Басты бет » Басты жаңалықтар » «Жастарды еңбек етуге үйретуіміз керек»

«Жастарды еңбек етуге үйретуіміз керек»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев есепті баяндамасынан кейін тұрғындардың сауалдарына жауап берді. 

Бақберген Қарақов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Сіздің жұмысты мұнай-газ саласындағы шетел компанияларында еңбек ететін  жергілікті және шетел жұмысшылары еңбекақысы айырмашылықтарының  сақталуына мән беріп, мұндай кәсіпорындарда жұмысшыларды қысқартуға жол бермеу, сол сияқты өзге де
әлеуметтік мәселелерді шешуден бастағаныңызды білеміз. Сол үшін сізге алғысымыз шексіз.

Бердібек Сапарбаев:

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты бойынша, елімізге келген әрбір инвестор бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, жұмысшыларға еңбекақыны уақтылы төлеуі, оларды жұмыстан қысқартпауы, өңірде әлеуметтік орындар салуы тиіс. Қазір Астана қаласында салынған, салынып жатқан ғимараттардың көбісі шетелдік компаниялардың қаражатына тұрғызылды. Өңірдегі компанияларға да осындай талап қойылады. Бұл — Елбасының тапсырмасы. Сондықтан бұл тапсырманы біз инвесторларға орындатуымыз керек.

 

Жедел жәрдем стансасының дәрігері, Ақтөбе қаласы:

— Жақында жедел жәрдем стансасы 28 жаңа көлікпен толықты. Алғысымыз шексіз. Алайда жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысын атаусыз көшелер мен саяжай учаскелерінен түсетін шақыртуларға бару қиындатады. Сізден қаланың жаңа құрылыс аудандарына көше атауларын беріп, үй нөмірлерін анықтауға, сондай-ақ, тұрғын үй салынған  саяжай учаскелерін бағыттайтын таблица орнатуға ықпал етуіңізді сұраймыз.

Бердібек Сапарбаев:

— Бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Қала әкімдігі осы мәселемен айналысып жатыр. Ақтөбе қаласының барлық көшесі атаусыз қалмайды. Жақында біз жаңа жобаны жүзеге асырмақпыз. Осыдан 5-6 жыл бұрын Мемлекет басшысы облысқа жасаған сапарында «Ақтөбе  —  құтты мекен!» деген еді. Біз сол тапсырманы орындауымыз керек. Ол бекерден-бекер емес. Себебі, Ақтөбе мүмкіндігі жағынан Батыс Қазақстан бойынша медициналық кластердің орталығы болуы тиіс. Сондықтан бұл мәселелерде тәртіп орнатамыз.

 

Арыстан Аймағанбетов, ардагер журналист:

— Сіздің жыл бойы атқарған жұмысыңызды қанағаттанарлық деп бағалаймын. Алдағы уақытта еліміздің маңызды шараларында ардагер журналистер назардан тыс қалмаса деген ұсынысым бар. Сол сияқты, өткен жылы «Ақтөбе» футбол командасының ел чемпионатындағы ойыны мардымсыз болды. Осы мәселеге көңіл бөлсеңіз.

Бердібек Сапарбаев:

— Тек қана журналистер емес, біз ардагерлердің алдында әр уақытта басымызды июіміз керек. Ол кісілерді ұмытпауымыз қажет. Өкінішке қарай, күнделікті күйбең тіршілікте олар назардан тыс қалып жатады. Өкпеңіз орынды.  Келешекте ескереміз.

«Ақтөбе» футбол командасы туралы менің пікірімді жақсы білесіздер. Әңгіме бір күндік нәтижеде емес, оның ертеңгі дамуында. Әсіресе, футбол өзімізде дамуы керек. Команданың құрамында өз ойыншыларымыз болуы тиіс. Біздің былтырдан бергі жүргізіп жатқан саясатымыз — команда құрамында ең кем дегенде Ақтөбенің 7-8 қара баласы ойнауы керек. Былтыр «Ақтөбе» футбол командасының құрамында біздің 6 бала ойнады. Енді бұл жұмыс әрмен қарай өз жалғасын табады. Сол себепті барлық ауданда футбол орталықтарының филиалын құрдық. Сондықтан олардың арасынан біз жақсы
ойыншыларды тартамыз. Менің ойымша, Ақтөбенің әрбір азаматы өз қаласының патриоты болуы керек. Сондықтан Ақтөбенің футбол командасы өз тәрбиеленушілері арқылы дамиды. Ал команданың бұрынғы басшысы Васильевке қатысты айтар болсам, қазір қылмыстық іс қозғалды, тергеліп жатыр. Егер оның кінәсі болса, онда Қазақстан Республикасы Заңына байланысты жазасын алады.

 

Асқар, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Келешекте Ақжар-2 ауылына мемлекеттік балабақша салына ма? Ауыл мен қала арасына қатынайтын №42 қоғамдық көліктің бағытын реттеуге ықпал етуіңізді сұраймын.

Бердібек Сапарбаев:

— Қазір мемлекет есебінен балабақша салынбайды. Бірақ мемлекет балабақша салуға ынталы кәсіпкерлерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қолдайды. Мәселен, былтыр тұрғызылған 47 балабақшаның 42-сі облыс орталығында салынды. Биыл салынатын 63 балабақшаның 52-сі Ақтөбе қаласында бой көтереді. Соның бірі Ақжар-2 ауылында салынады.

Қазір қаламыздағы екі жолаушы тасымалдаушы кәсіпорында 430 бірлік техника бар. Шынын айту керек, күн сайын соның 60-70 пайызы ғана рейске шығады. Бүгінгі күні қалалық әкімдікте бұл мәселе қаралып жатыр. Сол үшін Самара, Қазан, Мәскеу қалаларының тәжірибесін үйреніп жатырмыз. Биыл біз кем дегенде 230 жаңа автобус сатып алуымыз керек. Содан кейін ғана негізгі бағыттардың қозғалысын кеңейтіп, сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік аламыз. Себебі, автобустар кешікпей келіп, кестеге сай қозғалуы керек. Электронды билетке көшу — уақыт талабы.

 

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Сіз келгелі Ақтөбеде көп өзге-рістер болды. Сіз сөзіңіз бен ісіңіздің бір екенін көрсеттіңіз. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы Орталық базар маңын тәртіпке келтірдіңіз. Дегенмен қазір базар айналасына бұрынғыдай ретсіз көліктер тұратын болды.

Біраз кадрлерді өзгерттіңіз. Алда тағы да өзгерістер бола ма?

Бердібек Сапарбаев:

— Берілген тапсырманы нәтижелі, толық орындау үшін жақсы кадр керек. Өмір болғаннан кейін кадрлық өзгерістер де болады. Елбасы біздің алдымызға міндет қойды, сіздер де қойып отырсыздар. Сол міндеттің бәрін орындап, орындамайтын — кадрлар. Егер жұмыс істейтін жақсы кадр болса, ешқандай мәселе жоқ. Ал егер жұмыс істемейтін болса, ондай кадр орнын босатады.

Орталық базар жөнінде қала әкіміне тапсырма беремін. Тәртіп бұзғандарға шара қолданылуы керек.

 

Айнагүл, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Конституциялық реформаға, соның ішінде 26-баптың өзгеруіне байланысты сіздің пікіріңіз қандай?

Бердібек Сапарбаев:

— Қазақстанда жерге, жер қойнауына байланысты мәселелердің барлығы Жер Кодексі арқылы шешіледі. Кодексте жердің ешуақытта жекеменшікке, оның ішінде шетелдіктерге берілмейтіні жазылған. Сондықтан бұл мәселені дұрыс түсінуіміз керек. Біздің мемлекетімізде әрбір мәселе Заң шеңберінде шешіледі.

 

Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Ақтөбе қаласының Кірпішті ауылында көлік жолдарының, жарықтың жағдайы нашар. Өрлеу ауылында да жолдың, ауызсудың сапасы сын көтермейді.

Бердібек Сапарбаев:

— Өткен жылы Ақтөбеде шамамен 40 көше асфальтталып, жиырмадан астам көше жаңадан жарықтандырылды. Қаланы көріктендіру жұмыстары әрмен қарай жалғасады. 2018 жылға дейін Ақтөбенің барлық елді мекенінде медициналық мекеме болады.

Өрлеу ауылындағы ауызсу мәселесін шешуді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа тапсырамын.

 

Гүлмира Сражова, Ақтөбедегі сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының мүшесі:

— 2001-2013 жылдар аралығында мүгедектер мемлекет қаржысына Қырым қаласындағы арнайы шипажайда емделетін. Соңғы кезде Қырымдағы жағдайларға байланысты мүгедектер мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмай қалды. Қоғам мүшелері Ақтөбеден тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандар үшін оңалту орталығын салып беруді сұрайды.

Бердібек Сапарбаев:

— Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту орталығын салу мәселесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал басқа елдердің шипажайында емделу жөнінен арнайы қаржы қарастырылған. Біз бұл мақсатқа қаржы көлемін ұлғайтамыз. Емдеу жұмыстары жалғастырылады.

 

Бақтығали Шоқаев, спорт ардагері:

— Соңғы кезде Ақтөбедегі білікті, білімді бапкерлер бөтен салаға, өзге аймақтарға кетіп  жатыр. Бұл — спорттың дамуына өте үлкен кедергі. Соның ішінде қысқы спорт түрлеріне. Алдағы уақытта осы мәселені бір жүйеге түсірсеңіз деген ұсынысым бар.

Бердібек Сапарбаев:

— Өте орынды сұрақ. Әрбір ұлттың, елдің басқа ұлтқа, елге танылуы мәдениетке, әдебиетке және спортқа байланысты. Мәселен, соңғы бір айдан бері дүниежүзі Димаш деп шулап жатыр. Ал кешегі Алматыда өткен Универсиадада Ақтөбеден бірде-бір жүлдегер шыққан жоқ. Қазір өтіп жатқан Азиада ойындарына Ақтөбеден бірде-бір адам қатыспайды. Шынын айтсам, ұяламын. Әрине, Ақтөбенің әлеуеті зор. Бір жарым жылдан бері Ақтөбеден шыққан спортшыларды, бапкерлерді елге қайтару мақсатында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Қазір облыс орталығында бірде-бір коньки тебетін орын жоқ. Кішкентай балалар коньки тебу үшін түнгі сағат 10-11-де «Мегаға» барады. Ақтөбеде салынып жатқан хоккей модулінің құрылысы сәуір айында аяқталады. Аулаларда хоккей алаңы қоршауларын салуды көбейтуіміз керек. Ол үшін көп қаржының қажеті жоқ. Бұл істі аудан әкімдері мен мектеп директорлары ұйымдастыруы керек.

 

Темірғали Ерғалиев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Жастарға жұмысшы мамандығын ақысыз алудың жолы бар ма?

Бердібек Сапарбаев:

— Елбасы тапсырмасы бойынша, еліміздің әрбір жасы мемлекет есебінен кәсіби мамандық алуы керек. Егер мектеп түлектері жоғары немесе арнаулы оқу орындарына түсе алмаса, онда кәсіби мамандықты тегін ала алады. Ол үшін колледж директорларына тапсырма берілген. Олар мектеп директорларымен тығыз байланыста жұмыс жасауы керек.  Менің ойымша, бұл жөнінен ешқандай проблема болмайды. Аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші — 2,4 пайыз. Бұл көрсеткіш республикада — 4 пайыз. Үлкендер жағы жастарды еңбек етуге үйретуіміз керек.

 

Қытайдан көшіп келген мұғалім:

— Жоғары білімді маман, физика пәнінің мұғалімімін. Қаладағы жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрғаныма бір жыл болды. Қазір жұмыссызбын. «Балық берме, қармақ бер» дегендей, маған «балық аулау» үшін «қармақ беруге» мүмкіндік етсеңіз. Сол сияқты, жеке бизнес бастау үшін «Даму» қорына бардым. Онда стартап-жобаларды қолдауға берілетін несиенің пайыздық сыйақысы өте жоғары. Сізден бойымдағы өнерді жастарға үйрету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратынан орын беруіңізді өтінемін.

Бердібек Сапарбаев:

— Мемлекет басшысының барлық қазақстандықтарға «қармақ» беріп қойып, қалғанын өздері жасаса деген арманы осы. Ақтөбеге физика мамандары керек. Бұл мәселені Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа тапсырамын.

Елбасының кешегі Жолдауына байланысты қазір стартап-жобаларды қаржыландыруға берілетін несиенің пайыздық сыйақысы төмендеп жатыр. Кәсіпкерлерді қолдау үшін пайыздық сыйақының жартысын мемлекет тарапынан төлеу қарастырылған.

 

Қала тұрғыны:

— Қазір қаламызда жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Соның салдарынан балалар да зардап шегуде. Ақтөбеде қашан жерасты және жерүсті жолдары салынады?

Бердібек Сапарбаев:

— Биыл облыс бюджеті есебінен жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті жолдарын салуды бастаймыз. Жерасты жолдары біз үшін тиімсіз. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аймағынан жүргіншілерге арналған жерүсті жолын салуды жоспарлап отырмыз. Кейін қаржылық мүмкіндігімізге қарай бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

 

Серікбай Қайдасұлы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Байғанин ауданының Ноғайты елді мекені тұсында мұнай қалдықтарын өңдейтін полигон құрылысы салына ма? Тағы бір сұрақ, алдағы уақытта облыста ардагерлер үйін көбейту жоспарда бар ма?

Бердібек Сапарбаев:

— Ноғайты ауылы маңында полигон құрылысын салу жоспарда жоқ.

Өкінішке қарай, қазір барлық ауданда ардагерлер үйі жоқ. Жергілікті жерлерде бос тұрған 2-3 бөлмені ардагерлердің кездесетін орталығына айналдыру туралы  аудан әкімдеріне тапсырма берілді. Ал жеке ғимарат салу ісі мүмкіншілікке қарай шешіледі.

 

Алға ауданының тұрғыны (онлайн режимде):

— Аудандағы мектептердің материалдық-техникалық базасы сын көтермейді. Ең басты проблема — денешынықтыру залына қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығы және интернет желісі жылдамдығының өте баяу жұмыс жасауы.

Бердібек Сапарбаев:

— Мектептердің, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр, алдағы уақытта да жалғасады. Бұл мақсатқа жыл сайын бөлінетін қаражат көлемі де өсуде. Әрине, осы жылы айтылған мәселелерді орындауға уәде бермеймін. Ал келер жылы жаңа мектептер салу, барлық акт залдары мен спорт залдарына, жалпы білім беру ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін шешеміз.

 

Гүлмира Есбергенова, жалғызбасты ана:

— Үй алу кезегінде тұрмын. Жыл сайын алдымдағы кезек жеті адамға ғана жылжиды. Он үш жастағы мүгедек қызыммен 25 шаршы метр аумақта тұрып жатырмыз. Жағдайымды өз көзіңізбен көруді сұраймын:

Бердібек Сапарбаев:

— Қазір Ақтөбе қаласында үй алуға  23 мың адам кезекте тұр. Соңғы үш жылда бірде-бір әлеуметтік үй салынбаған. Осындай мәселені шешу үшін биыл облыс бюджеті есебінен аймақта 5 үйдің құрылысы басталады. Құрылыс компанияларының басшыларына мүгедек жандарға, жетім балаларға үй беру турасында келісімдер жүргізіп жатырмыз. Ал сіздің мәселеңізге байланысты аппаратқа тапсырма беремін. Уақытқа қарай сіздің пәтеріңізді барып көреміз.

* * *

Баласының ұрып-соғып, пәтерін тартып алған кейуананың жанайқайын тыңдаған облыс әкімі облыстық ІІД басшысына мәселенің анық-қанығын тексеруге тапсырма берді.

P.S. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есепті кездесуінің 90 минуты тұрғындар сауалына жауап беруге арналған еді. Алайда, аймақ басшысына тұрғындардан сұрақ көп түсті. Сауалдар
әлеуметтік желі арқылы да жолданып жатты. Бердібек Машбекұлы кездесуді қорытындылаған сөзінде тұрғындардан түскен бірде-бір сауалдың жауапсыз қалмайтынын айтты. Ол барлық сауалға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жауап бермек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*