Басты бет » Әкімдер есебі » Есеп аймақ тұрғындарын кең қамтыды

Есеп аймақ тұрғындарын кең қамтыды

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың есебі облыс тұрғындарын кең қамтыды. Кездесу облыс орталығындағы ең сыйымдылығы үлкен теннис кортының залында өтті. Облыстағы он екі аудан онлайн режимінде қосылды. Әлеуметтік желілер арқылы көруге мүмкіндік жасалды.

Облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінен соң, біз онлайн режиміне қосылған аудандармен хабарласып, облыс әкімі есебіне қатысқан тұрғындардың пікірлерін білген едік.

Сөзі көкейімізге қонды

Менің бір байқағаным, облыс әкімінің жұмысына халық айрықша қолдау көрсетіп, шексіз ризашылықтарын білдіруде. Облыс әкімінің есебін тыңдауға келгендердің сауалдар қоюдан бұрын алғыстарын алға тартуы осыны көрсетеді.  Әсіресе, басшының бұған дейінгі кездесулерде  шетел инвесторларына қойған талаптары көпшіліктен қолдау тапты, ана тілімізге деген жанашырлығы да ұмытыла қойған жоқ.  Өз есебінде: «Жерімізге келген инвесторларға сол жердің халқының ахуалын жақсартуға міндеттер қоямыз. Байлығымызды игеріп жатқаннан кейін әлеуметтік нысандар, жол, жұмыспен қамту, тағы басқа жұмыстардың игілігін көруіміз керек» деген сөзі өңірдің әр тұрғынының көкейіне қонады.

Басшы өзінің есебінде аймақта қызу басталған баянды істердің осы жылы да жалғасатынын айтты. Әрбір тұрғынның сұрағына жеке жауап беріп, оның орындалуына аса қатты көңіл бөлетінін білдірді. Басшының көмекке мұқтаж  жандарға шапағаты тиюде. Облыстың әлеуметтік жағдайының төмендемеуіне баса мән беріп, жұмыссыздардың жағдайын бірінші кезекке қояды. Облыс әкімінің бастамасымен аймақта түрлі қайырымдылық шаралар өтті. Тек соның нәтижесінде 14 мың тұрмысы төмен тұрғын қаржылай және басқа да көмектер алған екен.

 Гүлайым ҚАПЛИЕВА,

Ойыл ауданының тұрғыны.

 

Жеке қабылдауда болғандай әсер алдық

Биылғы облыс әкімінің халық алдындағы кездесуін дамыған байланыс жүйесінің арқасында аудан, ауыл тұрғындары көзбен көріп, құлақпен  естіп,  облыс әкімінің жеке қабылдауында отырғандай әсерде болды.

Ал өзім облыс әкімінің есебін аудандық Мәдениет үйінде онлайн режимінде көріп тыңдадым. Баяндамада біздің саламыз — білім беруге қатысты да біраз мәселелер қамтылды. Алдағы жылдары мектептер салынып, балабақшалар көбеймек. Балабақша тапшылығының мемлекеттік-жеке серіктестік жолымен шешіліп жатқаны қуантты. Бұрын кейіндеп келген бірсыпыра әлеуметтік мәселелердің сатылап жүзеге асырылып жатқанын білдік.

Балқия ҚОНАҚБАЕВА,

«Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі.

 Қарғалы ауданы.

 Жаңалықтарды естіп, қуандық

Әкімнің есебінде ірі өнеркәсіп салаларын дамыту жәйімен бірге, әлеуметтік маңызы бар мәселелер,  тұрмыстағы түйткілді тұстар кең қамтылды. Тұрғындардың қойған әр сауалы жауапсыз қалмады.

Әсіресе, 2019 жылы облыста үш ауысымды мектептердің болмайтыны жөніндегі хабар ұстаздар мен ата-аналардың көңіліне қуаныш ұялатты. Біздің ауданымызда да білім саласында игілікті істер атқарылды. Өткен жылы аудан орталығындағы №1 қазақ орта мектебіне, «Балдырған», «Аққайың» балабақшаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биылғы жазда Ақши ауылында жаңа мектептің іргетасы қаланғалы тұр. Сонымен қатар, облыс әкімінің  біздің ауданымыз арқылы өтетін Астана-Арқалық-Бейнеу автомобиль магистралы құрылысының басталатындығы жөніндегі айтқан жаңалығы аудан тұрғындарын айрықша қуантты.

 Болат БАЛДАНОВ, зейнеткер ұстаз.

Ырғыз ауданы.

 

Өңірлердің де ертеңі сөз болды

Облыс әкімінің есебімен аудандық Мәдениет үйінде 400-дей адам танысты.  Шұбарқұдық кентінің тұрғындарымен бірге, ауылдық округтердің әкімдері, аудан орталығындағы мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, кәсіпкерлер, ұстаздар қауымы түгел қатысты. Әкімнің есебін халық жақсы қабылдап отырды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға қайтарған жауабы да қонымды болды. Аймақтың даму қарқыны жоғары. Жыл ішінде көп жұмыстар атқарылған. Мұның шапағатын біздің ауданда көрді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көшелер асфальталып, 278 млн теңгенің жұмысы жасалды. Аудан орталығында 8 көшеге биыл асфальт төселмек, қазір қаржы бөлінді. Бұған қоса, мемлекеттік бағдарламамен салынатын 20 тұрғын үйге қаржы қарастырылған.

 Меңдіхан ӘДІЛХАНОВ,

аудандық «Темір» газетінің бас редакторы.

 

 

Мұратқа еңбек қана жеткізеді

Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың халық алдында берген есебін Шалқар қаласындағы Мәдениет үйі ғимаратында отырып тыңдадым. Аймақ басшысы атқарылған жұмыстар мен алға қойылып отырған мәселелер жөнінде халыққа түсінікті етіп, өте жатық тілде баяндап берді. Бұл тіпті халық пен билік арасындағы тамаша диалог болды деп айтуға болады. Облыс әкімінің қабылдауына сұранып жүрген қарапайым халық ауданда отырып-ақ көп нәрсеге қол жеткізіп, батасын берді.

Бүгінгі таңда жасым сексеннен асты. Әлі күнге шейін бақша, көкөніс дақылдарын егумен айналысып, соның  арқасында балаларым мен немерелерімді, яғни әулетімізді экологиялық таза өніммен толықтай қамтамасыз етіп келемін. Шалқар жеріне келген бір сапарында Бердібек Машбекұлы менің осы жұмысыммен танысып, егістік жерді одан әрі кеңейтуге кеңес берген болатын. Аудан басшысының көмегінің арқасында биыл сол тапсырманы орындап, бұйыртса, жылдағыдан да көп өнім өндіріп, аудан халқының едәуір бөлігін бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз еткелі отырмын.

Еткен еңбегімнің арқасында қазір еш нәрсеге мұқтаж емеспін, сондықтан мен өз басыма ештеңе сұрамаймын. Тек Шалқар қаласы халқының атынан айтар бір тілегім бар еді. Қазір қаламыз өсіп-өркендеу үстінде. Әйтсе де қаланың орталық көшелері асфальт төсеуді қажет етіп тұр. Облыс басшысынан осы мәселені шешу үшін қаржы бөлдіруге ықпал етуін сұрамақ едім.

 Мәжит ЖАҚЫПОВ,

«Есенай» шаруа қожалығының төрағасы.

Шалқар ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>