Басты бет » Мәселе » Педиатрия факультеттері жабылған он жылда бала дәрігері қызметінің сапасы төмендеп кетті

Педиатрия факультеттері жабылған он жылда бала дәрігері қызметінің сапасы төмендеп кетті

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде бала дәрігері тапшы. Мәселен, 2012 жылы он мың адамға 4 педиатрдан келсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 3-ке азайған. Ал 2012 жылы бес медициналық жоғары оқу орнында 742 бала дәрігері даярланса, 2013 жылы — 423, 2014 жылы 4 адам ғана педиатр  мамандығын алып шығыпты.

Он жылдық қателік

Маман тапшылығының орын алуына  педиатрия факультеттерінің жабылуы себеп болып отыр. Былтыр ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып тұрған сәтінде Иманғали Тасмағамбетов осы мәселені қозғаған болатын. Сәл шегініс жасасақ, 2007 жылы медициналық жоғары оқу орындары маман даярлаудың жаңа жүйесіне көшкен кезде педиатрия факультеттері жабылып, жалпы медицина факультетінің құрамына енген.  Ал педиатр мамандығын алып шығу үшін  резидентураны бітіру керек екен. Сол себепті оқу орнының түлектері бала дәрігері болуға құлшыныс танытпайтын көрінеді.

Ал биылдан бастап жабылған педиатрия факультеттері қайта ашылмақ. Бұл бастама ақтөбелік дәрігерлерді де қуантып отыр.  40 жылдан астам уақыт бала дәрігері болған, өңірге белгілі балалар неврологы, медицина ғылымның кандидаты Аманжол Тұяқбаев педиатрия факультеті ашылса, көмек көрсетуге дайын екенін айтады.

— Біздің қаладағы медицина университетінде педиатрия факультеті 1970 жылы ашылды. Соңғы он жылда факультет жабылып, педиатрлардың орнына жалпы тәжірибедегі дәрігерлер даярлана бастады. Бірақ оларды бұрынғы педиатрлар секілді оқытқан жоқ. Сол себепті олар  балаларда кездесетін орталық жүйке жүйесі, тыныс алу, ас қорыту жүйелерінің аурулары секілді күрделі сырқат түрлерін толық білмейді. Білмеген соң көпшілігі балаларды қараудан қашады, қорқады. Себебі бала дәрігері болу — өте үлкен жауапкершілік. Ол қай жерінің ауырып тұрғанын айта алмайды. Ал ауруды алғашқы белгілерінен-ақ танып-білетін маман болу үшін тереңдетіп оқу керек. Мәселен, біздің кезімізде жеті жыл бойы балалар ауруы  жан-жақты оқытылатын еді. Тіпті  баланы тамақтандыру, күтім жасау, жасына байланысты дәрі-дәрмек беру секілді барлық шаралар арнайы сабақ болып өтетін. Балаларға шұғыл көмек беруді үйретті.  Ал қазіргі  жалпы тәжірибедегі дәрігерлер бұның бірде-біреуін толық білмейді. Жүйелі меңгермегендіктен жұмыс істеуге қорқады. Осыдан кейін олар нақты дигноз қоя алмауы мүмкін.

Мен педиатрия факультеті жабылған кезде, бұл қате қадам екенін айтып үлкен мақала жаздым. Әрі кетсе он шақты жылдан соң қайта ашылатынын айтып едім. Сол болжамым  дәл келді. Енді жаңа кадрлар даярлап шығару үшін 7-8 жыл керек. Осылайша 15 жылға жуық уақытты бос өткізіп алдық , — дейді тәжірибелі дәрігер.
Оның айтуынша, педиатрия факультеттерін жабу шетелден алынған тәжірибе көрінеді. Алайда Германия секілді медицинасы дамыған елдер бұл тәжірибенің тиімсіз екенін бірден түсініп,  одан бас тартқан. Қазір бұл елде педиатрия факультеттеріне ерекше басымдық беріледі екен. Тіпті көрші Ресейдің өзінде бұл факультетті  жабу мүлде айтылмаған.

Ауру бала көп

Аманжол Тұяқбаевтың айтуынша,  факультет жабылғаннан кейін балаларда кездесетін көптеген аурулар зерттелмей қалған. Соның салдарынан қазіргі күні балалар арасында түрлі аурулар бас көтеріпті. Гастрит, қан аздық, жүйке жүйесі,  эндокринді жүйенің бұзылуы секілді бұрын кездесе бермейтін аурулар көбейген.

— Қазір балалар арасында бірінші кезекте  қан аздығы мен ас қорыту жүйесінің бұзылуы, екінші кезекте жүйке жүйесі ауруы көп. Ас қорыту жүйесінің бұзылуы тамақтандыруға байланысты. Қазіргі аналардың көпшілігі баланы емізбейді. Себебі —  сүті аз, аурушаң. Жас аналар жүктілікті жоспарлап, өз денсаулығына көңіл бөлмейді. Менің алдыма келетін аналардың тоқсан пайызының дені сау емес. Бірінің бүйрегі ауырса, екіншісінің қаны аз. Кеше бір жас ана келді, баласы аурушаң, өзінің гемоглобині алпыстан аспайды. Ал бұндай ауру анадан сау ұрпақ өмірге келмейді. Қазір жағдай басқа, бірінші денсаулықты күту керек. Әсіресе жүктіліктің кезінде әрбір ана өзіне қарағаны дұрыс. Тұмау секілді вирусты аурулардан сақтанғаны жөн, — дейді дәрігер.

Сондай-ақ қазіргі күні балалар арасында тыныс алу жолдары мен пародонтоз секілді тіс аурулары көп. Туабітті ақау көбейген. Өмірге мүгедек болып келетін балалардың да саны артқан. Дәрігер осының барлығы қазіргі экологиялық жағдай мен дұрыс тамақтанбаудың салдары екенін айтады.

Балалар асханасы неге жоқ?

Дәрігердің айтуынша, аурудың 70 пайызы ішкен асқа байланысты. Ал қазір елімізде балаларға арналған тағамның түрі аз. Аманжол Тұяқбаевтың айтуынша, ілгеріде балаларға арналған асханалар мен арнайы сүт дүкендері болыпты. Бұл жерде ірімшік және жаңа туған сәбилерге арналған сүттер тегін берілген.

— Қазір тегін берілмек түгілі қалада балалар асханасы жоқ. Мектептердегі асханаларда да бала денсаулығына пайдалы құнарлы ас әзірленбейді. Қазір құрамында жасанды қоспалары бар тағамдар көбейді. Дүкенге кірсең,  балаға қандай тағам аларыңды білмейсің. Ал табиғи тағам ішпеген баланың ас қорыту жүйесі бұзылады. Асқазан, өт жолдарының ауруы осыдан пайда болады. Қазір сәбилерге арналған сүт шетелден келеді. Ал біздің халықтың ішіп, жеп өскені басқа, сондықтан өзге елдің өніміне ағзамыз дайын емес,  — дейді Аманжол Тұяқбаев.

Оның айтуынша, бұрын балалар  табиғи тамақ ішіп, яғни қаймақ пен май, ет жеп өскендіктен аса ауыр сырқаттарға шалдықпаған. Әрі ауа мен судың тазалығы да бала денсаулығының мықты болуына әсер еткен.  Ал қазір экологиялық жағдайдың бұзылуы ұрпақтың денсаулығына зиянын тигізіп отыр. Сондай-ақ бұған компьютер мене телефондағы түрлі ойындарды да қосуға болады. «Тоқсаныншы жылдардан кейін өмірге келген ұрпақтың денсаулығы жоқ», — дейді дәрігер.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>