Басты бет » Жаңалықтар » Наурыз — мереке, наурыз — береке

Наурыз — мереке, наурыз — береке

Хромтау

Хромтау ауданы да Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен атап өтті. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Хромтау қаласындағы Кеншілер Мәдениет үйінің алаңында аудан тұрғындары мен қала қонақтарына Наурызға арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты шарада хромтаулықтарды облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов пен аудан әкімі Аманғали Бердалин құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Артынша жұртшылық театрландырылған көріністі, сондай-ақ, жергілікті өнерпаздардың дайындаған концертін тамашалады.

Бұл күні ұлық мерекеге орай киіз үйлер тігіліп, келушілер наурызкөже мен бауырсақтан дәм татты. Сонымен бірге, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастар қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, т.б. спорт түрінен өзара сынға түсті. Ал кішкентайлар атқа мініп, алтыбақан тепті.

Мереке күні аудандағы ақсақалдар мен әжелерге дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, ұлық мейрам күні облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов бастаған атқарушы билік өкілдері қонақ үйі, моншасы мен дәмханасы бірге орналасқан сауықтыру кешені және сауда үйінің ашылуына қатысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Қарғалы

Биыл Қарғалы ауданының тұрғындары Наурыз мерекесін екі күн қатарынан тойлады.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ауа райының қолайсыздығы мен ызғырық желіне қарамастан, қарғалылықтар биыл Наурыз мейрамын ерекше атап өтті. Аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы алдындағы алаңға 7 киіз үй тігіліп, халыққа наурызкөже мен бауырсақ таратылды. Сондай-ақ шарада ауданның құрметті азаматтары мен ақсақалдары, ақ жаулықты аналар киіз үйлерге кіріп, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, бір-біріне тілектерін жеткізді.

Мерекеде қарғалылықтар төс қағыстырып, бір-біріне жақсылықтар тілеп, мәре-сәре болысты. Ал сахнада өнерпаздар қойылымдар қойып, спорттық ойындар ойналды. Мерекелік шараға жиналғандарға облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қабай Сәрсенғалиев облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың мерекелік құттықтауын жеткізіп, аудан халқына татулық пен бірлік тіледі.

Ал тұрғындарды мерекемен құттықтаған аудан әкімі Рахат Сыдықов шарада ауданның өркендеуіне үлес қосып, бүгінгі күні жастар тәрбиесіне ықпал етіп жүрген ауыл ақсақалы Жаманқұл Мыңбаевқа «Наурыз Ата», ал еңбек ардагері Сара Ысқақоваға «Наурыз Ана» атақтарын тапсырып, олардың иықтарына шапан мен камзол жапты.

Қошеметке бөленген Жаманқұл ақсақал жиналғандарға ақ батасын беріп, аудан басшысына ризашылығын білдірді.

Бақыт ИМАШЕВ.

 

 

Темір

Күн мен түн теңеліп, жер ақ тонын шешіп, төрт түліктің ауызы көкке ілінген шақта тарихы терең, топырағы қасиетті, киелі Темір өлкесінде қазаққа біткен төл мереке — Ұлыстың ұлы күнін мерекелеудің басты шарасы «Наурыз думан-2017» аудан орталығы Шұбарқұдықта сән-салтанат құрды.

Орталық алаңда әрқайсысында ұлттық киім киген ақсақалдар мен аналар, бозбала мен бойжеткендер бар, ұлттық бұйымдар: домбыра, қамшы, аң терісі, құрақ көрпелер, сандық-кебеже қойылған 11 киіз үй тігілді.

Орталық сахнадағы мерекелік шара «Күн мен түннің теңелуі» көрінісінен басталып, Қыдыр атаның батасы, Көктем аруының жылы лебізімен жалғасты. Аудан тұрғындары мен қонақтарын аудан әкімі Асқар Жүсібалиев Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, молшылық пен береке, саулық пен бірлік тіледі.

Ақтөбеден арнайы келген облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Мирболат Райымқұлов өз кезегінде Темір ауданының тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, бүгінгі мереке Тәуелсіздігіміздің сыйы екендігін атап өтіп, бірлік пен татулығымызды жоғалтпай, ынтымақта өмір сүруге шақырды.

Жиналған жұртшылық аудан өнерпаздарының дәстүрлі ән мен тебірентер термесінің, мың бұралған биінің, сонымен бірге, «Тұсау кесу», «Бесікке бөлеу» секілді ұлттық дәстүрлердің куәсі болды.

Алтыбақан аясына жиылған жастар ұмыт болған қазақ әндерін әуелете шырқап, өнер өміршеңдігін дәлелдей түсті.

Сахна сыртында арқан тартыс, қол күресі, гір көтеру, асық ату, қазақша күрес, қой көтеру секілді ұлттық спорт түрлерінен қызу жарыстар ұйымдастырылды. Әсіресе, қой көтеру сайысын тамашалаушылар көп болып, тартысты бәйге жеңімпаздарынан ықыластарын аямады. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар аудан әкімінің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Наурыз мейрамын ұйымдастыру комиссиясы «Ең көрікті киіз үй» және «Ең үздік ұлттық киім үлгісі» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтап, олар да аудан әкімі тарапынан марапатқа ие болды.

Әр ағаш үйден және арнайы белгіленген екі орыннан халыққа тегін наурызкөже таратылып, ел ақ пен наннан ауыз тиіп, молшылыққа шүкіршілік етіп жатты.

Меңдіхан ӘДІЛХАНОВ.

 

 

Байғанин

Байғанин ауданында  Наурыз мерекесі 14 наурыздан бастап тойланды. Үлкен-кіші, кәрі-жас бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, мәре-сәре болды. Көрісу күні басталғаннан-ақ, ауыл көшелерінде күн сайын көже асылып, алтыбақан тепкен жастар, арқан тартысқан жігіттер, асық ойнаған балалар мерекенің көрігін қыздырды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

22 наурызда аудан орталығы — Қарауылкелдіде бірнеше мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан алаңға қарай беттеген тұрғындардың қарасы көп болды.

Мекемелер арасында 7 киіз үй тігіліп, наурызкөже асылды. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерде мерекелік дастарқан жайылды. Елге тегін көже таратылды. Үлкендер ақ батасын беріп жатты…

Аудандық Мәдениет үйі алаңында ауданның көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концерті өтті. Әсем сазды ән шырқалып, күмбірлетіп күй төгілді. Мың бұрала би биленді. Қазақтың салт-дәстүрлері сахналанып, әдемі көрініс тапты. Мемлекеттік рәміздердің және ҚР Ұлттық Ұланының 25 жылдығына орай жігіттер арасында бауырсақ жеуден сайыс ұйымдастырылды. Жарыс шарты — 25 бауырсақ жеу. Қорытындысында №3 Қарауылкелді орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бірлік Бексұлтанұлы жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар, жастар алтыбақан теуіп мәз болды. Гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тартыс, қазақша күрестен ұйымдастырылған жарыстар да өз мәнінде өтті. Алыс-жақын ағайын-туыс мейрамхана, дәмханаларда бас қосып, кейінгі жастардың да аралас-құралас болуын меңзеп, үлгі, өнеге көрсетті.

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін байғаниндіктер осылайша тойлады.

Майра МАНАРБЕКҚЫЗЫ.

 

 

Ырғыз

 

 

 

 

 

 

 

 

Ырғыздықтар Наурыз мерекесін ерекше көңіл-күймен қарсы алды.

Аудандық «Арай» мәдениет үйі алдында ұйымдастырылған мерекелік шараларға халық ағылып келді. Аудан әкімі Мәди Елеусізов жұртшылықты мерекемен құттықтады, сондай-ақ, Мейірхан Дуанбековке — «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» атағы, ал кәсіпкер Алтынбек Әлжанов, Ө.Қанахин атындағы орта мектебінің мұғалімі Бәкен Құлжаев, «Арай» мәдениет үйінің директоры Айымкүл Оразымбетова, «Дәулет» ЖШС басшысы Ерболат Дүйсенбаевтарға — «Жыл адамы-2016» атағы берілді.

Бұдан әрі мерекелік шара «Арай» мәдениет үйінің, Ырғыз өнер мектебінің, аудандық Жастар ресурстық орталығының, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің, №1, №2 орта мектептерінің, Ырғыз гимназиясының, аудандық орталық аурухана өнерпаздарының концерттік бағдарламаларымен жалғасты. Ал аудан әкімдігі алдындағы алаңға жеті киіз үй тігіліп, зейнеткерлерге, ардагерлерге, басқа да азаматтарға дастарқан жайылып, сый-құрмет көрсетілді.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ұлттық ойындар түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл күні қазан-қазан наурызкөже асылып, бір-біріне ақжолтай тілектерін арнаған тұрғындар ұлттық салт-дәстүріміздің көркін қыздырды.

Т.БЕКЖАНҰЛЫ.

 

 

Ойыл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ойылда Наурыз мерекесі ерекше тойланды. Аудандық әкімдік  алдындағы алаңға киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Таңертеңнен бастап ауыл тұрғындары алаңға жиналды. Жағалай тізілген үстелдердің үсті әр мекеме ұжымы дайындаған ұлттық тағамдарға толды. Мерекеге жиналған көпшілік наурызкөжеден ауыз тиіп, ағарған астардан дәм татты. Жылы көңіл күймен қарсы алған тойшыл қауым күннің қытымыр қабағын елең қылмастан, бір-бірін Наурыз мерекесімен құттықтап, ақ тілектер айтып жатты.  Әсіресе мерекені  қыздырған   ауылшарушылық жәрмеңкесінің өнімдері болды. Жұртшылық «Балтас», «Тәуекел» шаруа қожалықтары мен «Жекенді» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің әкелген  сиыр, жылқы еттерін молынан сатып алды. Бұдан басқа, сүт, нан өнімдері, балық, тағы басқа жеңсік тағамдар сөрелерден орын алды. Бір шетте кәуап жасап жатқан жігіттердің тәбетті ашар тәтті тағамдары көпшілікке ұнады. Сондай-ақ киім-кешектер, ас үйге қажетті тұрмыстық құралдар сатылып жатса, Ақтөбеден арнайы келген жастар «Алматы» сауда компаниясының балаларға арналған ойыншықтарын арзан бағамен ұсынды. Мерекедегі спорттық ойындар тартысты өтіп, мықтылар анықталып, марапаттарға ие болды. Ал Орталық саябақта концерттік бағдарламалар қойылып,  ұлттық көріністермен көркемделді.

Мерекеге жиналғандарды аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева құттықтап, жылы лебізін арнады.

Наурыз мерекесіне жиналған жұрт мерекелік ән-шашуға толы концертті тамашалап, соңынан бағалы сыйлықтары көп лотерия билеттерін ойнады.

С.НАРЕГЕЕВ.

 

 

Алға

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Биыл Наурыз мейрамы аудан орталығында 14 наурыздан басталды. «Тағзым» күні деп аталған бұл күн – қазақ халқының ескі жыл санауы бойынша көктемнің келген күні. Еліміздің батыс өңірлерінде бұл күнді «Көрісу» деп атаса,  оңтүстік өңірде ата-баба рухына тағзым етіледі.

Алға қаласы бойынша 16-21 наурыз аралығында мемлекеттік мекемелер және қала халқы болып, дүкендер, жекеленген көшелерде наурыз көжелер асылып, көктемнің келуімен бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып, соңы шағын концертке ұласып жатты.

Аудан орталығында 22 наурызда  аудан әкімшілігі,   аудандық білім бөлімі, «Алға – Жылу» мекемесі, облыстық Алға балалар үйі, аудандық аурухана ұжымы, «Балдырған» балабақшасы, «Қасиет Аби» ЖШС, «Горгаз» мекемесі, № 1 мектеп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы атынан тоғыз киіз үй тігілді,  Ұлыстың ұлы күніне орай қазақтың  ұлттық тағамдарын ұсынды, елге наурыз көжеден дәм татқызды. Мерекелік концерт, ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, қала  тұрғындары мен  қонақтарының көңілін көтеріп тастады.

Аудан әкімі  Мавр Абдуллин жиылған халықты Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, жаңару мен жарасымды ынтымақтың, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмеген бірліктің, ырыс пен молшылықтың арқауы болған әз Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелуін тіледі.

Жеңіс ҚОНЖАРҰЛЫ,  ардагер ұстаз, 

ҚР Білім беру ісінің үздігі.

 

 

Әйтеке Би

Әйтеке би ауданы Ұлыстың ұлы күнін 21 наурыздан бастап тойлады. Бұл күні «Бұлақ» жеке қожалығы директорының орынбасары Қуанышбай Дабыловтың демеушілігімен  ат бәйгесі ұйымдастырылды.

 

 

 

 

 

 

 

10 шақырым қашықтықта ат бәйгесі, 6 шақырым қашықтықта құнан бәйгесі және 4 шақырым қашықтықта тай бәйгесі өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Темірбек Рахметов жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, аламанға сәйгүліктерін қосқалы тұрған шабандоздарға сәттілік тіледі. Бәйге қорытындысы бойынша ат бәйгесінде 1-орынды Аңсар Жауғашар, құнан бәйгесінде Жалғасбай Тампишов және тай бәйгесінде Әділет Бауыржанұлы жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ теңге ілу сайысында Әмірхан Аралбаев озық шықты. Аталған бәйге жарысына ауданның бірқатар шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері де демеушілік танытты.

Наурыз мерекесі күні аудандық Мәдениет үйінің алаңында «Наурызым — ырысым, ынтымағым!» атты мерекелік шара өткізілді. Білім беру ұйымдары салт дəстүрлер бойынша сахналық қойылымдар қойып, аудан өнерпаздары əн, би, күйден шашу шашты.

Аудандық білім бөлімі, аудандық аурухана, теміржол ұжымы, көпсалалы колледж және «Комсомол» ЖШС киіз үй тігіп, қонақтарды қарсы алды. Оларға мерекелік дастарқан жайылып, қазақтық ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылды.

Алаңда ұйымдастырылған спорттық жарыстар да тартысты өтті. Қол күресінен және гір көтеруден өткен додада топ жарған жеңімпаздарды аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рустем Ермағанбетов аудан әкімінің дипломымен және арнайы сыйлықтарымен марапаттады.

Е.ӘБДІРАЕВ.

 

 

Мәртөк

Ұлыстың ұлы күнінде Сарыжар ауылында «Кәусар» балабақшасының ашылу рәсімі жасалды. Сондай-ақ, бұл күні ауылда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қызмет ететін инватакси көлігі табысталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мемлекеттік тапсырыспен салынған жеке балабақша 100 балаға арналған. Наурыз күні бөбекжайдың ашылу салтанатына сарыжарлықтар ерекше қуанышпен барды. Себебі, ауыл тұрғындарын балабақша қажеттілігі көптен бері мазалап жүрген мәселе еді.

Ауылдықтардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Нұржауған Қалауов салтанатты шарада жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады. «Қазір мемлекет тарапынан балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тауып жатыр. Біз бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  аясында шешудеміз. Сол сияқты, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған азаматтарға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Былтыр ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бөлме ашылса, биыл 1 сәуірден бастап инватакси қызмет көрсететін болады. Арбаға таңылған, өз бетімен жүріп-тұруы қиын жандарды қала мен ауыл арасына тасымалдап, әлеуметтік көмек көрсетуге автокөлік табысталып отыр. Мұндай жандарға осындай мүмкіндікті туғызып отырған кәсіпкерлерге ризашылығымыз шексіз», — деді аудан әкімі.

Салтанатты шара әрі қарай Наурыз мерекесін тойлауға ұласты. Киіз үйлерге кіріп, наурызкөже ішіп, бой жылытқан қауым «Наурыз — мереке, Наурыз — береке» атты мерекелік концертті тамашалады.

Бұл күні ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Аманат ҚАЛПИЕВА.

 

 

Қобда

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Аудан наурыз мейрамын кең көлемдегі шаралармен атап өтті. Мереке қарсаңында және күндерінде жалғызбасты аналарға, аз қамтылған отбасыларына, мүгедек азаматтарға көңіл бөлініп, қайырымдылық шаралары көрсетілді. «Нұр Отан» партиясының мүшелері, жастар сондай адамдарға барып, көже, бауырсағынан дәм татқызды, сыйлықтарын таратты.

Наурыз мерекесімен құттықтап аудан әкімі Ұлы Отан соғысының ардагері Галауб Сайфулдиновтің отбасына барды. Ол мереке қарсаңында 90 жасқа толған болатын. Ауданда  Ұлы Отан соғысының екі-ақ ардагері қалды. Бұл күні аудан әкімі аудандық ардагерлер қоғамының төрағасымен бірге, оларға лайықты құрмет көрсетті.

«Нұр Отан» партиясының мүшелері, ардагерлер, аудандық газет қызметкерлері Наурыз мерекесі күні жалпы саны алпысқа жуық аз қамтылғандардың, жалғызбастылардың, отбасыларының, еңбек ардагерлерінің, мүгедектердің үйлерінде болып, құттықтады. Олардың барлығына  наурызкөже жеткізді.

Аудан әкімдігі алдындағы алаңға алты киіз үй тігілді. Сауда қатарлары жұмыс жасады. Жылдағыша келушілерге тегін наурызкөже мен бауырсақ таратылды. Содан кейін ауданның бүкіл ақсақалдары осы киіз үйлерге құрметті қонақ ретінде шақырылды.

— Ең бастысы, біз осы киіз үйлерде ұлттық салт-дәстүрлерді  көрсеттік. Қобыланды батыр, Әлия Молдағұлова, Абдолла Жанұзақов, Истай батыр атындағы киіз үйлер тігілді. Бұл киіз үйлерде олардың тарихы көрсетілді. Негізгі мақсат — ұлттық дәстүрлерімізді  жастардың санасына сіңіру, тарихи дәстүр жағына көңіл бөлу болды, — деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақшолпан Ақмедиқызы.

Киіз үйлерде музейлік бұрыштар, стендтер жасақталды. Келушілер ауданымыздың батырларының тарихы мен өмір дерегімен танысты.

Осы күні алаңда көрсетілген сахналық көріністерде  Наурыздың тарихына, Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жайына назар аударылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысып, аудан әкімімен бірге тұрғындарды құттықтады.

Спорт кешенінде аудан бойынша спорттық жарыстар өтті.

А.ҚАЗЕКЕНОВ.

 

 

Мұғалжар

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ұлық мерекені 8 мыңға жуық қала тұрғыны мен қала қонақтары тамашалады. Мерекелік шара барысында 3300 литрге жуық көже асылып, 1200 келіге жуық бауырсақ дайындалып, таратылды. Қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Алаңға «Наурыз келді тамаша» деп аталатын сахна көтеріліп, аудан өнерпаздары өнерлерін ортаға салды.

Жиында аудан әкімі Ербол Данағұлов барлық мұғалжарлықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Одан соң «Наурыз Ата»  және «Наурыз Ана» аталымы бойынша Ақкемер ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, медиатор Жалет Сыдықов пен  Еңбек ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Тыныштық Смағұловаға шапан жауып, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Аудан әкімі сондай-ақ тыл ардагері, Ембі қаласының беделді ақсақалы Елғон Есетов пен «Алтын алқа» иегері Сәлік Қожамұратоваға  сыйлықтар табыс етті. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс шаңырақ құрған жас жұбайлар Асыл Тұрақбай мен Аяжан Айматоваға бағалы сыйлық пен сертификат табыс етті.

Бұл тойда палуандар кілемге шығып, тоғызқұмалақ, гір көтеру, сырыққа өрмелеу, асық ату бойынша аудан спортшылары бақ сынасты. Барлық жеңімпаздар аудан әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік шараға атсалысып, халыққа көтеріңкі көңіл күй тарту еткен мекемелерге сыйлықтар табысталды.

Диляра ЕРБОЛАТ.

 

 

Шалқар

Қыс ызғары қайта қоймаса да, биыл шалқарлықтар Наурыз мейрамын үлкен көтеріңкі көңіл күймен ерекше тойлады. Қаламыздағы Е.Көтібарұлы көшесінде сап түзеген киіз үйлердің жанында әуелеген әндер мен күмбірлеген күйлер жарыса шығып жатты.

 

 

 

 

 

 

 

 

Қара қазанда наурызкөже қайнап, қонақтар күтілді. Жас бүлдіршіндер алтыбақан теуіп, қызыл-жасыл шарлар үріліп, жәрмеңкелер қызды. Жастар жағы спорт түрлерімен сайысып жатты. Тарихи-өлкетану музейі алдындағы үлкен сахнада аудан көркемөнерпаздары әзірлеген «Армысың, әз Наурыз!» атты театрландырылған көрініс көрсетілді. Қыз-жігіттер әсем сахна төрінде бір-бірімен  әзіл айтыс өткізіп, салтанатты шараның әрін аша түсті. Сахна алдындағы алаңға түйеге мінген Қыдыр ата келіп, Наурыз батасын берді. Шернияз, Кердері Әбубәкір, Батақтың Сарысы кейпіндегі жыраулар алаңнан атпен өтіп, ұлттық дәстүрімізді одан әрі айшықтады. Бұдан соң ақ жаулықты әжелер шашу шашып, олардың хормен айтқан өлеңдері көптің көңілінен шықты. Осындай жақсы қойылымнан кейін мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Сахнаға аудан әкімі Бауыржан Қаниев шығып, қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, қадам басқан Тауық жылы елге бақ пен береке әкелсін деген тілегін жеткізді және аудандық мәслихаттың шешімімен «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағына ие болған Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің директоры Жеткерген Елемес пен аудандық соттың судьясы Айтуған Махамбетовке сертификаттар табыстап, иықтарына шапан жапты.

Жылдағы дәстүр бойынша «Наурыз Ата», «Наурыз Ана» құрметті атақтары да берілді. Биыл бұл атаққа лайықты танылғандарды көпшілікке қала әкімі Сұлтан Жұманов таныстырды: «Наурыз Ата» атағына — еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Дәулетжан Елеусізов пен тыл ардагері Оразбай Әділбаев; ал «Наурыз Ана» құрметті атағына көпбалалы аналар — Шәрипа Байсанова мен Қуаныш Шынтасова ие болды. Аталған құрметті атақтардың иелеріне бағалы сыйлықтар табыс етілді.  Ал аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен осы мерекеде жастар ұлттық нақыштағы билерді шеберлікпен биледі. Арнайы құрылған комиссия биылғы жылғы тігілген үйлердің қазақы салт-дәстүрімізге сай келетін тұстарын, әсемдігін бағалай келе, жүлделі І орынды аудандық білім бөлімінің тіккен үйіне берді. Сонымен бірге Наурыз мерекесінде спорттық шаралар да тартысты өтіп, жүлдегерлері марапатталды.

Дәулет ДОСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*