Басты бет » Ауыл » Төрт түлігі тең қожалық

Төрт түлігі тең қожалық

Кәсіпкер

Шалқар ауданы Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Хамит Қалуов басшылық ететін «Кішіқұм» шаруа қожалығының бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл қуантады. «Мал баққанға бітеді» демекші, осыдан он үш жыл бұрын құрылған шаруашылық меншігіне тиесілі қазір 170-ке жуық ірі қара, 2 үйір жылқы, 30-дың үстінде түйе, 100-ге жуық қой малы, 2 жүк, 2 жеңіл автокөліктері, 2 трактор, күн сәулесінен қуат алатын қондырғы және 3,5 мың гектар жер аумағы бар. Ауыл шаруашылығы саласында өзіндік іс-тәжірибесі мол Хамит Қалуовпен әңгімеміз өзі жетекшілік ететін қожалықтың мал шаруашылығын өркендету бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстары жайында өрбіді. Сонымен…

Осы өлкедегі №75 разъезде (Шеңді ауылы) қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген Хамит аға жастайынан мал шаруашылығына қабілетті болады.

— Әкем Зейнолла көп жыл ауданымыздың теміржол саласында абыройлы еңбек етті. Анам Күнжамал екеуі 8 баланы өмірге әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі отбасы. Менің балдәурен балалық шағым Қарашоқат елді мекенінде өтті. Қызығы мен қиындығы мол сол бір кездің ұмытылмас сәттері әлі күнге дейін көз алдымда, — дейді жастық шағын есіне алған Хамит аға. — Ауылда орта мектеп болмағандықтан, Қызылорда облысының Сексеуіл стансасындағы интернатта жатып, осындағы мектеп ұстаздарынан тәлім-тәрбие алдық.

Он жылдық мектепті ойдағыдай бітіріп, қолымызға аттестатымызды алған соң Темір ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумына малдәрігерлік мамандығы бойынша оқуға түстім. Аталған оқу орнының қабырғасында білім ала жүріп, Ресейдің Волгоград қаласында Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім.

Әскерден елге аман-есен оралған жас жігіт оқуын қайта жалғастырып, өзінің қалаған мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп шығады. Еңбек жолын Шалқар қаласындағы ет комбинатында бастаған ол кейін қызметін «Тоғыз» кеңшарында мал дәрігері болып жалғастырып, кеңшар тарағанша абыройлы еңбек етеді. Одан соң теория мен практиканы қатар ұштастыра білген Хамит аға Кішіқұм кооперативінде жұмыс істейді.

— 2004 жылдың жаз айында аталған кооперативтен бөлініп, өзіме тиесілі жерімді алып, «Кішіқұм» шаруа қожалығын құрдым. Болашақта іргелі шаруашылық болсын, жүйелі жұмысымыз жалғасын таба берсін деген жақсы ниетпен қожалық атауын өзгертпей сол қалпында қалдырдық. Шүкір, қазір іргелі шаруашылықтардың біріне айналдық. Әрине, бұның барлығы ерінбей еңбек еткеннің және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен егеменді еліміздің ертеңгі жарқын болашағы үшін жүзеге асырылып жатқан сындарлы саясатының жемісі деп білеміз. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар бойынша мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер берілуде. Тек оны тиімді пайдалана білу керек. Мәселен, осы орайда айта кетсем, мен қожалыққа 2015 жылы «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы арқылы лизингке 1 «МТЗ-92» тракторын алдым. Алдағы уақытта да осындай жеңілдікпен техникалар алуды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Хамит Қалуовтың еңбегі де ескерусіз қалмай өткен жылы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби төл мерекесінде Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Абылай Мырзахметовтің қолы қойылған Құрмет грамотасымен марапатталды.

Қожалық жұмысының ілгері жүруіне техника тілін жетік меңгерген баласы Руслан да  әр кез қол ұшын беріп, төрт түліктің тең өсуіне өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар мұнда ерлі-зайыпты Аманкелді-Жанат Жарылқасыновтар мен Боранбай Өтешов те табысты еңбек етеді.

Шаруа азамат округтегі қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды. Мәселен, 2015 жылы өзінің отбасының атынан зекет ретінде ірі қара, қой малдарын сойып, етін ауылдағы жағдайы төмен отбасыларына және Шілікті, Қарашоқат, Тоғыз ауылдарындағы балабақшаларға тегін таратып, ақшалай да көмегін беріпті. Сонымен қатар өткен жылы 4 ірі қара малын сойып, етін ауылдағы жағдайы төмен бірнеше отбасыларға үлестірген және 5 қойдың етін Ақтөбе қаласындағы облыстық Жасөспірімдер үйіне арнайы барып табыстаған. Хамит аға шаруашылықты басқарса, зайыбы Жұмагүл Сүлейменова ауылдан азық-түлік дүкенін ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр.

Округ орталығы Шілікті ауылынан 36 шақырым қашықтықта Дүзкен деп аталатын қыстақта орын тепкен қожалық жұмысымен танысқан біз оның мал шаруашылығын өркендету жолындағы жүйелі жұмыстарына тек қана сәттілік пен толағай табыстар тіледік.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>