман қыздың бағын қарашы, ей! Таздың басына, пұшықтың мұрнына қонатын қайран бақ-ай, аузы буылған қи толы қаптай мына бір пәлені қайдан тауып  алған?!» деп қызғаныштан іштеріңіздің қыз-қыз қайнайтынын мына менің сұм жүрегім сезіп-ақ отыр.

Асықпаңыздар… Осындай жасындай жарқыраған жігітке оп-оңай  қол жеткізді дейсіздер ме? «Өмір дегеніміз — күрес» дейміз, ендеше неге күреспейміз?» дедім де, өз бақытым үшін ал кеп күрестім. Курстағы қыз біткенді «Көруге көз керек» дегізіп, ауыздарының суы құрып жүрген жігіттердің ішіндегі сырттаны Жақия-ны тақиядай айналдырдым. Құдай түр бермесе де, сала құлаш тіл берген. «Қызыл тілім, осындайда сайрап қал, одан кейін байланып қалсаң да мейлің!» деп қызыл тілді безедім-ай келіп… Жақия да әу баста мына сіздер сияқты мені қомсынып, көзіне де ілмеген. Дегенмен дүниеде сөзден құдіретті не бар?! «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады!». Оның үстіне қазақтың небір айдай сұлу арулары оң жақта отырып қалып жатқанда, менің аянатын нем бар мына сиқыммен?! Ертерек қамданбасам бола ма?

Біссімілдәсін Сұлтанмахмұттан бастап хат жаздым:

«Жақия!

Көп жүрдім шыдайын деп іштен жанып,

Бірде олай, бірде былай ойға қалып.

Амалсыз арды түйіп қалам алдым,

Кеткен соң ғашық оты бойымды алып.

«Қосылғыштардың орны өзгергенмен, қосынды өзгермейді» деген  емес пе, менің қыз басыммен сөз салғанымды жаманға жори көрме! Бұл ісімнің ХХІ ғасырдың қызына жарасатынын қазақтың өзіңдей алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматы түсінбесе, басқа жұрттың түсінбесін білем…». Ар жағын айтпай-ақ қояйын, өзімнің жазған сөздерім өзімнің сай-сүйегімді сырқыратып, бордай босатқаны әлі есімде. Қалада қал-ғысы келетін Жақияның буынын арақтан бетер босататын нәрсе — үй-жай мәселесі екенін біліп алғам. Ауылдағы шешемнің  мен үшін қара орманын сатып, қалаға көшіп келетінін, көп ұзамай қалалық болатынымның да шет-жағасын сездіргем. Өзімнің ішкі есебім бар. Кішкента-йымнан әжемнің бауырына басқан қызымын. Шешем деп отырғаным сол кісі. Ал атам атақты адам бол-ған, әжемнің менен шығарда жаны бөлек, алда-жалда күйеуге шығып жатсам, Арқадан Алматыға құстай ұшып келеді. Әжем келсе, баспанасыз қалмаймыз. Өз есебіне жетік Жақиям  менің құрығыма жапалақтай қалай жалп ете  қалғанын білмей қалды. Содан қойшы, осы бір көркем жігіт менің күйеуім болып шыға келді.  «Бұйырған қашпайды» деген осы! Бірақ… Бірақ жүрген жер оңа ма?!

… Кейбір әйелдердің қит етсе: «Төркініме кетем!» деп күйеулеріне қиғылықты салатынын талай көргенбіз. Жақиямның бөрік кигені болмаса, сол әйелдерден артық жері көрінбеді. «Иттің ішіне сары май жақпайды» демекші, оған салулы төсек, салқын үйде даяр асқа тік қасық бол-ған да жақпады. Мойнымызға бұршақ салып тілеп алған күйеуге жазбай жазықты болып жүргеніміз. Аяқ астынан нілдей бұзылады: «Күшік күйеу бола алмаймын. Не мен кетем. Не шешең кетсін!» деп талап қоятынды шығарды. «Кетем дегесін кетем! Еркектің екі сөйлегені өлгені!» деп ақ қар, көк мұзда далаға қашқан Жақияның соңынан ішімнен: «Еркекке жарыдым-ау мен қасқа!» деп қойып,  жалаң аяқ, жалаң бас қуып жүргенім. «Жаным-ау, менің шешемнен не жамандық көрдің?! Елден біз үшін көшіп келген жоқ па? Жарайды, сәл  шыдай тұршы, бір  ыңғайын табармын», — деп етегіне жабысып, алдап-сулап үйге ертіп келемін. Енді қайтейін, Алматыда не көп, бойдақ қыз көп, намысты қолдан беріп, Жақиямнан талтүсте айырылып қала алмаймын ғой енді.  Одан  Жақиямның көңілі көтерілсінші деп, бірге оқыған курстастарын шақырып, түн ішінде той қылып  жүргенім.  Шешем  аяғының ұшымен жүгіріп, қонақтарға қызмет қылады. Жетпістегі кісіні жұмсап, қолы ұзарып, қызығын көріп  отырған Жақияма қарасам, бақыттан басы айналып отырғандай көрінеді. Сосын анекдот айтуға кіріседі: «Баяғыда бір жігітке әкесі менің Сәнсиям сияқты бір сұрықсыз қызды айттырып алып беріпті. Келін боп түскен күні әлгі ұсқынсыз қалыңдығы күйеуіне келіп: «Әуелі қайнағама көрінейін бе, әлде қайын атама көрінейін бе?» деп сұрапты. Сөйтсе күйеуі: «Кімге көрінсең, оған көрін, тек менің көзіме көрінбе» депті» деп жерден жеті қоян тапқандай мәз болады. «Ұялған тек тұрмас», мен де сықылықтап күле саламын. Енді қайтейін, өз қолымды өзім кесем бе? Көрікті күйеуге ие болу  оңай дейсіздер ме?! Ол да өзінше өнер.

Ертесіне тағы да осы жыр қайталанады. Батырлар жырын жатқа білетін шешемді имансыз  күйеу баланың  мағынасыз жыры мезі етті-ау, шамасы. Бір жамағайынымыздың үйіне қонаққа барам деп кетіп еді, содан қайтып оралмады.  Ұзынқұлақтан елге қайтып  кетіпті деп естідім.  Дұрыс болды сонысы.  Құрысыншы тіпті, екі оттың ортасында өлетін болдым ғой, ешкім әке-шешесін жанына байлап жүрген жоқ.

Өзім «Шықпа, жаным, шықпамен» Жақияма сағыздай жабысып жүргенге мәзбін әйтеуір…

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>