Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбе өңірінде Елбасы тапсырмасы толықтай орындалды

Ақтөбе өңірінде Елбасы тапсырмасы толықтай орындалды

2016 жыл қорытындылары:  Барлық салада даму бар

Сәрсенбі күні Ақтөбедегі Теннис орталығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2016 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді.

Облыс әкімінің тұрғындармен есептік кездесуіне соғыс және еңбек ардагерлері, ірі кәсіпорындар мен мекемелердің, қоғамдық, діни және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, облыс орталығының тұрғындары келді. 12 ауданның тұрғындары жиынға онлайн режимінде қосылды. Сондай-ақ, облыстық телеарнада және әлеуметтік желілерде жиыннан тікелей көрсетілім ұйымдастырылды.

Есептік кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Шалқар Байбеков, «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ төрағасы Ерболат Досаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзін:

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қандай дағдарыс жағдайында да экономикалық көрсеткіштердің және халықтың әл-ауқатының төмендеуіне жол бермеуді тапсырған еді. Облыстың 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері 2015 жылмен, сондай-ақ, республикалық орташа көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары. Ақтөбе өңірінде Елбасы тапсырмасы толықтай орындалды, — деп бастады.

Өткен жылдың негізгі көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, жалпы өңірлік өнім көлемі 1900,7 миллиард теңгені құрады.

Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 1202,7 миллиард теңгені құрап, бұл сала бойынша өсім деңгейі 100,2 пайыз болды. Оның ішінде, тау-кен өнеркәсібі бойынша 747,1 миллиард теңгенің, өңдеу өнеркәсібі бойынша 354,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібі бойынша нақты көлем индексінің өсімі 115,8 пайыз болды. Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 409,6 миллиард теңгені құрады. Бұл да республикалық орташа көрсеткіштен жоғары.

Өткен жылы жергілікті бюджетке 110,2 миллиард теңге түсім түскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, түскен қаржы мөлшері 110,2 пайызға артық болды.

— Экономиканың дамуы көп жағдайда инвестиция тартуға байланысты болады, өткен жылы тартылған инвестиция 373,7 миллиард теңгені құрады, — деді облыс әкімі.

2,2 есе көп өнім

Өткен жылы облыста 184, 8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл сала бойынша нақты көлем индексінің өсімі 108,7 пайыз болды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы сомасы 3,2 миллиард теңге болатын 25 жоба іске асырылған.

Қазіргі күні елімізде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» бағдарламалары арқылы облыс бойынша 12,5 мың бас мал сатып алу көзделсе, нәтижесінде 16 348 бас мал сатып алынған.

Егін егумен айналысатын шаруашылықтар үшін де өткен жыл сәтті жыл болды. Ақтөбелік диқандар 2016 жылы әр гектардан, орта есеппен, 13 центнер өнім алды. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш — 5 центнер, 2015 жылы 5,9 центнер болған еді. Яғни былтыр 2015 жылғыдан 2,2 есе көп өнім алынды.

2016 жылы облыста 72 кооператив құрылды. Оның ішінде ет және сүт бағытындағы кооперативтер саны — 52.

Өткен жылы дәстүрлі емес шаруашылықтар қатары да көбейді. Бұл бағытта 27 жаңа іс басталған. Олардың 9-ы құс өсірумен, 7-еуі сүтті бағыттағы ешкі бағумен, тағы 7-еуі қоян және төртеуі ара шаруашылығымен айналысады.

Кәсіпкерлікті қолдау

Ақтөбе қаласында және барлық аудандарда кәсіпкерлікті дамыту орталықтары бар. Осы орталықтар арқылы өткен жылы кәсіпкерлерге 23 мың қызмет көрсетілген.

Жалпы, облыста 50,7 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. 2016 жылы қолдау мақсатындағы барлық бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерге 39,1 миллиард теңге қаражат бөлінген.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 316 жобаға қолдау көрсетілген. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 236 болған еді. Бұл бағдарлама аясында бөлінген қаржы көлемі өткен жылы 17,1 миллиард теңгені құрапты. Шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы шаралар нәтижесінде былтыр облыста 7 мың жаңа жұмыс орны құрылған. 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 130 пайызға артқан.

Еңбекпен қамту және еңбекті қорғау

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасының Үкімет пен әкімдер алдына қойған басты тапсырмаларының бірі жұмыссыздық деңгейінің артуына жол бермеу екенін атап өтті. Өткен жылы өңірімізде жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды қайта оқыту арқылы тұрғындарды еңбекпен қамту мақсатындағы кешенді жоспар жалғасын тапты. Жоспарда көзделген шараларды жүзеге асыру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі өспей, 4,8 пайыз қалпында қалды. 2016 жылы облыста 29,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 21 мың болған еді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы 13,4 мың адам жұмысқа орналасқан. Осы бағдарлама аясында 4,9 мың адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облысқа 9,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.

— «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқандар санын, 2015 жылмен салыстырғанда, бес есеге көбейттік, — деді облыс әкімі.

Былтыр облыста «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында 2000-ға жуық жұмыс орындары құрылған. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі көрсеткіші бізде республикалық орташа көрсеткіштен төмен.

Сондай-ақ, 2016 жылы еңбеккерлер құқықтарын қорғау, жалақы мен жұмыс орындарын сақтау мақсатында облыстық әкімдік, кәсіподақ және кәсіпорындар басшылары арасында 5200 меморандумға қол қойылған. Бұл меморандумдар арқылы 100 мың жұмысшының мүддесін қорғау көзделді.

Азық-түлік: баға және қауіпсіздік

Өткен жылы өңіраралық кооперация аясында Қазақстанның барлық өңірлерімен байланыс орнатуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырыла бастады. Ақтөбеге Қазақстанның басқа өңірлерінен жалпы құны 4,3 миллиард теңге болатын 21 мың тонна өнім жеткізілген. Оңтүстік Қазақстан облысынан арзан көкөністер мен жемістер, Қызылорда облысынан күріш пен балық, Алматы облысынан қант жеткізілген. Біздің облыс өндірушілері басқа өңірлерге жалпы құны 8,9 миллиард теңге болатын 45 мың тонна өнім жөнелткен. 2016 жылы облыс көлемінде 390 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Әрине, бұл шаралар арқылы азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне жол бермеу мақсаты көзделді.

Өткен жылы облыста инфляция деңгейі 108,3 пайыз болды.

— Басқа өңірлермен салыстырғанда, бізде инфляция деңгейі төмен болды. Бағаны негізсіз өсіруге жол бермеуге бағытталған шаралар алда да жалғаса береді, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, ол:

— Адамға ең керегі — тамақ. Біз қажетті азық-түлікті 100 пайыз көлемінде өзімізде өндіруге қол жеткізуіміз керек. Бұл үшін ауыл шаруашылығы жерлерін толығымен пайдалану, жердің құнарлылығын арттыру қажет, — деп атап өтті.

Өткен жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, облыста суармалы алқаптардың жалпы алаңы 18,3 мың гектарға жетіп отыр. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 12 мың гектар болатын.

41 балабақша ашылды

Өткен жылы облыста білім беру саласы бойынша көптеген жаңа нысандар іске қосылды. Атап айтар болсақ, 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептерде жалпы саны 3090 оқушы білім алады. Олардың арасында облыстық физика-математика мектеп-интернаты, «Сымбат» жеке мектебі бар.

Сондай-ақ, былтыр облыста 41 балабақша ашылды. Олардың 35-і — жеке балабақшалар. 3-6 жас аралығындағы балаларды меткепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 92 пайызға көтерілді. Ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 87,9 пайыз болған еді.

Әйгілі клиникалармен келісім жасалды

Денсаулық сақтау саласында өңірлік медициналық кластер құру бағытында жұмыстар жасалып жатқаны облыс тұрғындарына белгілі.  Осы мақсаттағы «Ақтөбе медицина орталығы» облыстық клиникалық аурухана, облыстық балалар клиникалық ауруханасы, «Дару» медициналық оңалту орталығы, облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығы, М.Оспанов атындағы БҚММУ-дың медициналық орталығы сынды емдеу орындарын қамтиды. Медициналық кластер құру бағытында әлемдік деңгейдегі клиникалармен әріптестік жөніндегі келісім жасалған.

Сондай-ақ, Ақтөбеде қазақстандық және шетелдік мамандардың қатысуымен бүйрек ауыстыру үшін —16, бауыр ауыстыру үшін 6 ота жасалды.

Баспана және жер телімі

Қазіргі күні облыста 134 мыңнан астам адам тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұр.

— Еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда, бізде жер кезегінде тұрғандар саны көп, — деді облыс әкімі.

Өткен жылы облыста жеке тұрғын үй құрылысы үшін 7974 жер телімі берілген. Салыстыру үшін айтсақ: 2009-2015 жылдар аралығында 6531 жер телімі берілген екен. Өткен жылы жер кезегінде тұрғандар мәліметтерін электрондық қорға тіркеу жұмысы аяқталған.

2016 жылы облыста 616 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2015 жылмен салыстырғанда бұл 15 пайызға артық.

Жүзеге асқан жобалар

Облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобаларды жүзеге асыру ісі белсенді жүріп жатыр.

2016 жылы 33 жоба қолға алынған, олардың ішінде 5 жоба іске асырылды. Аяқталған жобалар арасында 1200 орындық «Сымбат» мектебі, облыстық физика-математика мектеп-интернаты, жүйке жүйесі дерттеріне шалдыққан балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимараты бар.

Жол жөндеуге — 8,9 миллиард теңге

Облыс әкімінің айтуынша, өңіріміздегі жолдардың 67 пайызының жағдайы  қанағаттанарлықсыз.

Былтыр облыстағы жолдарды жөндеуге 8,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыға жалпы ұзындығы 108,8 шақырым болатын жолдар жөнделген. Жалпы, өткен жылы жол жөндеу бағытында барлығы 74 жоба жүзеге асырылды.

Экономиканы әртараптандыру — басты міндет

 — Биылғы жылғы басты міндеттер қатарында — экономиканы әртараптандыру бағыты күн тәртібінде тұр,— деп атап көрсетті облыс әкімі есепті баяндамасында. — Биылғы жоспарда құны 40 миллиард теңге тұратын 22 жобаны енгізу, кем дегенде 10 нысанды жаңарту, жұмыс жасап тұрған және тұралап қалған кәсіпорындарды жандандырып, олардың жүктемесін барынша арттыру, еңбек өнімділігін 24,8-ден 27 мың АҚШ долларына дейін көтеру, фармацевтика өнеркәсібін дамыту секілді экономиканы әртараптандыру тапсырмасы тұр.

Өткен жылы облыс 2,5 миллиард АҚШ долларының өнімін сыртқа шығарса, ағымдағы жылы экспорт көлемін 12 пайызға арттыру жоспарлануда.

Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында бизнес өкілдеріне былтыр 39,1 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетілді, ал аталған көрсеткіш биыл 43 миллиард теңгеге дейін өспекші.

 Жолдарды жөндеуге — 7,8 миллиард теңге

Облыстағы күрделі проблемалардың бірі — жолдардың жарақсыздығы. Аумақтағы республикалық, облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы 6 979,4 километрді құрайды.

Облыстағы көлік жолдарының  жартысынан көп бөлігі, яғни 67 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін қаражат бөлуде. Қазіргі уақытта жолдарды салу мен жөндеуде жаңа технологиялар енгізіліп, жергілікті материалдар пайдаланылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолға алынатын Орталық-Батыс тасжолы біздің облысымыздың бірқатар аудандары аумақтарын қамтиды. Ақтөбе-Атырау жолы құрылысы да көптеген проблемаларды шешпекші.

«Жолдардың жағдайы – облыс тұрғындарын толғандыратын маңызды  мәселелердің бірі. Біз олардың сапасын жақсарту жұмыстарын алда да жалғастыратын боламыз», — деп атап өтті өңір басшысы.

Биыл жол жөндеу жұмыстарына 7,8 миллиард теңге бөлінді. Барлығы 298 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Сонымен қатар, құны 740 миллион теңге болатын «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолының», сондай-ақ «Ақтөбе-Орск» жолының құрылыстары басталады. Тұрғындар тарапынан көптен бері айтылып келе жатқан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жол өтпесін жөндеу қолға алынады.

Жолға қатысты барлығы 27 жоба жоспарланды.

 Ауыл шаруашылығы кооперативі 160-қа жетеді

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өсімдік шаруашылығын дамытып, өңдеу, мал  өнімдерінің өнімділігін арттырып, сапасын жақсарту, аймақтың экспорттық әлеуетін өсіріп, ауыл шаруашылығы кешенін тұрақты дамыту бойынша жұмыстар күшейтіледі», — деп атап көрсетті облыс әкімі.

Бұған дейін өз алдына жеке-жеке еңбек етіп келген шаруалар бірігудің тиімділігін енді-енді түсініп, қозғалыстар жасай бастады. Бұл бағытта кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Биылғы меже — 50 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға қол жеткізу.

Ауыл шаруашылығы кооперативінің жүктемесін арттыру үшін осы құрылымдар базасы аясында қызмет көрсету-дайындау орталықтары ұйымдастырылатын болады. Жоспарланған жұмыстар аясында 2017 жылы ет өңдеу 32 пайыздан 35 пайызға, сүт өңдеу 31 пайыздан 37 пайызға артады деп күтілуде.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде облыстың Мемлекет басшысының алға қойған аграрлық экспорттық өнім өндірісін арттыру жөніндегі тапсырмасын  орындауға барлық күш жұмылдырылатынын атап өтті.

 Суармалы жер ұлғайтылады

— Біз 2020 жылға дейін өңірдегі барлық суармалы жерлерді тиімді айналымға енгізуді көздеп отырмыз, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы бүгінде 19,5 мың гектарды қалпына келтіру мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірленгенін еске салды. Аталған жобаны қаржыландыру мәселесі халықаралық қаржы институттарымен, соның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастықта пысықталып жатыр.

Осылайша есептегенде, 2018 жылы суармалы жер көлемі 40 мың гектардан кем болмайды деп болжамдалуда.

Өңіраралық кооперация одан әрі дамытылады

 «Ақтөбе» «ӘКК» АҚ» азық-түлік тауарлары нарығын дамыту мен экономикалық дағдарыс жағдайында өзекті болып саналатын төмен бағадағы сапалы ауыл шаруашылық өнімдерімен толықтыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде.

Өнімдерді жеткізу бойынша өңіраралық кооперация аясында облыс сынамалық режимде Қазақстандағы барлық өңірлермен, соның ішінде Алматы және Астана қалаларымен байланыс орнатты. Көрші өңірлерден көкөністер мен азық-түлік түрлерін жеткізу биыл да жалғасын табады. 2017 жылы біздің облысқа 5,4 миллиард теңгенің өнімі әкелінеді деп күтілуде. Ал біздің облыстан сыртқа шығарылатын өнімдер құны  9,4 млрд теңгеден 12 миллиард теңгеге дейін көбейетілмекші. Бұл былтырғыдан 2,6 миллиард теңгеге артық.

Өңіраралық кооперация жұмысын жандандыру нәтижесінде облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын 20-40 пайызға дейін төмендетуге  мүмкіндік бар.

 31 мың адам жұмыспен қамтылады

Елбасы алға қойып отырған міндеттердің бірі — тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмыс орындарын қысқартпау мәселелері. «Жұмыспен қамтудың картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады.

Жастар арасындағы жұмыссыздық 2,6%-дан 2,4%-ға дейін төмендеді. Ендігі мақсат — осы деңгейден төмен түспеу.

2017 жылы жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша 31 мың адамды еңбекке орналастыру жоспарланып отыр. Бұдан өзге, ағымдағы жылы нәтижелі жұмыспен жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бастау алып, 6,6 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру және облыстың екі мың тұрғынын оқыту көзделуде. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін 4,9 миллиард теңге бөлінді.

Жұмыссыздыққа жол бермеу, жұмысшылар санын қысқартпау мақсатында облыс ауқымындағы ірі кәсіпорындармен меморандумға қол қою жалғасуда.

 Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі жоғарылай түседі

Облыс басшысы Елбасы ерекше назар аударып отырған кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі биыл да күн тәртібінде берік тұрады.

Есепті жиында 2017 жылы атқарылатын ауқымды істер жұртшылық назарына ұсынылды.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан ауқымды жобалар қатарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қолға алған 1200 орындық Жастар сарайы бар. Өзгеше үлгідегі концерт залы бар бұл ғимараттың жобалық құны — 1,4 миллиард теңге. Қазіргі уақытта құрылыс қабырғалары тұрғызылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

«Казхром» трансұлттық компаниясы қолға алған Оқушылар сарайы да облыс орталығындағы сәнді ғимараттардың бірі болмақшы. Бұл жобаның құны — 1,3 миллиард теңге.

Жастарға жақсы жол сілтейтін Неке сарайының құны бұл аталған екі құрылыстан да жоғары, ол 1,5 миллиард теңгені құрайды.

1000 орындық Жекпе-жек сарайы құрылысы да басталып кетті.

Биылғы жылдың маңызды құрылыстарының бірі — облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғимараты. Оның бой көтеруіне 644 миллион теңге жұмсалмақшы.

— Ағымдағы жылы облысымызда мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында  27 жоба аяқталатын болады. Сонымен қатар, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аумағында 56 мектепке дейінгі ұйымның құрылысын жүргізу жоспарланды, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі өңір экономикасын әрі қарай дамыту жолында жеке және шетелдік капиталды тарту жұмыстары әрі қарай жалғасатынын айтты.

 

 Индира ӨТЕМІС.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>