Басты бет » Мәдениет » «Амал» — көктемнің де, наурыздың да, жылдың да басы

«Амал» — көктемнің де, наурыздың да, жылдың да басы

Серік ЕРҒАЛИ, этнолог

Жұрт бүгінде қағаздағы күнтізбені көңілге медеу етіп, 1 наурызды көктемнің алғашқы күні деп жүр. Бірақ қазақтың жылдық маусымды Күн орбитасының  шоқжұлдыздар маңын «аралауына» қатысты белгілеген аса ежелгі адамзаттық күнтізбені қолданғанын ұмытпаған абзал.  Ескі Юлиан күнтізбесінің 1 наурызы қазіргі 14 наурызға сәйкес. XVIII ғасырға дейін Ватикан да, Ресей де (1700 жылы доғарды) осы ескіше 1(14) наурызды жыл алмасу күні ретінде мойындап келген.

Әлқисса, әлемдік жыл алмасу күні саналатын бұл күн бүгінде қазақта «Амал» не «Қамал» (Ажтархан, Сарытау, Самар қазақтары) аталады. Бұл — ежелгі түркі-арабтық рухани қатынастың көрінісі іспетті астрологиялық танымның бір жұрнағы. Күннің айналу жолы Тоқты  шоқжұлдызына қарай таяп келгенде, қыс маусымы көктемге ұласады.

 

Астрономиялық «Амал»

Аспан қозғалысын бақылау — бірнеше мыңжылдықты қамтитын ілім. Сол ілім бойынша Күн жүйесіне кіретін 12 шоқжұлдызды (зодиак) Күн жарықтық жыл бойына «аралап» өтеді. Шамасы, Жердің осы шоқжұлдыздарға қатысынан мүшелдік цикл қалыптасып, ғылыми ілімнен этнотанымға ұласса керек. Ежелгі аспан денелерінің шығыстық атаулары айуандарға қатысты болуы бұл салаға ежелгі бабатүркілік құндылықтың қатыстылығын әйгілейді. Себебі, ескі дәуірден үзілмей келе жатқан аңшылық/малшылық өмір үлгісі тек қана түркітектілерге тән екенін жоққа шығару қиынның қиыны. Аспандық үдерістер бойынша бұл күндері Амал жұлдызы мен Күн бір түзудің бойына шығып, Жерден қарағанда беттесіп тұрғандай әсер етсе керек. Және де осы жайт қыстың кетіп, көктемгі үдерісті бастайтын ғарыштық  түрткі болып табылмақ. Сол себептен де қысы қатал далалық көшпелі түркілер үшін бұл үдеріс қыспен бірге ескі жылмен де қоштасу болып табылған. Яғни, Амал мен Күннің «қауышуы» далалықтардың да ежелгі көкірек түйістіру дәстүрінің туындауына түрткі болған.

Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы наурыз айынан басталады. Суретте Шоқан Амал жұлдызына Күн жүйесінің жолығуын бейнелеген. Сөйтіп, Наурыз айы туғанда, яғни бүгінше – 14 наурыз (ескіше — 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, «көріседі» де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады: тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 — ескіше) наурыз — түркілік жыл шеңберінің жігі, көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы.

Ұлы Абай өзінің «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын ескі дәуірмен ұштастырады.  Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз — қазақша жыл басы. Біздің Жаңа жылымыз — Наурыз марттың басындағы болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынамен Жаңа жыл деп айтуға лайық» — дейді. Дегенмен, бұл дәйексөздер айтылғалы қанша су ақты, қанша жыл өтті… Бұрынғы қазақ танымында ажырағысыз «Наурыз» бен «Амал» ұғымдары бүгінгі таным тұрғысынан бір-біріне қайшы бола бастады. Басында солай ма еді?

 

«Амал» мен Наурыз қашан ажырады?

Мәселе неде? Мәселе қазақтың Жаңа жыл ұғымы мен ежелгі Күнге сыйыну (табыну емес) дәстүрінен бастау алатын, бүгінде парсылық (кейбіреулер мұны «шығыстық» атауға құмар) мазмұн беріліп жүрген Күн-Түн теңесімі мерекесінің шатасып кетіп отырғандығында. Түркілер көктемгі «теңесіммен» шектелмеген, күзгі теңесім қарсаңында Чук (шұбаш), Сабантой (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), Ақ ай (маңғол, қалмақ) мерекелері аталса, оған қоса қысқы Күн тоқырауы да «Нартуған», «Соғым басы» (қазақ, башқұрт, татар, шұбаш), «Корачун» (мажар-қыпшақтар, кейбір Сібір, Саян түркілері) түрінде атаса, жазғы Түн тоқырауына қатысты мереке Ысыах (саха)  аталып жүр. Қысқасы, Күн-Түн арақатысына байланысты мерекелердің барлығы Күнді қастерлеу көріністері және аса ұлы салтанаттар болып табылады. Парсыларда көктемгі және күзгі теңесімдердегі Новруз және Мизам мейрамдары ғана мерекеленген, бүгінде тек қана көктемгі нұсқа қалды. Жоғарыдағыларды ескере келгенде, Наурыз — күндік күнтізбеден туындайтын мереке екендігі шығады. Осылайша, түркілерде Наурыздың да орны бөлек, Амалдың да мәні ерекше: Наурыз — ежелгі тәңірлік танымға сай Ақ-Қара, Жарық-Түнек таласынан қалыптасқан философиялық құндылықтың аспандық ілімге негізделген ұлы  4 мерекенің бірі де, Амал — аспан денелерінің қозғалысындағы Жерге қатысты ықпалы мен астрономиялық құбылыстарға негізделген тұрмыстық-шаруашылыққа қажетті астро-гео ілімдерден туындайтын мереке. Алайда, бұның екеуі бір-бірімен тым жымдасып кеткен, аражігін ажырату қиын.

Бір сөзбен айтсақ, Таңбалыдағы тас жазуға қарағанда, Жылдың басы да, жігі де көктем, төл басы.  Яғни, Күн-Түн теңесімінің Көктемге де, Жыл басына да қатысы жоқ! Қатысы болса, түркілерде күздегі теңесім Жылбасы болар еді. Бір қызығы, кемі 4000 жылды қамтитын петроглифтік бедердегі күнбасты Тәңір мен түнбасты Іңір құшақтарын жайып көріскелі тұрған қалыпта бейнеленген.

Шамасы, бұрынғы қазақ Амал мен Наурызды ажыратпаған, «Амал» деп Наурыз басын айтқан. Наурыздама дәстүрін бұрынырақта наурыздың алғашқы күнінен бастап елдің батыс өңіріне қоса, Сыр өңірі тұтастай, Қостанай, Торғай аймағы, ресейлік Ажтархан (Астрахан), Сарытау, Самар, Орынбор облыстары атап өтетін. Бірақ оны «амал» деп те, «көрісу» деп те атамаған, «Наурыз» деген. «Амал» деп атау 1988 жылы мерекенің 21-22 наурызға ресмиленуінен басталды, халықтық Жыл басы күнінен ажырағысы келмеген бұқара 14 наурызды «Амал» атауға мәжбүр болды. Елдің ортаңғы аймағында да қазақтар Наурыз мейрамын Күн мен Түннің теңесуінен емес, ескіше айдың басында бастап кеткен, оны «әптікей» аталатын құстың келуімен байланыстырған. Бұнысы — наурызек құсы.

Ұлттың рухани тінін берік ұстауда Жаңа жыл келуінің басты белгісі болып табылатын «Көрісу» рәсімін ұстанып жүрген ағайындардың тарихи мерекеге барынша адалдық танытуы құрметпен қарауға лайық болғанмен, бұл жайт Алаш рухын алалауға ешбір негіз емес! Бірі — Наурыздың басы, екіншісі — мерекенің шырқау шегі! Бір мейрамның екі сипатының бірігуінен Жыл мерекесінің мазмұны мен маңызы бүгінде барынша тарылып, рухани құндылығымыздан біршама шатасуға итермелеп отыр.

Шын мәнінде, халқымыз наурыз айының алғашқы (ескіше 1 наурыз қазіргі 14-іне сәйкес) күнінен бастап, наурызкөже асып, көрісіп бастайды. Қазақтың біртуар білімдары Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің 8 күндік наурыздамаға қатысқанын жазады. Ол ескіше 1-8 наурыз болса, қазіргі күнтізбеде — 14-21 наурыз аралығы. Қысқасы, Амал — Наурыздың ажырамас басы.

 

Маусымдық «Амал»

Амал — наурыз айының да, Наурыз мерекесінің де басы. Ол — көктемнің де, жылдың да басы. Түркілік жыл 4 тоқсандық мезгілге бөлінеді, әрбір жыл маусымы 90 күннен тұрады, қалған бес күн сол маусымдарда «қыдырып» жүреді. Жыл маусымының басы көктем екені, оның Күн мен Түн теңесіміне қатыстылығы Аңырақай таулы жотасындағы Таңбалыда жатқан ежелгі бесмыңжылдық қашама суретте бейнеленген. Бір қызығы, қазақтың жыл маусымдарының атауы табиғаттың  сол мезгілдердегі бейнесін дөп басады:

Көктем — Табиғат көктейді/туындайды;

Жаз — жазылады, керіледі/өнеді;

Күз — күзеледі;

Қыс — қысылады/қаңтарылады/өледі.

Осы төрт маусымда материяның 4 күйі мен 4 дүлейі орын алады:

Көктем – жылтоқсан – су/жылға;

Жаз – оттоқсан – от;

Күз – күзтоқсан – топырақ;

Қыс – желтоқсан – ауа.

Жазғытұры қысқы тоң кетіп, жер беті жібиді, қар еру басталады, наурыздың ақша қары жауып, қар аралас жаңбыр себелейді. Бұл кезді «аласапыран» атайды, түрлі нәрсенің, дүниенің мидай араласуы дегенді білдіреді.

Бүгінгі Наурызға телініп жүрген наурызкөже асы шын мәнінде көктемгі аласапыранды, қардың еріп, қызыл судың жүріп, жер бетіндегі болып өткен топан су мифінің жұрнағы ретінде Жаратушыға мойынсұну ишарасын білдірсе керек. Шамасы, бұл көже Наурызға қатысты емес, Амалға қатысты жоралғы.

 Лингвистикалық «Амал»

Амал жұлдызы әлемге ертеден мәлім болған. Птолемейдің «Альмагест» еңбегінде бұл жұлдыз шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан аталады.  Амал, сонымен бірге, жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының екінші мүйізі» аталған. Осыған қарағанда ертеректе

Амал — кейбір түсіндірмелерге қарағанда, «тоқты» немесе «тоқтының басы» болмаса қой басының «қасқасы» дегенді білдіретін, Тоқты шоқжұлдызындағы ең жарық жұлдыз болып табылады.  Арапшадан аударғанда, «хамәл» — қозы деген сөз. Десек те, бұл сөзге ежелгі түркі танымының араласып жүргенін аңдаймыз: ха+мал — «мал» сөзі ұсақ, уақ дегенді білдіреді, яғни бүгінгі қазақша «мал» сөзінің семантикалық мәні о баста «ұсақ мал» екенін ұқтырып тұр. Бұны араб тіліне сіңген (бәлкім, ежелгі Бабыл, Шумер заманында орын алуы) ежелгі түркизм деуге қақымыз бар: «мал» сөзімен қазіргідей  төрт түліктің бәрі емес, қой-ешкінің ғана аталғанын байқауға болады. Мал: татарша «малай» — бала, бозбала; «малайлық» — балалық; қазақша «малта» — ұсақ, малалау — ұнтау т.т.; біртұтас семантикалық жүйе түркі тілдерінде айқын сезіледі. Орыстың «малый, малая» сөздерінің төркіні — осы түркі сөзі.

Енді һа-, ха-, га- буындарын қарастырсақ. Қазақ тіліндегі қа+бақ — басты, маңдайды бағушы, қа+қан — қаған, бас/жоғарғы хан т.с.с. түрлі сөздерде «қа» ұғымы тұтас семантикалық мәнге ие: бас, маңдай; бұдан ары дами келе қа+с – нағыз деген ұғымды да қамтыған. Осыдан келіп, һа-, ха- компоненті ежелгі «қасқа» сөзінің  бастапқы түбірі ретінде аспандағы Тоқты жұлдызының маңдайы мағынасында, «һа+мал» тіркесі түрінде арапшаға сіңген. Бұны Тоқты шоқжұлдызының «маңдайындағы» Қамал жұлдызының орналасуы да растай түседі. Қызық жері сол — Амал мезгілі қазақ даласындағы қой-ешкінің төлдеуіне де дәл келіп, сақман науқанын бастайды. «Амал» — жұлдыздық күнтізбеге қатысты рәсім және ол Наурыз мейрамының ажырамас бөлігіне ертеден-ақ айналған. Бірақ «амал» немесе «көрісу» мерекенің атауы ретінде этнографияда қалыптасқан емес. Бұл сөздер атау ретінде Наурыз мерекесінің күнтізбесі ауысып, 21-22 наурызға ығысқаннан бастап өзекті бола бастады. Наурызды 14-інен бастап мерекелеу дәстүрге айналған жергілікті жұрт амалсыз «Амалды» алға тартты. Тіпті «наурыз» парсыша, «амал» қазақша мереке атауы деген жасанды пайым пайда болды. Алайда, осы «амалды» мерекелейтін өңірде «амалкөже» емес «наурызкөже» аталатын мерекелік тағам бар екені ескерілмейді.

 Тарихтағы «Амал»

Тарихи жазбаларды еске алсақ, Амалға қатысты алдымыздан молынан деректер жолығады. Ақат Шәкәрімұлы өзінің Наурыз туралы естелігінде былай дейді: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март (14-март — ескіше 1-март), қазақша жаңа жыл, ұлыстың (бұл «ұлы іс» тіркесі — С.Е.) ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл — фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс (ұлы іс — С.Е.) күні дегізіп жіберген…».

Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 8 күндік Наурыз мерекесіне куә болуы: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым.

   …Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен…».

 Табиғаттағы «Амал»

Наурыз-Амал-Көктем үштігі бір-бірінен ажырамас тұтас ұғым екенін ескерсек, оның қазақ аңдаған табиғи нышандары бар. Ол нышандар өсімдік, аң-құс, жәндіктердің қылығымен тығыз байланыста.

Қазақтың аңдауы бойынша Наурыз айдың 21-22  күндерін күтіп тұрмайды, 90 күн тоң кететін айдың басын күтеді. Сол жібу басталар сәтте-ақ, бәйшешек гүл шешек ата бастайды. Бұны бертін келе «наурызгүл» атаған, ал ежелгі «бәйшешек» атауы ежелгі наурыздық ұлы салтанатпен, «бай, бақ» ұғымдарымен байланыстыра атағаны көрініп тұр. Яғни, гүл атауында адамға келетін бақтың нышаны жасырылған. Бәйшешек — Жылтоқсанның белгісі.

Ал енді көрісу ғұрпының шығуын табиғатпен байланыстыратын белгілі фольклортанушы Берік Жүсіптің Фейсбук парақшасындағы жазбасы аса қызық жайтты аңғартады: «Бәріңізге белгілі, жыл басы — тышқан. Ежелден халық арасында: «Тышқан қалай жыл басы болды?» дейтін ертегілер тараған… Алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, інінің іші мен аузын бір тазалап қояды. Содан соң бір-бірімен кісі сияқты кәдімгідей көріседі (Бұған таңғалмаңыз. Суыр деген аңның түрі бар. Олардың «Суырдың қыз ұзатуы» деген рәсімі болатынын аңшылар жақсы біледі). Мұнысы жыл басында айналасын тазартып, кір-қоңын жуып, киімін жаңалап киетін далалықтардың тіршілігіне қатты ұқсайды. Осы мақұлықтың жылдағы әдетінен бір танбайтынын білетін және үнемі бақылап жүретін біздің жақтың әулие шалдары осы күнді «Жыл басы» дейтін».

Сайып келгенде, Амал мен Күннің «көрісуін» қазақтар жылдың жасаруымен қабат қарастырады. Қазақ халқы 14 наурызды қысқы тоңның жібуімен, көктемнің келуімен бірге жаңа жылдың кіруімен қарастырғандықтан, «көрісу» рәсімі арқылы бір-біріне «Жыл құтты болсын!» — деп тілейді.

Біз бір емес, екі бірдей көктемгі мерекенің біріккен мазмұнын қысқаша қарастырдық. Алайда Наурыз бен Амал бір-бірін толықтырмаса, қайшы емес, бірінсіз бірін айқындау мүмкін емес. Сол себепті де аталмыш мерекелерді бейресми түрде 14-22 наурыз аралығында мейрамдағанымыздың жөні бар. Оның үстіне халқымыздың бір бөлігі әлі күнге солай етіп келеді, ал ресми түрде төл танымнан бас тартқандай болмай, оны кеңіте түскеніміз абзал, мерекелер жимасын «ана аймақ, мына өңір» демей, әуелде ата-бабамыз тұтынған әлемдік танымды түркілік мазмұнға тұтастырған жөн. Ол үшін 23 наурыздағы орынсыз тағайындалған демалыс күнді «Наурыз басы» атап, 14 наурызға ауыстырып, ұлттың рухани салтанатын тұтастыруды шешкен абзал.

2 пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Ақтың молаятын,
    Күннің ұзаратын,
    Нұрдың молығатын,
    Тіршіліктің жаңаратын,
    Өмірдің жаңғыратын,
    Пейілдің түзелетін,
    Көңілдің кеңитін кезеңі – алда келе жатқан 14 наурыз мейрамы құтты болсын!

    Кемеңгер ақын, жазушы, философ, композитор  Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: 14 Наурыз – ескіше 1 наурыз, яғни көктемнің  1-ші күні.
    Әкей айтты: бүгін ескіше 1 наурыз қазақша жаңа жыл Ұлыстың Ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген».  Осы сөзге сүйене отырып жаңа жылда көрісу тек қана батыс өңірінде емес, бүкіл қазақ жұртшылығы 14 наурыз күні есендесіп көрісетін болған!
     
    14 наурыз – Көрісу мейрамы. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. 

    14 наурыз — ол ата-бабаларымыздың қытымыр қысты шығарып сап, көктем кірісімен «Наурыз келді, жыл келді» деп ежелден тойлап келе жатырған мерекесі. Бұл мейрамның өзіндік ерекшелігі — көрші-көлем, ағайын тумалармен қол алысып, иық қағыстырып көрісіп, жасы үлкен ақсақалдарға қол ұсынып сәлемдесіп, олардан ақ баталарын алу болып табылады.

     Көрісу қазақ халқының ізеттілік пен көрегенділікке, ауызбіршілік пен бауырмалдылыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Сондай-ақ, халық арасында: «14 Наурыз күні кімде-кім қырық адаммен көрісер болса, Алла тағала күнәларын кешіріп, дұға-тілектерін қабыл етер» деген де сенім бар.

    Көрісудің ережелері:
    1. Екі қолдап
    2. Төс тақасып
    3. Бір жасыңмен немесе жаңа жылыңмен деген тілектер тілеу
    4. Ең алдымен үй ішімен, отбасымен көрісу
    5. Көршілермен,тума-туыспен көрісу

              Мерекелік сәлеммен:
    Нұрлан Ізденұлы ЕСЕНҒАЗЫ әулеті!

  2. Маңғыстау амал келді дейді.Көрісу күні емес жыл басы.Жыл бойы көрмеген танысыңмен немесе үлкен кісімен көріседі.Амал жұлдыз көкте отыз күн тұрады яғни бір ай.Наурыздың қазақшасы жаңа күн яғни амал айнының бір күні Жаңа жылдарыңызбен

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*