Басты бет » Мәселе » Қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасын шешу — бұл, ең алдымен, тұрғындардың денсаулығын қамтамасыз ету

Қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасын шешу — бұл, ең алдымен, тұрғындардың денсаулығын қамтамасыз ету

Көптеген жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан  басты экологиялық проблемалардың бірі — қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс мәселесі. Қазіргі уақытта мұндай қалдықтардың 97 пайызы алдын ала сұрыпталмай, санитарлық стандарттар талаптарына сай емес, бейімделмеген қоқыс алаңдарына шығарылады.

Еуропалық елдерде  қоқыстардың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, табыс көзіне айналғандығын атап өту керек.

Жыл сайын Ақтөбе облысының өзінде 350 мың тонна тұрмыстық қалдықтар жинақталады. Олардың ішінде облыс бойынша қызмет көрсететін 9 полигонға одан әрі көму арқылы 200 мың тонна көлемінде  тұрмыстық қалдықтар орналастырылады.  Қалған 150 мың тонна қалдық апаттық қоқыс орындарына шығарылады. Облыс бойынша 360-қа жуық апаттық қоқыс алаңдары  бар деп саналады.

2016 жылдың соңына қоқыс алаңдарына шығарылған  коммуналдық қалдықтардың нақты көлемі 13 миллион тонна құрады. Олардың барлығы дерлік қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасынсыз орналастырылған. Қалдықтардың жалпы көлемнің 7 миллион тоннасы Ақтөбе қаласындағы полигондарда, оның ішінде  1,76 миллион тонна «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС полигонында  және 5,24 миллион тонна консервацияланған ескі полигонда жинақталған.

Қалдықтар — қоршаған ортаны ластайтын көздердің бірі. Жер бетіндегі  зиянды заттардың  жинақталған массасы  топырақ жамылғысына, өсімдіктерге, жерүсті және жер асты суларына жағымсыз әсерін тигізеді. Қоқыстар жанған кезде атмосфераға өте көп улы заттар бөлініп,  тыныс жүйесі аурулары мен репродуктивті және  иммундық жүйелердің   ауытқуларына әкеліп соғуы мүмкін.

Аса қауіп төндіретін органикалық заттар — диоксиндер. Олардың әсері цианисті калийден, стрихниннен және курареден күшті абсолютті у болып есептеледі.

Үлкен қауіп тудыратын қатерлі зат — фильтрат, ол қоқыс алаңдары аумағынан  жерасты суларына түседі. Қалдықтарда дизентерия, холера, туберкулез және т.б. ауруларды тудыратын бактериялар ұзақ уақыт бойы сақталады. Фильтраттардың жерасты суларына өтуі, осы микроорганизмдердің кең  таралуына әкеліп соғуы мүмкін.

Облыста қолданыстағы 9 полигонның 6-ы коммуналдық,  3-і жеке болып табылады. Алайда аталған 9 полигон да  көму жұмыстарын  санитарлық ережелер  мен экологиялық талаптарды сақтамай  жүзеге асырады.

400 мың халқы бар Ақтөбе қаласында  заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс жасайды. Қалдықтарды полигонға шығару қызметін  үш мекеме жүзеге асырады. Олар — «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС, «Ақжол ЛТД» ЖШС және  ЖК «Каримбаев». Полигон қаланың солтүстік шетінде орналасқан, жалпы  ауданы — 60,2 гектар. «Ақтөбе Таза Қала» ЖШС-ның мәліметі  бойынша 2009 жылдан бастап полигон ашылғаннан бері  қала ішінен 1,76 миллион тонна қоқыс шығарылған. Өндірістік қалдықтардың тәуліктік жинақталуы 344,16 тонна деп есептеледі. 2015 жылдың өзінде қала полигонында 168,2 мың тонна қоқыс орналастырылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар  компоненттерінің қоқыс алаңдарындағы тығыздығы шамамен 300-500 кг/м3. Облыста, оның ішінде Ақтөбе қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өндеу  мәселесі басты назарда. Бүгінгі күні  ол 0,2-0,5 пайызды құрайды.

Ақтөбе қаласында қауіпті қалдықтарды немесе қайта өңдеуге болатын қалдық компоненттерін бөлек сұрыптау жүйесі енгізілмеген. Жұмыс істеп тұрған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны қазіргі талаптарға және оларды жоюды басқару тәжірибесіне сай емес. Мұнда  қалдықтардың  өздігінен жану деректері жиі орын алады. Мысалы, 2015 жылғы  тамыз айының 17-18 күндері полигонда болған өрт салдарынан жақын аумақта орналасқан Ақтөбе қаласының Шанхай ауданын түтін мен иіс жапты. Өрттің  пайда болуына  қоқыстардың  шіруі нәтижесінде бөлінген  метан себеп болған.

Атмосфералық ауаға кері әсерді  төмендету  мақсатында Ақтөбе қаласы аумағында экологиялық ауыртпашылықты төмендету үшін қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны айналасында жасыл белдеу құру шешімі қабылданды. 2016 жылы 140 гектар алаңға  103 мың жапырақты көшеттер отырғызылды.

2016 жылдың 28 сәуірінде экологиялық заңнамаға  қалдықтармен  жұмыс бойынша тәртіпті күшейту туралы енгізілген өзгерістер барлық органдарды қалдықтарды жою  мәселелеріне басқа қырынан қарауға мәжбүр етті.

ҚР «Жасыл экономикаға көшу» концепциясы шегінде және «2015-2017 жылдарға Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша  іс-шаралар жоспарына» сәйкес Ақтөбе қаласы әкімдігі мен «Ақтөбе» ӘКК АҚ, «Союз Гранд» ЖШС арасында қоқыстарды сұрыптау кешені құрылысы бойынша келісімшарт жасалды. 2016 жылы қуаттылығы жылына  180 мың тонна қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы жобасы жүзеге асырыла бастады. Сұрыпталатын қалдықтардың түрлері — шыны, пластик, темір және қағаз қалдықтары. Аталған кешен полигонға келіп  түсетін  қалдықтардың  40  пайызға жуығын қайта өңдейді. Кешеннің толықтай  іске қосылуы 2017 жылдың қазан айына  жоспарланған.

Жобаның басты мақсаты Ақтөбе қаласы мен жақын орналасқан елді мекендердің экономикалық және экологиялық  сауықтырылуына бағытталған.

Қалдықтарды сұрыптау кешенінің құрылысы қалдықтардың  полигонға шығарылуын 40 пайызға дейін  төмендетуге мүмкіндік туғыза отырып, қалдықтардан тауар түріндегі өнім мен стандартты қайталама шикізат алу арқылы бюджеттің  шығын әкелетін саласынан пайда  әкелетін саласына  айналдырады.

Қоқыстарды сұрыптау кешенінің құрылысы үшін қалалық полигоны  аумағынан   0,8 га жер телімі бөлініп отыр.

Қазіргі уақытта аумақтың инженерлік-геологиялық және гидрологиялық  жағдайы зерттелді, аумақтың жоспары жасалып,  инженерлік жүйелер жүргізілді және  іргетасы қаланып,  құрылыс материалдары сатып алынуда. Инвестиция көлемі  шамамен 500 миллион теңге құрайды.

Жүзеге асырылып жатқан жобаның оңтайлы жақтарына тоқталатын болсақ, олар мыналар: биоыдырайтын қалдықтар  үлесінің төмендеуінен жағымсыз иістің  азаюы; көмілуге  жататын қалдықтардағы биоыдырайтын қалдықтар санының азаюы  салдарынан  сілтілені өнімдерінің түзілу қаупінің төмендеуі; полигонның санитарлық жағдайының жақсаруы; өрттің  пайда болу қаупінің төмендеуі; жер қыртысы, жер және жерасты суларының ластану қаупінің төмендеуі; 100-120  адамға жұмыс орнының пайда болуы; қоршаған орта жағдайын үзіліссіз мониторингтеу жүйесін енгізу.

«2014-2050 жылдарға арналған қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың бағдарламасы» шеңберінде облыстың ірі елді мекендерінде  полигондар, қоқыс  сұрыптайтын цехтар мен кешендер салу бойынша шаралар жоспары қажет.

Облыс басшылығы экология мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Мәселен, облыс әкімі өткізген аппараттық жиында  жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың қоршаған ортаға  қауіптілігін ескере отырып, оны  жою  мәселесі қайта қаралды.

Биылғы ақпан айында облыс әкімі алдында департаменттің «Экологиялық қауіпсіздік саласында 2016 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы» есебін бердік. Аталған жиында қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасына айрықша назар аударылып, оларды шешу жолдары талқыланды.

ҚР «Жасыл экономикаға» көшу концепциясының басты қағидалары мен бағыттарын ескере отырып, облыстың өндірістік кәсіпорындар тарапынан  қоршаған ортаға техногенді салмақты төмендету мақсатында қалдықсыз  технологияны енгізу туралы шаралар қолданылуда.

2016 жыл бойынша  түзілген өнеркәсіптік қалдықтар көлемі 76,7 миллион тонна,  2015 жылға бұл мөлшер 105,5 миллион тонна құрады. 2016 жылы өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 12,44 пайыз, ол алдындағы жылмен салыстырғанда 2 пайыз жоғары.

Тау-кен өндіру кәсіпорындарының  барлығында дерлік қалдықтарды басқару жүйесі әрекет етеді. Бұл жүйеге қалдықтардың технологиялық  циклдерінің, сондай-ақ  қалдықтар түзілуінің ескерту немесе азайту, есеп және бақылау, жинау, қайта өңдеу, жою, сақтау және тасымалдау сияқты  барлық  кезеңдері кіреді.

«Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң кен байыту комбинатында 2016 жылға табиғат қорғау іс- шараларын жүзеге асыру нәтижесінде қолданыстан шыққан  карьерлер алаңдарында 8,6 миллион тонна аршылған ірі қалдықтарды орналастыруға мүмкіндік пайда болды.

«Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты  филиалы №2 цехында орта және  төмен көміртекті шлактарды тұрақтандыру мен қайта өңдеу бойынша  бағдарлама нәтижесінде, 2016 жыл бойынша шлактарды жинауды 180 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік беріп, экологиялық тиімділікті арттырды. Жоғары көміртекті темір қорытпасының ағымдағы шлактары цех ішінде қиыршықтас дайын өніміне  қайта өңделді.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында газ тазарту сүзгілерін жою шаралары, оларды  отқа төзімді кірпіштерді дайындау процесінде пайдалану арқылы шаңдануды 474,2 тоннаға азайтуға қол жеткізілді.

2016 жылдың сонында Ақтөбе қаласында «Сайлан Ақтөбе» ЖШС құрамында хром қоспалары бар қалдықтардан «Хромикс» пигментті-толтырғышын және магнезиальді ұнтақ шығаратын, қуаты 6000 тонна болатын цехты іске қосты.  Жаңа өнім  жасыл шыны мен бояу өндірісінде қолданылатын болады.

Мұнай-газ өндіру секторларындағы өнеркәсіптік қалдықтар көлемі бұрғылау көлемінің төмендеуіне байланысты 66 пайызға қысқарды. Мұнай-газ өндірісінің қалдықтары көбінесе өнеркәсіптік полигондарда заласыздандырылады. 2016 жылда мұнай қалдықтарын залалсыздандыру-қайта өңдеу  үлесі  70 пайыз құрады.

Облыс аумағында мұнай-газ секторының өнеркәсіптік қалдықтарын орналастыру және залалсыздандыруды жүзеге асыратын  16 субъект  бар. Олар Мұғалжар, Темір, Байғанин, Шалқар  аудандарында орналасқан.

Экология департаменті мен облыс прокуратурасы өнеркәсіп полигондарына бірлесе жүргізген тексеру жұмыстары нәтижесінде полигондарда  өнеркәсіп қалдықтарын орналастыру және залалсыздандыру барысында заңбұзушылықтар бары анықталды. Тексеріс нәтижесінде 3 өнеркәсіп полигонының қызметі уақытша  тоқтатылды. Олар: «АқтөбеЭкоЦентр», «ТазаДалаКом», «Кучум» ЖШС-лары. «НК-Сервис» және «НАК-Сервис» ЖШС қызметтері мүлдем тоқтап тұр. Сонымен қатар «Химпромсервис» ЖШС  сот  шешімімен банкрот болып танылды.

Қоршаған ортаның ластану деңгейінің сандық, сапалық қауіпті көрсеткіштерінің бірі — мұнай-газ кешендері нысандарының тазартылмаған күкіртті-сілтілі ағындылары.

2002 жылдан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС-ында демеркаптанизациялау процесі үшін қышқыл натрийдің 15-20 пайыздық  ерітіндісі қолданылады.  Бұл технология сілтілі ерітінді түріндегі қалдықтардың айтарлықтай түзілуін қарастырады. Жыл сайын аталған кәсіпорындар мұнай мен газды тазартқаннан кейін 40 мың тоннадан жоғары қауіпті күкіртті-сілтіні қалыптастырады. Демеркаптанизациялаудың сұйық қалдықтары салыстырмалы  көлемде жоғары концентратты биотоксиканттар бөледі. Бөлек жинау және сұрыптау процесі барысында алынған материалдарды  қайта өндеу үшін қаланың индустриалдық аумағында, сонымен қатар облыс аудандарының орталықтарында қайта өңдейтін өндірістер салу қажет деп санаймыз.

2016 жылдың қараша айында бүкіл Қазақстан бойынша әрбір тұрғын  өзінің ескі автокөлігін  тапсыруға болатын пилоттық бағдарлама басталды. Ескі көліктерді қабылдау пункті Ақтөбе қаласындағы 41-разъезде орналасқан. Тек қараша-желтоқсан айларының өзінде Ақтөбе қаласында қатардан шыққан 448 көлік тапсырылды.

Қалдықтарды басқару жүйесі бірнеше сатыдан тұрады: бөлек жинау, тасымалдау, сұрыптау және заласыздандыру  немесе қайта өңдеу. Біздің ойымызша, осындай сұрыптау және қайта өңдеу сатыларын құру  және ұйымдастыру жағдайында қалдықтарды басқарудың барлық тізбегі жұмыс істей бастайды.

Қоршаған ортаға электрондық қалдықтар да  біраз зиянды әсерін тигізеді. Қызмет ету мерзімінен асқан электрлік  немесе электромагнитті құрылғылар (компьютер,  ұялы телефон, батарейкалар) құрамында сынаптан басқа алюминий, магний, мышьяк, берилий және т.б. зиянды заттар пайда болады. Электрлі заттардың қабығына зақым келгенге дейін ол қауіпсіз болып саналады. Одан кейін улы заттар топырақ және жерүсті сулары арқылы қоршаған ортаға таралатынын ескеру қажет.

Біздер үшін, яғни қазақстандықтарға, «жасыл экономика» сәнге еру емес, болашақ ұрпақтың амандығын қамтамасыз ету үшін қажет. «Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз!»  экологиялық жобасы аясында өткен жылдан бастап «Технодом» дүкендер желісі электрлік-тұрмыстық қоқыстарды бөлек жинау мен залалсыздандыру  үшін арнайы экологиялық бокстар қондыру бағдарламасын жүзеге асыруда.

Акцияның негізгі мақсаты — қала тұрғындарын электрлі-тұрмыстық қалдықтарды контейнерлерге шығармай, «Технодом» сауда компаниясы желісіне әкеліп тапсыруға  шақыру.

ҚР Экологиялық Кодексінің  301-бабы 3-бөліміне сәйкес жергілікті атқарушы органдарға ыдырау қаупі бар қалдықтарды  көмуді қысқарту  бойынша шаралар алу  міндеттелген.  Бүгінгі күні  облыс бойынша  жыл сайын  құрылатын қатты  тұрмыстық қалдықтардың тек 0,25 пайызы залалсыздандырылады.

Сондықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру өте маңызды және қажетті.

 Жақсығали ИМАНҚҰЛОВ,

  облыстық экология департаментінің басшысы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*