Басты бет » Әдебиет » ДҮЛДІЛ. Димаш Құдайбергенге

ДҮЛДІЛ. Димаш Құдайбергенге

Шырқай білген шынайы сан ғасырдай,

Алты қырдан қазақ па, әнді асырмай…

Әлем біткен әншіге жалт қарады,

Әміренің әдемі жалғасындай!

 

Құбылыссың ерекше, білем мүлде,

Атыңды айтып әр қытай жүрер күнде.

Аспан асты елінде асқақ тұрдың,

Аспан астын шулатып жібердің де…

 

Ән шырқаған дала мен тауда мәңгі.

Қазақ әлем назарын аударар-ды.

Қырдың үні қытайды қырып салып,

Дала даусы дүниені жаулап алды!

 

Ашылатын алдынан бағын біліп,

Келді қытай еліне нар ұл кіріп.

Миллиард қаржы шын дарын шығармай-ақ,

Миллиардты алды ғой бағындырып…

 

Ақындарым арнауда жырын ғажап,

Есі кетті естіп ел үніңді аз-ақ.

Дүлділімен жауласа бұрын бабам,

Бұлбұлымен жаулады бүгін Қазақ!

 

Ең үздікке артады ел де ауырын,

Көркем ұлдың шайқаған көр дауылын!..

Жапырылды үніңді жаһан тыңдап,

Жалғыз өзің Жеңдің ғой, Сен бауырым!

 

Биік рух бар анаң, әкеңде де,

Ұлтым десе, ұғынбас қапер неге?

Шекесі тар шенеунік қазақ білмес,

Қазақ тілін үйреттің жат елге де!..

 

Қалың қауым жібермей қарсы алғанда,

Таңдайлары ойылды тамсанғанда.

Қытайларды қыбырсыз тұрмайтұғын,

Қимылдатпай қойдың ғой ән салғанда!..

 

Дүлділі сен бәйгенің дүбірлеген,

Қаншама ару жылады күлімдеген…

Байлық пенен биліктің қолы жетпес,

Жүректерді жауладың Үніңменен!

 

Қалың қытай Димаш деп қалды ұранмен,

Шақыруда шартарап барлығы әлден.

Ұлы дала ұланы болдың нағыз –

Ұлы Қытай қорғанын алдың әнмен!

 

Шын дарындар шығады шырайлы елден,

Сыпырыла құлады сынай келген.

Әнің ғажап болмауы мүмкін емес –

Сені өйткені Қазаққа Құдай берген!

 

Қазыбек  ИСА

30 наурыз 2017 жыл

qazaquni.kz

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>